"7-20-25": Павлодар көштің соңында

Фархат Әміренов Фархат Әміренов
12231

Тұрғын үй бағдарламасына қатысуға өтініш берген әрбір екінші павлодарлықтың құжаты кері қайтарылған. 

"7-20-25": Павлодар көштің соңында

Қазақстан Ұлттық банкі Павлодар облыстық филиалының таратқан ресми мәліметтеріне сүйенсек, "7-20-25" бағдарламасы арқылы жалпы сомасы 4 млрд 452,8 млн теңге көлемінде қарыз алу үшін жергілікті тұрғындардан 623 өтініш қабылданған. Оның тек 344-і ғана мақұлданған. Яғни, 2 млрд 405,8 млн теңге көлеміндегі қарызды рәсімдеуге рұқсат берілген. Демек, бағдарламаға қатысуға берілген әрбір екінші өтінішке оң жауап берілмеген деген сөз. Бұл 2020 жылдың 23 қаңтарындағы статистикалық дерек. Одан бері бір аптадан аса уақыт өтті. Бұл аралықта анау айтқандай өзгерістер орын алмағаны анық.

"Nur Otan" партиясы Павлодар облыстық филиалы партиялық бақылау комиссиясының төрағасы Олег Костенконың айтуынша, біздің өңір "7-20-25" бағдарламасын жүзеге асыру жағынан республика бойынша соңғы орында келеді. Дәлірек айтсақ, төменнен жоғары қарай санағанда үшінші орында тұр.

Бүгінде жеңілдетілген ипотекалық бағдарламаға екінші деңгейлі 8 банк қатысуда. Мемлекет ұсынып отырған талаптар жергілікті тұрғындарға тиімді болғанымен, олардың өтініштеріне теріс жауап келуде. Әйтпесе, жылдық 7 пайыздық мөлшерлемемен, 20 пайыздық бастапқы жарнамамен 25 жылға дейін ипотека рәсімдеуге ниеттілердің қатары қалың.

"Біз бұл мәселені саралап көрдік. Сөйтсек, көп адамға бастапқы жарна кедергі келтіреді екен. Бұл ретте, жергілікті атқарушы органдар өңір тұрғындарына 37 сертификат беріпті. Осының нәтижесінде олар бастапқы жарнаны төлеуге мүмкіндік алып, бағдарламаға қатысады", – деді Олег Костенко.

Белгілі болғандай, бағдарламаға қатысушылар көп жағдайда төлем қабілеттілігін растай алмайды. Өйткені, алып отырған еңбекақылары бағдарлама талаптарына сай келмейді. Сол себепті әрбір екінші өтініш мақұлданбай отыр. Тек, бірнеше жағдайда ғана өтініш берушілерге теріс жауап берілген. Яғни, олардың мойнында төленбеген кредит немесе жылжымайтын мүлік бары анықталған.

"Баспана" ипотекалық ұйымының мәліметтеріне сүйенсек, 2019 жылдың алдын ала қорытындылары бойынша "7-20-25" және "Баспана Хит" бағдарламалары бойынша 25 338 отбасы ипотекаға үй рәсімдеген. Оларға 228,8 млрд теңге көлемінде қарыз берілген. Баспаналы болғандардың 9 732-сі Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларының тұрғындары. Қалғаны, яғни 15 606-сы еліміздің өзге өңірінен. Өңірлер арасында бағдарламаны жүзеге асыру бойынша Шығыс Қазақстан, Қарағанды және Ақтөбе облыстары көш бастап тұр.  

Еске сала кетейік, "7-20-25" бағдарламасын Қазақстанның Ұлттық банкі әзірлеген болатын. Оның соңынан "Баспана Хит" бағдарламасы іске қосылды. Жалпы, аталған екі бағдарлама қолға алынғалы бері шамамен 30 мыңдай отбасы қоныс тойын тойлаған. 

Фархат Әміренов

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу