Бұл туралы Үкіметтің бүгінгі отырысында Ұлттық банктің төрағасы Данияр Ақышев мәлімдеді.
"7-20-25" бағдарламасы сияқты халықтың отандық автокөліктерді сатып алуға кредит беру бағдарламасын әзірлеуге дайынбыз. Бұл ұсынысты мемлекеттік органдармен және банктермен бірінші жартыжылдықта пысықтаймыз. Бағдарламаны екінші жартыжылдықта іске қосуға әзірміз", – деді бас банкир.
Еске сала кетейік, 30 қаңтарда өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында Ұлттық банк төрағасы жеңілдетілген автонесиелеу бағдарламасын іске қосуды ұсынған еді.
Отандық мамандардың пікірінше, жеңілдетілген автонесиелеу бағдарламасы нарықтағы көліктерді "жасартуға" үлес қоспақ. Себебі, қайталама нарықтағы қолданылғанына 20 жылдан асқан көліктердің үлесі азаймай отыр. Мәселен, 2019 жылдың қаңтарында 20 жылдан астам уақыт бойы қолданылып келе жатқан көліктердің үлесі 43,5 пайызды құраған. Бір жыл бұрынғы көрсеткіш бұдан әлдеқайда төмен (38,1 пайыз) еді.
Сондай-ақ жаңа бағдарлама отандық автоөндірісті одан әрі дамытуға жол ашады деген болжам бар. Мәселен, былтыр ел аумағында 206 млрд теңгеге 32 298 көлік құралы өндірілген. Жаңа бағдарлама іске қосылған соң бұл көрсеткіш айтарлықтай ұлғаюы мүмкін.
Өткен жылы құрастырылған көліктердің 29 931-і сатылған. Бұл 2017 жылғы көрсеткіштен (19 007) 57,5 пайызға көп.
2018 жылы ел тұрғындары отандық автокөліктерді сатып алуға 182,5 млрд теңге жұмсаған. Сондай-ақ былтыр мемлекеттік жеңілдетілген автонесиелеу бағдарламасы аясында 3 252 көлік сатылған.
Өткен жылы қазақстандықтар 27 180 техниканы утилизацияға өткізген.
"ҚазАвтоӨндіріс" Қазақстан автомобиль саласы кәсіпорындары одағының мәліметінше, 2019 жылдың қаңтар айында елімізде 109 076 көлік құралы әкімшілік полиция органдарына тіркелген. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 38,2 пайызға көп.
"102 849 көлік құралы қайта тіркелген, яғни иелері ауысқан. Ал 6 227 көлік құралы әкімшілік полиция органдарына алғаш рет тіркеліп отыр. Қаңтар айында есепке алынған көліктердің үштен екісінің қолданыста жүргеніне 10 жылдан асқан. 20 жылдан астам уақыт бойы қолданыста жүрген көліктердің саны – 44 788", – делінген одақтың ресми хабарламасында.
Фархат Әміренов