Ұлттық экономика министрлігінің болжамынша, биыл қаңтар айында басталған салық рақымшылығына шағын және орта бизнестің 90 077 нысаны ілінеді Салық төлеушілердің 31 210-ы заңды, 58 867-сі жеке тұлға болуы мүмкін.
Айта кетейік, ШОБ өкілдері қазынаға салық түрінде 340,6 млрд теңге қарыз. Көрсетілген сома жыл соңына дейін өтелетін болса, кәсіпкерлерге айыпұл салынбайды және олар өсімпұл төлемейді.
Негізгі қарыздарын өтеген ШОБ өкілдеріне мемлекеттік кірістер органдарына хабарласып, айыпұл мен өсімпұл төлемеу туралы өтініш жазудың қажеті жоқ. Айыпұл мен өсімпұл автоматты түрде жойылады. Бұл заң қарызын кейінге шегерген салық төлеушілерге ғана қолданылмайды.
Осыдан бір апта бұрынғы ресми дерекке жүгінсек, ел бойынша 33 121 салық төлеуші 2018 жылдың 1 қазанынан бергі 7,3 млрд теңге қарызын қайтарған.
Мемлекет олардың 1,6 млрд теңге өсімпұлы мен 208 млн теңге айыппұлын қарыз есебінен алып тастайтын болды.
Бұл туралы премьер-министрдің бірінші орынбасары-қаржы министрі Әлихан Смаилов: "Салық рақымшылығы еліміздің бизнес-климаты мен іскерлік атмосферасын жақсарту және ШОБ өкілдеріне қарыздарын қайтару мүмкіндігін беру үшін жасалып отыр. Біз кәсіпкерлерді қолдауға, оларға жағдай жасауға тиіспіз. Себебі олар қазына қаржысын еселеп отырады", – деді.
Қанат Махамбет