Қазақстанда жол бойындағы дәретханалардың 761-сі ескі. Бұл туралы Көлік министрі Марат Қарабаев Үкімет отырысынан кейінгі брифингте айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
"Елде ескі тәсілмен салынған суық дәретханалардың саны – 761 бірлік. Олардың барлығы жолдарды реконструкциялау немесе жөндеу кезінде кезең-кезеңімен демонтаждалып, орнына жылы, жаңа дәретханалар қойылып жатыр. Осы күнге дейін 108 дәретхана қойылды. Биыл қосымша тағы 48 дәретхана қойылатын болады. Басты мәселе жолдардың арақашықтығы үлкен, сосын оның қасында ешқандай елдімекен жоқ, оны күтіп-ұстау қажет. Күтіп-ұстау мәселесін шешу үшін дәретханаларды көбірек жанармай ауыстыру бекеттерінің ішінде немесе жолдың бойындағы туристік нысандардың аумағында немесе жергілікті нысандардың аумағында орналастыруды пысықтап жатырмыз", - деді министр тілшілердің сауалуаны берген жауабында.
Сөзінше, жол маңындағы сервистік нысандар жоқ жерлерде бюджеттің есебінен қосымша дәретханалар орналастырып жатыр.
"Бір дәретхананы күтіп-ұстайтын адамға 300 мың теңге төлеп отырмыз. Бірақ бұл да жетпейді. Өйткені ол 24 сағат істеуі керек, бұл дегеніміз 2 кісі екі кезекшілікте істеуі керек. Сонда бір адамның басына 150 мың теңгеден. Екі кісі 150 мың теңгеден бөліп отыр", - деп жалғастырды спикер.
Тілшілер бір дәретхананы орнатуға қанша қаржы жұмсалады деп нақтылады.
"Бұл арақашықтыққа, аумағына, көлеміне байланысты. Қазіргі баға 8 млн теңгеден 18 млн теңгеге дейін", - деп қысқа қайырды Көлік министрі.