8 өңірде коммуналдық қызмет ақысы қымбаттап кетті

Бауыржан Мұқан Бауыржан Мұқан
3882

Бірқатар өңір коммуналдық қызметті арзандату туралы бұйрықты орындамай отыр.

8 өңірде коммуналдық қызмет ақысы қымбаттап кетті

Ұлттық экономика министрлігінің статистика комитетінің мәліметінше, биылғы жылдың бірінші маусымының қорытындысы бойынша, республика бойынша коммуналды қызметтің орташа бағасы өткен жылдың бірінші маусымымен салыстырғанда арзандады. Нақтырақ айтқанда, су, электр қуаты, газ бен жылыту тарифтері 1,7% төмендеді. Ал өткен жылы көрсеткіш керісінше 8,1% қымбаттаған еді.

Естеріңізде болса, өткен жылдың соңында Нұрсұлтан Назарбаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында коммуналды қызмет ақысын жаппай арзандатуды тапсырып, сала монополистерін сынаған еді.

Елбасы тапсырмасы өңірлерде дереу ақпараттық қолдау тапқанымен, іс жүзінде жергілікті әкімдіктердің саладағы монополистерге сөзі өтпей отырған секілді. Өйткені, бағаның жалпы республика бойынша орташа құны арзандағанымен, 8 өңірде қызмет ақысы керісінше қымбаттап кеткен екен. Соның ішінде Павлодар облысында коммунал қызмет құны бір жылда 2,7%, Қостанай облысында – 2,2%, Шығыс Қазақстан облысында 1,9% қымбаттаған.

Сонымен қатар Батыс Қазақстан облысында – 1,4%, Солтүстік Қазақстан облысында – 0,9%, Қызылорда облысында – 0,8%, Қарағанды облысында – 0,5% және Түркістан облысында 0,4% қымбаттап отыр.

Ал Елбасының бұйрығын лайықты орындаған өңірлердің көш басында Алматы облысы мен Ақмола облысы. Бұл екі облыстағы коммуналды қызмет ақысы былтырғы үш айдың көрсеткішімен салыстырғанда тиісінше 7,5% және 5,5% арзандаған екен. Одан кейін Жамбыл мен Маңғыстау облысында және Нұр-Cұлтан қаласында коммуналды қызмет ақысы 2,9% арзандаса, Шымкент қаласында – 2,7%, Алматы қаласында – 2,2%, Ақтөбе облысында – 1,8%, Атырау облысында 1,7% арзандапты. 

Ал коммуналдық қызмет түрлеріне жекелей тоқталар болсақ, статистика комитетінің мәліметінше, республика бойынша, үйді күтіп-ұстау ақысы 1,2%, үйді жалға беру құны – 4,9%, үйді жөндеу – 4,4%, қоқыс шығару 8,4% қымбаттаса, суық су – 3,4%, ыстық су – 4,8%, кәріз жүйесі қызметі – 2,9%, электр энергиясы – 5%, орталық жылыту ақысы 8,8% арзандаған екен.

Бауыржан Мұқан

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу