8 отбасы үйіндінің астында қалуы мүмкін

3128

Әкімдік апаттық жағдайдағы үйді сүруге асығар емес. 

8 отбасы үйіндінің астында қалуы мүмкін

Павлодар қаласында Железнодорожная көшесі, 3 мекенжайында орналасқан тұрғын үй 2013 жылы апаттық жағдайда болып танылған еді, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.

Аталмыш мекенжайдағы екі қабатты үй осыдан 65 жыл бұрын уақытша баспана ретінде салынған болатын. 2013 жылы жүргізілген сараптама жұмыстары нәтижесінде баспананың 100% ескіргені туралы қорытынды жасалды. Тіпті, сараптама жүргізу барысында мамандардың бірі опырылуға дайын тұрған төбеден құлап, пәтер ішіне бір-ақ түскен еді. Соған қарамастан, жергілікті билік баспананы назарға алуға асықпады. Осыдан төрт жыл бұрын тағы бір тәуелсіз сараптама жұмыстары жасалды. Оның қорытындысы да алғашқысы сияқты: апаттық жағдайдағы бұл үйде тұруға болмайды!

Бірақ мұндағы зейнеткерлер, балалары бар жас отбасылардың басқа барар тауы, басар жері жоқ. Сондықтан әлі күнге дейін қабырғасы сөгілуге шақ қалған пәтерлерді паналап отыр.

"1954 жылы салынған екіқабатты үйдің сырты да, іші де жөндеуге келмейді. Ағаштан салынған баспана солтүстіктің суығына шыдамайды. Аяз түссе болғаны үйдің ішінде жел гулеп, қабырғалары бірден мұздайды. Ал көктем мен жазда қатқан мұз еріп, қабырғалар көгеріп кетеді",  дейді Людмила Снегина.

Тұрғындардың айтуына қарағанда, көктемде подъезге кірудің өзі мұң. Төбеден аққан су жерге сіңбей, есік алдына жайылады. Сондықтан ағаш тақтайлар қойып, үйге кірудің амалын жасайды. Подъездің төбесі осыдан біраз уақыт бұрын опырылып түсіпті. Оны қайта орнына қоюға келмейді.

"Мұндай үйде өмір сүру мүмкін емес. Соңғы 10 жыл бойы әкімдікке мұңымызды шағып барып, талай табалдырықты тоздырғанымызбен, мәселенің шешілетін түрі жоқ. Осы аралықта үйді сүріп, орнына жаңасын салатын уақыт болды. Бірақ баяғы жартас сол жартас күйінде қалып отыр",  дейді тұрғын.

Павлодар қаласының әкімдігі апаттық жағдайдағы үйдің мәселесін жақсы білсе де әзірше нақты шараларды қолға алған жоқ. Тұрғындарды көшіру, ескі үйді сүруге қатысты жоспар да түзілмеген. Жұртшылық жергілікті билік шешім қабылдағанға дейін 8 отбасы үйіндінің астында қала ма деп қауіптенеді.

Ажар Дәулетова


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз ! 

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу