8-тур аяқталды. "Қайрат" алға озды

2160

Алматылық команда биыл чемпиондыққа сенімді қадам жасап келе жатыр. 

8-тур аяқталды. "Қайрат" алға озды

Бірінші жарыс күні Қарағанды қаласының "Шахтер" командасы "Таразбен" 1-1 тең түсті. Сосын, "Жетісу" "Оқжетпестен" басым түсті. Бұл матчта голды Қазақстан құрамасының қорғаушысы Олжас Керімжанов салды. Ал екінші жарыс күні үш матч ойналды. Оның алғашқысы Талғар қаласында өтті. Қазақстан құрамасының оқу-жаттығу базасында болған матчта "Ордабасы" "Астанамен" кездесті. Ойынның бірінші тайма голсыз өтті. Қос команда гол салатын мүмкіндіктер де жасай алмады. 

Ал екінші таймда төреші Анатолий Вишниченко пенальти белгіледі. "Ордабасы" қорғаушысы Андрей Шабаев Барсегянды шалды. Алайда, кейіннен анықталғандай бұл жерде Тигран Барсегян айып алаңының сыртында құлапты. Яғни, бұл эпизодта пенальти белгілеу қате болған. Десе де, елордалық команда Рунар-Мар Сигурьонссонның арқасында есеп ашты. Исландиядан келген жартылай қорғаушы 11-метрліктен мүлт кетпеді. Араға 7 минут салып "Ордабасы" ойыншылары тағы да ойын тәртібін бұзды. Бұл жердегі пеналти еш дау-дамайсыз дұрыс тағайындалды. Оны да голға айналдырған Сигурьонссон ішкі біріншіліктегі 5-голын салып үздік сұрмергендер көшінде топ бастады.

Ал матчтың 7-минутында бразилиялық ойыншы Жоау Паулу есеп айырмасын қысқартты. Ол Урош Радаковичті алдап өтіп, Эричті қапыда қалдырды. Шымкенттік команда одан кейін де шабуылдап көрді. Бірақ, таразы басын теңестіре алмады. "Астана" бас бапкері болып тағайындалған Пол Эшуорт алғашқы жеңісіне қол жеткізді. 

Ал одан кейін ойналған "Тобыл" - "Қызылжар" кездесуі мамандар күткендей өтті. Қостанай қаласының клубы анық фаворит екенін іс жүзінде дәлелдеді. Дмитрий Мирошниченко мен Азат Нұрғалиевтің голдары "Тобылға" жеңіс сыйлады. "Қызылжар" чемпионаттың анық аутсайдері екенін мойындаған да шығар. 

Ал соңғы матч "Орталық" стадионда өтті. "Қайрат" "Қайсарды" қабылдады. Қызылордалық команда бірінші болып гол салды да, "Қайратты" қиын жағдайға түсірді. "Қасқырлар" сапынан Элгуджа Лобжанидзе көзге түсті. Екінші таймда тайлы тұяғымен шабуылға шыққан алматылықтар әрең дегенде таразы басын теңестірді. Гол авторы - Айбол Әбікен. Ал ойынның соңғы минутында алаңға алмасып енген Адеринсоло Эссеола жеңісті голды салып, Ғафұржан Сүйімбаевтың пасын асисстке айналдырды. "Қайрат" чемпиондыққа сенімді қадам жасап келе жатыр.   

Ермұхамед Мәулен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу