8 жылға созылған Алпысбаевтың ісіне әлі нүкте қойылмай келеді

2101

Қоғам назары 2014 жылы сотты болған ҰҚК экс-майоры Айдын Алпысбаевтың ісіне қайта ауды. 9 тамызда оның ісіне байланысты аппеляциялық сот отырысы өткізіліп, түпкілікті шешім қабылдауы керек болған. Алайда белгісіз себеппен сот отырысы белгіленбеген мерзімге ұзартылды, деп хабарлайды inbusiness.kz.

8 жылға созылған Алпысбаевтың ісіне әлі нүкте қойылмай келеді

БӘРІ КҮТКЕН 9 ТАМЫЗ

Еске сала кетсек, Айдын Алпысбаев, Сергей Логвиненко мен Мұрат Хасеновке 2014 жылдың 30 наурызында Кудин атты азаматқа қастандық жасады деген айып тағылған болатын. Соңғы екеуі тергеуде Кудинді өлтіруге Алпысбаевтың тапсырыс бергенін айтып жауап берген. Іс бойынша Кудинге үш рет оқ атылған-мыс (біреуі басына), алайда Кудиннің бағына орай оқ оған дарымай, денсаулығына ешқандай зиян келмеген. Сот отырысында оқтың гильзасына байланысты да қаншама дау болған еді. 2015 жылдың наурызында ақыры Айдын Алпысбаев 14 жылға сотталып кеткен.

Алайда ол қайта-қайта аппеляцияға беріп, іс 8 жыл бойы қаралды. Осы уақыт аралығында Айдын Алпысбаев қамауда болып, өзінің кінәсіздігін, тағылған айыптың ақылға сыймайтынын дәлелдемек болған. Осы жылдың маусымында тағайындалған алқа билердің үшінші құрамы оларды ақтау жөнінде шешім шығарған. Алпысбаевпен бірге Сергей Логвиненко мен Мұрат Хасенов те ақталып шықты.

Тараптардың бәрі тыңдалып болғаннан кейін Ғалымжан Насырдиннің төрағалығындағы аппеляциялық коллегия 2022 жылдың 9 тамызына отырысты белгілеген. Дәл сол күні олар Айдын Алпысбаевтың ісі бойынша түпкілікті шешім шығаруы керек болған. Алайда ең соңғы мезетте отырыстың кенет өтпейтіні белгілі болды. Соттың хатшысы оның себебін білмейді, ал қатысушыларды сот отырысына кіргізбеген.

Ендігі кезекте аппеляциялық сот жауапқа тартылған адамдардың тағдырын шешеді.

БІРАҚ...

Sotreport.kz ақпарат көзінің хабарлауынша, аппеляциялық коллегия іс бойынша үкім шығаруды белгісіз мерзімге ысырған. Ол туралы сот хатшысы сот енді басталады-ау деген мезетте хабарлаған. Оған не себеп болғаны түсініксіз.

Маусым айында Ақмола әскери гарнизонының прокуроры Серік Төреханов ҰҚК экс-майорын ақтау жөнінде арыз берген. Үкімді құзыретсіз алқа билер шығарды деген шешімге келген ол талабында үкімнің күшін жою керектігін көрсеткен. Прокурор Серік Төреханов сотта Алпысбаевтың сотта дәлел келтіру құқығы шектелгенін жеке атап өтеді.

БАЯҒЫ ЖАРТАС СОЛ ЖАРТАС?

Бұл іс жөнінде кезінде өзі де сотталған белгілі бизнесмен, елге танымал Мұхтар Жәкішев әлеуметтік желіде пікір білдіріпті.

"Еліміздің сот жүйесін реформалауды жалғастыру турасында Арманжан Байтасовқа берген сұхбатымда Айдын Алпысбаевқа қатысты жайды баяндадым. Оны алқабилер соты қылмысы жоқ болғандықтан үш рет те ақтаған болатын. Бұл іс – Жаңа Қазақстандағы сот жүйесінің өзгерісін көрсететін тағы бір индикатор. Бүгін Айдыннан алған ақпаратқа сай, "баяғы жартас – сол жартас", ЕШТЕҢЕ де өзгермеген! Қоғамның үміті мен жүйенің өзгеруі арасында еш байланыс болып тұрған жоқ", – деп жазады ол.

Ал журналист Михаил Козачков өзінің телеграм-арнасында Алпысбаевтың бір видеосын бөлісті.

Журналистің жазуынша, ол видеода "Алпысбаев елордадағы Әскери сотта кабинеттерді аралап жүрген Каировты түсіріп алған".

"Алпысбаевты 2015 жылы кінәлі деп тапқан. Алқа билер бұл шешімді судья Асқар Каировтың қысымымен шығарған. Мен ол туралы "Время" газетіне жазғанмын. Алқа отырысына қатысушылар кінәсіз адамды ақтағысы келген. Алайда судья қайта дауыс беруге мәжбүрлеген. Бірақ әділет бәрібір орнады. 2021 жылы үкім күшін жойды. Ал 2022 жылы алқа билердің жаңа құрамы Алпысбаевты кінәсіз деп тапты. Әскери прокурорлар қайта шағым білдіріп, аппеляция оны жұмысқа қабылдады. Алайда... Дәл осы кезде бәрі тоқтап қалды", – дейді ол.

Журналист істің бұлай тоқтап қалуына байланысты өз нұсқасын келтіріп, іске Каиров қайтадан араласып отыр деп есептейді.

"Егер ақтау үкімі заңды күшіне енсе, оған қатысты қылмыстық қудалау басталуы мүмкін. Өзі де сотталып кетуі ықтимал", – дейді Козачков.

Белгіленбеген мерзімге дейін созылған сот отырысына нүкте әлі қойылған жоқ...

Аян Бекенұлы

Фото: Мұхтар Жәкішевтің парақшасынан

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу