80 мың оқушыны тамақтандыруға 4 млрд теңге бөлінеді

3994

Әр оқушыға күніне 355 теңге жұмсалады.

80 мың оқушыны тамақтандыруға 4 млрд теңге бөлінеді

Астана қалалық білім басқармасының басшысы Әнуар Жанғозин қомақты қаржы елордадағы 85 мектептің асханасын азық-түлікпен қамтамасыз етіп отырған 26 тасымалдаушыға тиісінше үлестірілетінін мәлімдеді. Оның сөзінше, бұл ақшаның әр тиыны қатаң қадағалауда болады, ал көрсетілетін қызмет пен азық-түлік сапасына ерекше талап қойылады.

"Бұған дейін жүргізілген тексеру қорытындысында қоғамдық денсаулық сақтау департаменті мен ведомствоаралық сараптама тобы 14 мектепке сапасыз қызмет көрсеткен тасымалдаушылармен келісімшартты бұзды. Жақында жаңа тасымалдаушыларды анықтау үшін байқау жарияланады. Дәл осындай жұмыс басқа мектептерде де жүргізіліп жатыр. Біз қоғамдық денсаулық сақтау департаментімен бірлесіп өткізген тексерістен соң бірқатар мектептерге ескерту жасадық. Алдағы уақытта олар жаңа тасымалдаушы іздейді", – деді білім басқармасының басшысы.

Әнуар Жанғозиннің мәлімдеуінше, мектеп асханаларын тексеру ісіне ата-аналар кеңесі мен қала тұрғындары белсене қатысқан.

"Азық-түлік өнімдерін тасымалдаушыларды анықтау жұмысын реттейтін білім және ғылым министрлігінің №717 бұйрығына өзгеріс енгізілді. Соған сәйкес, біз бұрынғыдай әр мектеп немесе әр директор жеке-жеке байқау  жариялайтын әдістен бас тарттық. Жаңа ереже бойынша, бірнеше мектеп лоттарға біріктіріліп, бәсекеге қабілетті тасымалдаушыны анықтайды. Бұл бір тасымалдаушы бірнеше мектепке қызмет көрсету құқығына ие болады деген сөз. Жаңа ереже мемлекет-жекеменшік әріптестігі арқылы бәсекелестікті арттыру мүмкіндігін белгіледі. Болашақта оқушыларды тамақтандыруды орталықтандырылған тамақ комбинаты арқылы жүзеге асыру көзделіп отыр", – деді ол.

Сөз арасында білім басқармасының басшысы 2019 жылдан бастап мектеп оқушыларына ұсынылатын ас қазақ тағамтану академиясы мақұлдаған жаңа  мәзір бойынша берілетінін айтты.

"Алдағы айдан бастап Астананың 41 мектебінің, кейін қалған білім ордаларының оқушыларына тағам жаңа ас мәзірі бойынша ұсынылады. Әр оқушыға күніне 355 теңге жұмсалады. Жаңа оқу жылында жергілікті бюджеттен 4 млрд теңге бөлінеді. Осы ақшаға 80 мың оқушы жыл бойы тамақтанады", – деп қорытты сөзін Әнуар Жанғозин.

Қанат Махамбет

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу