800 әкімнің сайлауына 4,8 млрд теңге бөлінді

1694

Ұлттық экономика вице-министрі Әлішер Әбдіқадыров мәжіліс депутаттарына "Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы" Конституциялық заңға енгізілетін өзгерістер мен толықтыруларды таныстырғанда алдағы уақытта жүзеге асыру жоспарланып отырған бірқатар жаңашылдықты жеткізді.  

800 әкімнің сайлауына 4,8 млрд теңге бөлінді

Вице-министр әкім сайлауын Орталық сайлау комиссиясы қаржыландыратынын, ауыл әкімдері қандай жағдайда қызметінен босатылатынын сондай-ақ саяси партияларға әкім сайлауына үміткер ұсыну құқығы берілетінін баяндады, деп хабарлайды inbussines.kz тілшісі.

Әлішер Әбдіқадыров аудандық маңыздағы қалалардың, ауылдар мен кенттердің, ауылдық округтердің әкімін тікелей сайлау жергілікті бюджет есебінен қаржыландырылатынын нақтылай келіп, бюджет кодексінің жергілікті бюджеттің шығынын міндетті өтеу туралы нормасына сәйкес, алдағы 2 жылда, яғни 2021-2022 жылдар аралығында әкім сайлауына

Орталық сайлау комиссиясынан қаржы бөлінетінін жариялады.

"Бұл шығын 2023 жылдан бастап жергілікті бюджет шығынының тізбесіне қосылып, жалпы сипаттаға трансферттің қатарына енгізіледі", – деді ол.

Вице-министрдің айтуынша, әкім сайлауын өткізуге шамамен 17,6 млн теңге жұмсалады.

"Биыл 800-ден астам әкім сайлауына 4,8 млрд теңге бөлінді", – деді Әлішер Әбдіқадыров.

Вице-министр "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне сайлау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" ілеспе заң жобасы "Жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы", "Мемлекеттік қызмет туралы" және "Саяси партиялар туралы" заңдарға 20 түзету енгізуді көздейтінін мәлімдеді.

Оның сөзінше, "Жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" заңға енгізілетін өзгеріс әкімдердің ел алдындағы жауапкершілігін арттырады.

Әлішер Әбдіқадыров ауыл әкімдері қандай жағдайда қызметінен босатылатынын былай баяндады: "Әкімді партия ұсынған болса, партия мүшелігінен шығарылған жағдайда; мәслихат сенімсіздік білдірген жағдайда, оның ішінде жергілікті қауымдастықтың жиыны тиісті шешім шығарған жағдайда, мемлекеттік қызмет туралы заңның өзге де негіздемелері бойынша, яғни сот шемімімен немесе өз еркімен қызметтен кеткенде және азаматтығынан айырылған жағдайда әкімдер лауазымынан шеттетіледі", – деді.

Айтпақшы, министрдің орынбасары жергілікті мәслихат депутаттарының құзыреті туралы да сөз қозғады.

"Жергілікті мәслихат депутаттарына ауыл әкімінің әрекетін тәртіптік кеңесте қарау өкілетін беру қарастырылып отыр", – деді Әлішер Әбдіқадыров.

Бұдан кейін ол саяси партияларға әкім сайлауына үміткер ұсыну құқығы беру үшін "Саяси партиялар туралы" заңның жарғысына түзету енгізілетініне назар аударды.

"Мемлеттік қызмет туралы" заңға енгізілетін өзгертулер аудандық маңыздағы қалалардың, кент пен ауылдың, ауылдық округтердің әкімдерін ротациялау мен аттестаттау, тәртіптік әрекеті үшін лауазымын төмендету және өндіріп алу шарасын қамтиды. Ал "Саяси партиялар туралы" заңға саяси партиялардың ауыл әкіміне үміткерлерді ұсыну құқығы мен міндеті туралы жарғыны толықтыра отырып түзету енгізіледі", – деді Әлішер Әбдіқадыров.

Қанат Махамбет

________________________________________________________________________

Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз!  

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу