9,5 мың шақырым автожолды жөндеуге бюджеттен 680 млрд теңге бөлінеді

13970

Биыл 5 700 шақырым автожолға төлем алу жүйесі орнатылады. 

9,5 мың шақырым автожолды жөндеуге бюджеттен 680 млрд теңге бөлінеді

Үкімет отырысында 2020-2025 жылдарға арналған "Нұрлы жол" инфрақұрылымды дамыту мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру барысы баяндалды. 

"Өткен жылғы 31 желтоқсанда үкімет қаулысымен 2020-2025 жылдарға арналған "Нұрлы жол" инфрақұрылымды дамыту мемлекеттік бағдарламасы бекітілді. Бағдарламаға тиімді және бәсекеге қабілетті көлік инфқрақұрылымын құру, транзиттік және көлік қызметтерін дамыту сонымен қатар технологиялық және институционалдық ортаны жетілдіру міндеті жүктелді. Мемлекеттік бағдарламада жалпы сомасы 5,5 трлн теңгені құрайтын 112 инфрақұрылымдық жобаны іске асыру қарастырылған", – деді үкіметте баяндама жасағанда Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов.  

Оның сөзінше, 2025 жылға дейінгі стратегиялық жоспарға сәйкес, мемлекеттік бағдарламада көлік инфрақұрылымын дамыту бойынша негізгі индикаторлар мен көрсеткіштер анықталған. Алдағы 6 жылда 10 мың шақырым жолдың құрылысы мен қайта жаңғыртылуы сонымен қатар республикалық желідегі 11 мың автомобиль жолын күрделі және орташа жөндеу жоспарланған. 

"Автокөлік саласын қаржыландырудың жалпы көлем 3, 5 трлн теңгені құрайды. Республикалық маңызы бар автожолдардың жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы үлесі 100% жеткізіледі. Бірінші және екінші техникалық санаттағы жолдардың ұзындығы – 60%, ақылы жолдардың үлесі – 45% ұлғаяды. Жол бойы 100% қызмет көрсететін нысандармен қамтамасыз етіледі", – деді министр.

Бейбіт Атамқұловтың айтуынша, бүгінгі таңда автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы 95 мың шақырымды құрайды. Оның ішінде республикалық желі 24 700  шақырым. Мұның 88% немесе 21 700 шақырымы жақсы және қанағаттанарлық жол. Жергілікті жерлердегі жолдардың 50 мың шақырымы жақсы және қанағаттанарлық жағдайда. 

"Елдімекендердегі көшелердің ұзындығы 72 мың шақырым. Биыл автожол саласындағы республикалық және жергілікті маңызы бар 9,5 мың шақырым жол жөнделеді. Бұған бюджеттен 680 млрд теңге бөлінеді. Оның ішінде республикалық желіге – 421 млрд, жергілікті желіге – 259 млрд теңге жұмсалады.

Республикалық желі бойынша, 4 мың шақырым автожол салынып, қайта жаңартылады. Күрделі және орташа жөндеу жұмысымен 1 500 шақырым жол қамтылады. Жыл соңына дейін 5 700 шақырым жолға төлем алу жүйесі орнатылады. 158 қызмет көрсету нысаны ұлттық стандарт талаптарына сәйкестендіріліп, санитарлық-гигиеналық қондырғылармен қамтамасыз етілген 23 жаңа жанарма құю станциясы салынады. Жыл қорытындысы бойынша республикалық және жергілікті маңызы бар жолдарда жақсы және  қанағаттанарлық жағдайдағы жолдардың үлесін 89 және 75% ұлғайту жоспарланған. Жыл қорытындысы бойынша ұзындығы 2 600 шақырымды құрайтын автожол учаскелерінде жол қозғалысына рұқсат беріледі", – деді министр.

Оның мәлімдеуінше, 2025 жылға дейін 27 мың шақырымнан астам жергілікті жол жөнделеді. Нәтижесінде облыстық және аудандық маңызы бар жолдардың 90% жақсы және қанағаттанарлық  жағдайға жетеді. 
"Биыл бұл  мақсатқа 259 млрд теңге жұмсалады. Оның ішінде облыстық және аудандық маңызы бар жолдарға 201 млрд 4 млн, республикалық маңызы бар қалалардың көше жолдарының желісіне 52 млрд 9 млн, Нұр-Сұлтан, Алматы қалаларының жер учаскелерін сатып алуға 4,1 млрд теңге көзделген. Жыл соңына дейін 4 мың шақырым жол жөнделеді. 31 мың адам 350 жол жобасын іске асырады", – деді Бейбіт Атамқұлов. 

Қанат Махамбет

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу