Абай облысында 160 бала ескі дүкен ғимаратында оқып жатыр

1956

Спорт залы, акт бөлмесі мен асхана атымен жоқ. 

Абай облысында 160 бала ескі дүкен ғимаратында оқып жатыр

Абай облысындағы Ақтоғай кентінде бастауыш сыныптағы 160 бала аядай үш бөлмеде оқиды, деп жазады inbusiness.kz тілшісі. Оның өзі бұрын дүкен болған ғимарат.  Лездеме, жиналыс ені 1 метрге жетер-жетпес кіре берісте өтеді. 
 

"Мектебіміз өте тар. Мынаны міне мұғалімдердің бөлмесі деп айтамыз. Өте кішкентай бөлме. Бір-екі адам ғана сияды. Балалардың киім ілетін жер жоқ. Кіре берісті киім шешетін орын етіп жасап қойдық. Стандартқа сай парта мен тақтаның арасы 2,5 метр болуы керек. Бізде олай емес. Балаларымыздың парталары бір-біріне жақын", –дейді мектеп директоры  Гүлзипа Кесікбаева. 

Ақтоғай жалпы орта мектебінде негізінен 413 оқушы бар. Бастауыштан бөлек, қалған 245 бала 8 жылдық мектептің ғимаратында білім алып жүр. Өткен жылы қаржы бөлініп, бастан аяқ жөнделген. Тар ғимаратты қанша сылап-сипағанмен талапқа сай келмейді. Дене шынықтыру үшін спорт залы шағын. Мәдени шараларды өткізетін орын мүлдем жоқ. 

"Аягөзге жарыстарға бардым. Олардың спорт залын көрген едім. Олардыкі өте үлкен. Біз ондай спорт залды тек телевизордан ғана көреміз", – дейді 9 сынып оқушысы Шыңғыс Қабидолла. 

Ал мектепке жапсарлас салына бастаған 400 балаға арналған білім ошағының құрылысы он жылдан бері тоқтап тұр.

Қабырғасын жауын-шашын шайып, іргетасы іри бастаған. Уақыт өте тіпті  жарамсыз болып қалған. Ашық-шашық жатқан нысан мал ықтайтын орынға айналыпты.  

Білім басқармасындағылар Ақтоғай мектебіндегі мәселені жақсы біледі. Бұл түйткіл бірер жылда шешіледі деп уәде беріп отыр.

"Мектеп Ақтоғай ауылынан салынатын болады. "Жайлы мектеп" жобасы аясында 300 орынға лайықталған. 2 млрд 900 мың теңге қарастырылған. 2024 жылы құрысы басталады деп жоспарлап отырмыз", – дейді  Абай облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Әсем Нускина 

Жалпы, Абай облысындағы мектептерде 6 мыңға жуық балаға орын керек.  Оның дені ауылдарда. Мәселені түбегейлі жою үшін 2025 жылға дейін "Жайлы мектеп" бағдарламасы аясында 11 білім ошағын салу жоспарланып отыр. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу