Абай облысындағы ауыл іргесіндегі орманды заңсыз отап тастаған

1437

500 түпке жуық ағаш "Семей Орманы" табиғи орман резерватының ерекше қорғалатын аумағынан кесілген.   

Абай облысындағы ауыл іргесіндегі орманды заңсыз отап тастаған Фото: inbusiness.kz

Абай облысындағы Құмкөл ауылының іргесінде жайқалып тұрған орман ағаштарын кесіп, егістік салған жер иесі онымен егістікті қоршаған. Мұндай бассыздыққа ауыл тұрғындары наразы. 100 гектардан астам алқапқа қада қылу үшін терек, тіпті мойыл, долана, бөріқарақат сынды сирек кездесетін жеміс аяғаштарын кесіп тастаған, деп жазады inbusiness.kz тілшісі  .  

Құмкөл тұрғындарының айтуынша, жердің негізгі иесі аудандық полиция бөліміндегі лауазымды басшы. Бірақ ол егін алқабын өткен жылы Қайырхан Китатов есімді малшының атынан рәсімдеп алған. Атынан ат үркетін бастықтың есімін қара халық атауға сескенеді, зияны тие ма деп қорқатын көрінеді.  

"Органда жұмыс істейтін мықты адам екенін жұр айтып жүр. Өзі жоқ ұстатпайды.  Іргеден 150 гектар жерді алып қоршап алған. Мал жайылатын жер жоқ", – дейді Құмкөл ауылының тұрғыны Әділбек Жиенбаев.  

Құмкөл ауылының тағы бір тұрғыны Марат Уәлиев шабындықты да, жайылымды да ылғи бастықтар алып алғанын алға тартып отыр. 

Ауыл тұрғындары орманды кесіп жатқанын көріп, бірнеше рет ескерту де жасаған. Бірақ "жоғарғы жақтан тапсырма берді" деген жұмысшылар ескертуді елемеген.  

Фото: inbusiness.kz 

Ауыл  тұрғыны Әділет Жиенбаевтың айтуынша, бұл ағаштар елу жыл бұрын отырғызылған. Елу жылда 20 сантиметрге әрең жуандаған. Енді мұны қайта ексе, елу жылда қайтып орнына келеді. Келмеуі де мүмкін.  

Фото: inbusiness.kz 

Жердің иесі құжат бойынша Қайырхан Китатов есімді азамат екендігін аудандық әкімшіліктегілер растады. Өткен жылы 100 гектардан астам алқап конкурстық комиссия шешімімен берілген болып шықты. Комиссия өкілдерінің мәліметінше, жер алу үшін өтініш Қайырхан Китатовтың атынан түскен. Оның атынан алқапты игеруге 50 миллион теңге инвестиция құю жайлы бизнес жоспары ұсынылған. Сондықтан оған комиссия бір ауыздан дауыс берген.  

"8 адам құжат тапсырған. Конкурстың тәртібі бойынша конкурсқа қатысушылар жабық негізде конвертті әкеліп тапсырады. Инвестициялары, өздерінің істеймін деген талаптары бәрі сәйкес келгендіктен ашық дауысқа түскен", –дейді Ақсуат ауданы әкімінің орынбасары Қайрат Мауадинов 

Ал құжатта аты сайрап тұрғанымен, жердің заңды иесі етіп тіркелген Қайырхан Китатовтың өзі алқаптың қалай алынғандығын толық білмейді. Мал бағып, өз тірлігін кешіп жүрген шаруа, жердің шын қожайыны басқа адам екендігін растап отыр. 

Заңсыз оталған орманға да жауапты қарапайым малшы болып қалып отыр.

Анықталғандай 500 түпке жуық ағаш "Семей Орманы" табиғи орман резерватының ерекше қорғалатын аумағынан кесілген.  

"Мемлекеттік орман қорына келтірілген залал анықталды. Ол 1 млн 980 мың 914 теңгені құрады. ҚР Қылмыстық кодексінің 340-бабы шеңберінде 3000 АЕК-ке дейінгі айыппұл, бас бостандығынан шектеу және мүлкін тәркілеу көзделген",–дейді Абай облыстық орман шаруашылығы аумақтық инспекциясы бөлімінің  бас маманы Жансая Жолданова

Ал Құмкөл тұрғындары ауылдастарының еш жазықсыз жауапқа тартылғандығын қаламайды. Құқық қорғау органдары, прокуратура мен сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес қызметі осы фактіге назар аударып, жерді нақты пайдаланып отырған  адамды анықтап шара қолданса деп отыр. 

Фото: inbusiness.kz 

Егер қарапайым малшы жерді өзі пайдаланбағандығын, орманды отауға қатысы жоқтығын дәлелдей алмаса, ҚР Қылмыстық кодексінің 340-бабына сәйкес 10 млн теңгеден астам айыппұл төлеп, тіпті бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу