Абай облысының логотипі көптің көңілінен шықпады

2379

"Ашық конкурс жариялап, қайта қарау керек!" 

Абай облысының логотипі көптің көңілінен шықпады

Жаңадан құрылған Абай облысының логотипі анықталды. Бірақ бұл логотип абайлықтардың біразының көңілінен шықпай, әлеуметтік желіде талқыға түсті.

Естеріңізге сала кетейік, қыркүйек айында Абай облысының әкімдігі облыстың үздік логотипіне байқау жариялаған болатын. Жүлдеге 1 млн теңге тігілген. Жуырда комиссия конкурстың қорытындысын шығарды.

Абай облысы әкімдігінің мәліметіне сүйенсек, байқауға барлығы 28 автордан 47 жұмыс түскен. Дауыс беру нәтижесі бойынша "Семей көркем" жарнама агенттігінің жұмысы үздік деп танылыпты.

– Заманауи логотиптің стильді геометриялық сызықтары бар. Ұлы Абайдың Отанын ағарту мәдениеті тұрғысынан көрсету үшін жазу атрибуттарын қолдана отырып, білім мен мәдени ағартушылыққа баса назар аударылған. Бірегей түс схемасы аймақтың табиғи ландшафтынан алынған, – делінген облыс әкімдігі таратқан ақпаратта.

Ал екінші және үшінші орындарға "Артекс" компаниясы мен қала тұрғыны Ш.Ақанов ие болды. "Артекс" компаниясының нұсқасындағы А және О әріптері Абай облысының аббревиатурасын білдіреді.

– Ш.Ақанов жұмысында еліміздің рухани астанасы – Семей қаласы мен облыстың сәулеттік өнерінің маржаны – аспалы көпір бейнеленген. Комиссия барлық жұмыстарды эстетикалық және идеялық мазмұн тұрғысынан зерттеді, делінген хабарламада.

Ал семейлік зиялы қауым өкілдері логотипке көңілдері толмайтындығын жазуда. Айтуларынша, логотиптегі жазу түсініксіз екен. 

– Абай облысының әкімдігінің сараптама комиссиясының ресми шешіміне сәйкес, Абай облысының жаңа логотипі таңдалыпты. Абай облысы – білімі жетілген, ғылымы озық, әдебиеттің, мәдениеттің мекені, Алаштың қаласы деп рухтанамыз! Байқауға қатысқан логотиптер қоғам назарына ұсынылды ма екен?! Қалай таңдалды?! Бекітілген логотипке кәсіби мамандар, көзі ашық ағайын не дейсіздер?! Біз бірдеңе түсінбейміз бе, әлде санамызға жетпей ме, ұқпадым?! Көпшілік назарына байқауға қатысқан басқа да жұмыстар ұсынылса, халық болып таңдау мүмкіндігі туса, бәлкім керемет бір жоба өтпей қалған шығар?! Кім білсін?! Жаңадан құрылған облыс болған соң, барлық әлеуметтік, қоғамдық жұмыстардың барлығы сын көтеру керек, Абай облысы деген биік мәртебеге лайық болсақ деген ниет біздікі!,  деп пікір білдірді семейлік ақын Мерей Қарт.

Семейдегі Шәкәрім атындағы университеттің ректоры Бауыржан Ердембеков ашық конкурс жариялап, қайта қарау керектігін айтады.

Логотипті әркім әр түрлі оқыған. Біреуі "Албан" деп оқыса, енді бірі "Алаш" деп оқыған. Ал байқаудың қайта жарияланатыны немесе жарияланбайтыны әзірге белгісіз.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу