Биыл мамыр айында ғаламтор арқылы Степногорск қаласының №5 мектебінің алдында тұрған қазақтың бас ақыны – Абай Құнанбайұлының ескерткішіне қатысты шу шығып, оның бір кездері "күн көсем" атанған Владимир Лениннің ескерткішінен қайта қашалып жасала салғаны туралы бейнеролик тарағанда мұндай да бейбастақтық болады екен ғой деп ашынғанбыз. Алайда ақын Абайға қатысты сорақылық Шығыс Қазақстан өңірінде, оның ішінде Өскеменде орын алуы мүмкін екендігі ойымызға кіріп те шықпаған.
Бір кем дүниені қарасаңызшы, Құнанбай қажының, қажының ғана емес, күллі қазақтың ұлы Абай атамыздың мүсіні Өскеменнен, күл-қоқыстың арасынан табылады деп кім ойлаған?! Ойламасақ та осылай болды. Ұлы Абайды аялап, ардақтап өтуге тиісті аймақ осындай қателікке жол беріп алды.
Абай Құнабаевтың мүсіні Семипалатинская көшесіндегі №86 үйдің алдынан, тұрмыстық қалдықтардың арасынан табылды. Осы үйдің иесі, мүсінші, марқұм Владимир Самойловтың ұлы Владимирдің айтуынша, мүсін бірнеше жыл бұрын осы жерге кранмен қойылған. Салмағы ауыр болуына байланысты содан бері қозғалмаған.
"Мүсіннің салмағы шамамен 400 келі. Оны техниканың көмегінсіз қозғалту мүмкін емес. Мүсін қоқыстың арасына әдейі тасталған жоқ. Бұл қоқыс тастайтын жер де емес. Ауланың іші, үйімнің айналасы", – деді үй иесі.
Сөз арасында ол мүсін осыдан 4 жыл бұрын Шемонайха ауданы әкімдігінің тапсырысымен жасалғанын, кейін тапсырыс беруші мүсінді алудан бас тартқанын тілге тиек етті.
"Кезінде әкем осы мүсінді жасауға шамамен 500 мың теңге ақша жұмсады. Қазір әлдекім мүсінді аламын десе, 300 мың теңгеге беремін", – деді туынды авторының ұлы.
"Болар іс болды, бояуы сіңді" деп салымыз суға кете бастағанда Өскемен қаласының әкімі Жақсылық Омар мүсіннің мәселесін оң шешті. Шаһар басшысы сүйекке таңба түсірмес үшін өскемендік кәсіпкерлер Илья Елфимов пен Мадияр Бариевтің қаржысына Абайдың мүсінін сатып алатын болды.
Әкім ақынның мүсіні қаланың қай жеріне орнатылатынын да нақтылап жатқан көрінеді. Бұған қоса мүсіннің қырып-жонатын тұстары бар екенін айтыпты.
2014 жылы қазақтың бас ақыны Абай Құнабаев пен орыс зиялысы Евгений Михаэлиске орнатылған ұсқынсыз ескерткіш көпшіліктің наразылығын туғызды. Әлеуметтік желі қолданушылары өнер туындысын жерден алып, жерге салған соң, әкімдік ескерткішті тұғырынан тайдырған болатын.
Бір қызығы ескерткіш түнде орнатылған. Неге бұлай болды деген сұраққа әкімдіктегілер сол кезде: "Тасымал кезінде трамвай қозғалысына кедергі келтірмеу үшін ескерткіш тұғырына түнде орнатылды", – деп жауап берген.
Біздіңше, өскемендіктер ұлы Абайдың ауладан табылған мүсінін лайықты орынға орнатуы тиіс. Түнделетіп болса да.
Есімжан Нақтыбайұлы