Президенттің тапсырмасымен үкімет 10 тамызды – "Абай күні" деп жариялады. Осылайша бұл күн елімізде мереке ретінде аталып өтетін болды.
Бүгін, тәуелсіз Қазақстан тарихындағы алғашқы "Абай күні" мерекесінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев "Абай – рухани реформатор" деген тақырыппен мақала жариялады. Онда Мемлекет басшысы Абай Құнанбай-ұлының 175 жылдығында бірқатар іс-шара жүзеге асырылуға тиіс болғанын, әлемді жайлаған індетке байланысты іс-шаралардың басым бөлігі онлайн форматқа ауысқанын айта келіп, ұлы ақынның мұрасын ұлықтауға арналған іс-шаралар жыл сайын өткізілетінін, мәселе мерейтойда емес – тұғырлы тұлғаның туындыларынан терең тәлім алуда екеніне назар аудартты.
"Абайдың рухына тағзым ету – оның қағидатын ұстану, аманатына адал болу. Сонда ғана жас ұрпақтың санасына қастерлі құндылықтарды сіңіреміз. Біз ұлы ойшылдың өнегелі өмірі мен тағылымы туралы айтудан жалық-паймыз. Әсіресе қазіргі Қазақстан қоғамын Абайдың рухани ұстанымына сай дамыту аса маңызды. Мен бұл жөнінде "Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан" атты мақаламда кеңінен айттым", – деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы жыл халықаралық "Абай жылына" айналғанына тоқталып, Қазақстанның бастамасымен және ЮНЕСКО-ның қолдауымен ұлы ақынның 175 жылдық мерейтойы жаһандық деңгейде аталып өтіп жатқанын тілге тиек етті.
"Ақынның баға жетпес мұрасын ұғындыру және дәріптеу – азаматтық пары-зымыз. Өйткені Абай – әлемдік деңгейдегі кемеңгер тұлға. Абайтанудың тұ-ғырнамалық негізі де осы болуға тиіс. Қазір ақынның еңбектерін халықара-лық ғылыми айналымға енгізу үшін нақты және мақсатты жұмыстар қолға алынуда. Оның шығармалары әлемнің он тіліне аударылып, баспаға әзірленді. Бұл кітаптар жүзден астам елдің кітапханалары мен мәдени орта-лықтарына жіберіледі. Бірқатар шетелдік аудармашыларға, Абайдың шығар-машылық мұрасын зерттеушілер мен насихаттаушыларға менің Жар-лығыммен мемлекеттік награда берілді. Абай рухын ұлықтау шаралары жалғасуда. Шетелдегі елшіліктеріміздің жанынан Абай орталықтары ашыла бастады. Ақынның шығармашылығын жүйелі зерттеу үшін Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті жанынан Абай академиясы құрылды", – деп жазды Президент.
Қазақстан басшысының сөзінше, біз бәсекеге қабілетті мемлекет болу үшін Абай мұрасын естен шығармауымыз керек. Себебі ұлт ретіндегі жаңару идеясы да оның көзқарасымен үндесіп жатыр.
"Келесі жылы Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығын атап өтеміз. Бірақ ке-зінде ұлы ойшылды қатты толғандырған кейбір келеңсіздіктер қоғамда әлі
де кездеседі. Өкінішке қарай Абай айтқан "бес дұшпаннан" толық арылып болған жоқпыз. Азаматтарымыздың арасында жалқаулық пен сөзуарлық жиі кездесетіні қынжылтады. Бұлар бұрынғыша тойқұмарлықтан тартынбай, күнделікті тынымсыз тірлікті дәріптеудің орнына, әрбір қоғамдық оқиғадан саяси астар іздейді де отырады. Абай халықты той тойлауға емес, еңбек етуге, рухани кемелденуге шақырды. Абайдың ұлағаты әлі күнге дейін маңызын да, құндылығын да жоғалтқан жоқ. Сондықтан біз оның терең ойларына, келешектің келбетіне үңілген көрегендігіне таңырқаудан жалыққан емеспіз", – деді Мемлекет басшысы. Қасым-Жомарт Тоқаевтың жазуынша, Абай ілімі бүгінгі бірқатар бағыттарға орайлас келеді.
"Ең алдымен, білім игеру. Біз бүкіл әлемді ақыл-ой мен парасатты пайым арқылы ғана мойындата аламыз. Заман талабына сай білім алу интеллек-туалды ұлт қалыптастыруға жол ашады. Екінші, тәрбие мәселесі. Сондықтан өскелең ұрпаққа дұрыс бағыт берген жөн. Ақынның "Пайда ойлама, ар ойла, талап қыл артық білуге" деген өсиетін әрдайым санаға сіңіру қажет. Үшінші, жаңа кәсіп игеру. Ақын әр қазақ өз ісінің шебері болса деп армандады. Әсіресе бәсекелестікке толы алмағайып заманда мұның мәні зор. Абай: "Мал керек болса, қолөнер үйренбек керек. Мал жұтайды, өнер жұта-майды" дейді. Біз еңбекке, жаңа өнер игеруге деген көзқарасымызды түбе-гейлі өзгертуге тиіспіз. Байлықтың да, бақыттың да кілті – өзің сүйген кәсіпте. Төртінші, ынтымақ мәселесі. Абай әрдайым қоғамның береке-бірлігін арттыруға ден қойды. Ол "Біріңді, қазақ, бірің дос, көрмесең істің – бәрі бос" деп, елді татулыққа шақырды. Біз аса күрделі кезеңді бастан өткерудеміз. Осындай сәтте бір-бірімізге қол ұшын беріп, өзара мәміле мен ынты-мағымызды арттыра түсу аса маңызды. Кемеңгердің де жан-жүрегімен тілегені жұртының амандығы мен ұлтының тұтастығы еді. Сондықтан бүгінгідей қиын шақта , Абай мұрасына жүгіну өте өзекті болып отыр", – деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың мақаласында жазылғандай, Абай өнегесінің құны дәуір алмасқан сайын артпаса, кемімейді. Ол баршаға түсінікті әрі күллі адамзатқа ортақ. Оның қара өлең болып өрілген және қара сөз болып төгілген оралымды ойлары әлі күнге дейін өмірлік бағдар болып келеді.
"Ұлтының болашағы үшін қам жеген ұлы ойшыл күллі жұртшылықты махаббат пен мейірімге үндеді. Ақынның осындай адамгершілік қағидаттары еліміздің бүгінгі ұрпағы үшін аса қажет. Мемлекет тәуелсіздік жағдайында ұлттық сананы қайта жаңғыртуға және жаһандану өзгерістеріне бейімдеуге жалпыұлттық тұрғыдан басымдық беріп отыр. Ұлы данышпан елдік мүддені әрдайым жоғары қоюға, алған білім мен тәжірибені халық игілігіне жұмсауға шақырды. Бүкіл адамзат үшін даму үрдісін осындай ұстаным арқылы ұғыну әрдайым маңызды болмақ", – деді Мемлекет басшысы.
Президенттің пікірінше, Абай – біздің ұлтымыз бен жұртымызды танудың төте жолы. Ұлы ақын бізге мазмұндық тұрғыдан өлшеусіз, халықтың рухани азығына айналған мұра қалдырды. ХХІ ғасырға қадам бассақ та, Абайдың көзқарасы заманауи ізгілік қағидаттарына және Қазақстан қоғамының басты құндылықтарына, оның бірлігі мен берекесіне толықтай сай келетініне көз жеткізіп отырмыз.
"Ұлы данышпан ұлттың рухани мәдени, адами бет-бейнесін асқан көре-гендікпен сипаттаған. Оның ұлылығы да осында. Абайдың даналық сөздері қазақ халқының алтын тұғыры, түп негізімізге үңіліп, ұлттық ұстынымызды іздеген көптеген ұрпақтың басын біріктіретін мәңгілік рухани тірек болып қала бермек", – деді Мемлекет басшысы.
Қасым Жомарт Тоқаевтың сөзінше, елімізде абайтанумен айналысатын бірнеше ғылыми-зерттеу орталығы бар. Олардың жұмысын жүйелеп, елордамыздағы Абай академиясының төңірегіне топтастыру керек.
"Академия барлық зерттеу мекемелерінің жұмысын ғылыми тұрғыдан үйлестіруші міндетін атқара алады. Алдағы уақытта гуманитарлық пәндердің бөлінбес бөлшегі ретінде "Абайтану" курсын оқыту мәселесін қолға алу керек. Жаңа философиялық және саяси ұстаным тұрғысынан "Абайтану" оқулығы мен хрестоматиясын әзірлеу қажет. Сондай-ақ Абайдың "толық адам" ілімі жан-жақты әрі терең зерттелуге тиіс. Біз Абайды ХІХ ғасырда өмір сүріп, ХХІ ғасырдың сөзін сөйлеген данышпан ретінде әлемге танытуымыз керек. Сонымен қатар оны ұлттық сананы жаңғыртуға зор ықпал еткен рухани реформатор ретінде дәріптеуге міндеттіміз. Түптеп келгенде, әрбір қазақ Абаймен мақтануға тиіс!" – деп қорытты мақаласын Президент.
Қанат Махамбет
Telegram каналымызға жазылыңыз!