Ұжымдық Еуропа ортақ валютасының кейбір түрін айналымнан толық шығарып тастауға дайындалып жатыр. Сондықтан олар Қазақстанда да айналымда бола алмайды.
Қолданыстан шығарылғаннан кейін ол банкноттар жарамсыз деп танылады және оны тіпті Еуропалық Одаққа мүше елдердің ешқайсысы қабылдамайтын болады.
Еуропалық Орталық банк еуро банкноттарын кең ауқымды жаңартуға дайындалып жатыр. Бұл жайт халықаралық әлеуметтік желіде қызу пікірталас туғызды.
Пікір білдірушілер әр жерге тыққан-бұққан қолма-қол ақшаларын тауып, не қазып алып, оның ішінде сөз болып отырған банкноттардың бар-жоқтығын тексергендерін айтады.
ЕО Орталық банкінің дерегінше, алдағы 2026 жылы жаңа дизайндағы еуроның жаңартылған сериясы пайда болады. Ресми мәлімет бойынша бұрынғы купюралардағы мүше елдердің танымал сәулет-архитектуралық ескерткіштерінің орнына жаңа ақшаларда табиғат, мәдениет және ортақ еуропалық құндылықтар тақырыптарындағы жалпылама көріністер бейнеленеді.
Осы арқылы Еуропаның бірлігі, ортақ отбасылық және мемлекеттік сипаты дәріптеліп, ілгерілетілмек.
Алайда халықаралық қоғамдастықты жаңа еурода не көрініс табатыны, безендіру-дизайны емес, оның номиналдық қатарындағы ықтимал өзгерістер көбірек қызықтырып отыр.
Euronews хабарлауынша, 5, 10, 20, 50 және 100 номиналдарындағы еуро банкноттары айналымда қалады.
200 еуролық купюраның тағдыры белгісіз болып қалуда. Салдарынан, Еуропа елдерін аралағанда әлдеқалай осы банкнотты ұсынсаңыз, кассир оны қабылдау үшін құзырлы органдарға қоңырау шалып, олардың жауабын күткізіп, біраз бюрократиялық сергелдеңге салуы мүмкін.
Ал, 500 еуролық банкнот қазірдің өзінде қолданыстан алып тасталды. Сондықтан Қазақстандағы валюта айырбастау бекеті немесе сізбен мәміле жасасқан тарап 500 еуролық банкнотты ұсынса, алмаңыз. Өйткені оны Еуропа елдерінде де ешкімге өткізе алмайсыз.
Ақпарат құралдары 500 еуролық купюраны басып шығару 2019 жылдан бері тоқтатылғанын еске салады. Бірақ соған дейін шығарылғандары айналымда жүрді.
Алдымен, осы номиналдағы еуроны басып шығаруды доғаруға, кейін – айналымнан шығарып тастауға қылмыстық әлем ықпал еткен көрінеді. Сол бұрынғыдай жүк сөмкесін толтырып, қолма-қол қаржы тасуды қолай көретін қылмыскерлер аз орын алуына байланысты 500 еуролық банкноттарға құмар болыпты.
Құзырлы органдар оның заңсыз операцияларға және лас қаржыны жылыстатуға белсенді пайдаланылатынын дәлелдегеннен кейін ЕО Орталық банкі бұл купюрадан түпкілікті бас тартуға шешім қабылдады. Айтпақшы, кезінде Америка Құрама Штаттары да ұқсас себеппен 1 000 долларлық банкноттың айналымын доғарған болатын.
Дамыған елдердің қаржылық реттеушілерінің тұжырымдауынша, ірі номиналдар "заңсыз қаражаттарды орасан зор көлемде жасырын тасымалдау ісін жеңілдетеді".
Сондықтан халықаралық сарапшылардың болжамынша, бірте-бірте 200 еуролық банкноттар да 500 еуролық "туысының" кебін кешіп, айналымнан жоқ болуы мүмкін.
Оның қолданыстан алынуы ұжымдық Еуропаның ортақ валютасының жаңа сериясының шығарылуымен байланыстырылуда. Өйткені Еуроодақтың Орталық банкі әзірге жаңа 200 еуроның дизайнын жұртшылықтың назарына ұсынбады.
Дегенмен, 200 еуролық купюралардың иелерінің әзірге алаңдамауына және бүгін айырбастау бекетіне жүгірмеуіне болады. Банкнотты айналымнан шығару біртіндеп жүргізіледі.
Оларды кем дегенде бір жыл ішінде банктерде айырбастауға болатыны айтылды. Купюраны басып шығару тоқтатылғанымен, ел қолындағы банкноттар белгілі бір уақыт бойы төлем құралы болып қала береді.
Бірақ еуропалықтардың басым бөлігі қазірден бастап, ірі номиналдарды анағұрлым ұсақтарына майдалап алуға тырысуда. Бұл бір жағынан, болашақта туындауы мүмкін қолайсыздықтан құтылуға мүмкіндік береді.
Екінші жағынан, құзырлы органдардың назарын қажетсіз өзіне аудармайды: Еуропада ірі номиналды валютаның бума-бумасын қалтасынан суырып алған адам өзгелердің күдігіне тап болады.
Қылмыс әлемінің өкілі не коррупционер деген сезік тудыруы мүмкін. Тиісінше, дүкен не банк қызметкері заңсыз ақшаны жылыстатумен күресуші органға бұл жағдай туралы хабарлауға міндетті болады.
Ұлттық банктің 1 наурызға бекіткен бағамы бойынша Қазақстанда 1 еуро – 519,14 теңгеге, ал, 1 АҚШ доллары – 499,22 теңгеге тең.
Салыстырсақ, тура бір жыл бұрын, 2024 жылғы 1 наурызда 1 еуро –488,91 теңге, 1 доллар – 450,61 теңге тұрған.
Яғни, бір жыл ішінде 1 еуро бағамы 30,23 теңгеге, 1 доллар бағамы 48,61 теңгеге қымбаттады.
Қаржыгер Арсен Темірбаев артық жинақты шетелдік валютаға инвестициялаудың пайдалы екенін айтады. Басты артықшылығы сол, бағам өскен кез келген уақытта ол валютаны айырбастау бекетіне кері өткізіп, тез қайтарым көруге болады.
Сондай-ақ, бұл инвестиция қарапайым адамдардан арнайы білімінің болуын талап етпейді. Көшедегі валюта бағамының тақтасына көз салып жүрсе, немесе ғаламтордан қарап отырса жеткілікті.
Дегенмен, теріс тұстары да бар: шетелдік валюталар онжылдықтарда жаңарып тұрады, ескі банкноттары айналымнан шығады. Оның үстіне еуроның да, доллардың да сатып алу қабілеті орта есеппен жылына 3%-ға төмендеп тұрады. Өйткені оларды шығаратын елдерді де инфляция қысуда.
Сондықтан сарапшылардың айтуынша, әсіресе, еурода көп жинақ жинаумен елікпеген жөн көрінеді.
"2024 жылдың соңында Еуроаймақта экономикалық ахуалдың нашарлауы кесірінен, еуро Еуроодақтың серіктес елдерінің валюталарына қатысты құнсыздана бастады. Еуро индексі 2024 жылғы қыркүйектегі 131,5 межесінен 2025 жылғы қаңтарда 125,67 межесіне дейін түсіп кетті. Сондықтан дәл қазір еуроны Еуропаға сапарлауды жоспарлап отырған қазақстандықтар сатып алса, пайдаға шығады. Арзанға алады. Ал, қазіргі кезеңде инвестициялық пайда табуға арналған құрал болуға еуро көп жарамайды", – деді Темірбаев.