- Солтүстік Ирландия құрамасының бас бапкері Майкл О’Нил қазақстандық ойыншылар танымал емес, сол себепті талдау жүргізу қиын екенін айтты. Бұл сіздерге басымдық бере ме?
- Бұл сол күйінде болып қала берсін. Ертеңгі матчта өзіміздің ойын жоспарымыз бар. Сол ойынды көрсетеміз.
- Солтүстік Ирландия құрамасы туралы не білесіз?
- Өте жақсы команда. "Манчестер Юнайтед" командасында ойнаған тәжірибелі Джонни Эванс бар. Жақсы қарсылас екені айқын. Ағылшын чемпионаттарында ойнайтын перспективасы зор жас футболшылар бар.
- Данияны құрамасын жеңдіңіздер, топтан шығатын мүмкіндіктеріңіз бар ма?
- Әрине, біріншіден Алланың қалауымен, екінші барлығы өзіміздің ойынымызға және күш-жігерімізге байланысты деп санаймын. Бізде үлкен жоспар бар. Жақсы ойын мен оң нәтиже арқылы ғана дәлелдеу керек.
- Ертеңгі ойын сен үшін де, Қазақстан құрамасы үшін де тағдырды шешетін ойын болайын деп тұр. Өткен ойынға қатыспадың, енді осы ойынға бар күшіңді салатын шығарсың деген жанкүйерлердің пікірі бар. Ойынға деген дайындығың қандай? Команданың дайындығы қандай?
- Команданың дайындығы өте керемет деп айта аламын. Жігіттердің күш-жігері де жақсы. Біздің бапкер айтқандай, осы екі ойында көп нәрсе шешіледі. Сан-Марино және Солтүстік Ирландия. Жоспарымыздың қаншаға дейін баратын осы ойынның нәтижесі көрсетеді. Сол үшін жігіттер жақсы дайындықпан жасыл алаңға шығуға дайын. Өзіме келетін болсақ, осы ойынды көп күттім. Сан-Маринонмен өткен ойынға қатыспадым. Бірақ, әр нәрсенің қайыры бар. Бұйырса, осы ойында бар күшімізді саламыз. Ұпай алып, жанкүйерлерімізді қуантамыз деген ойдамын.
- Абат, қарсыластың ойыншылары мен қорғаушылар зерттеп қарадың ба?
- Ойындарын қарадым. Осал емес қарсылас. Тәжірибелі ойыншылар да бар. Шабуылшы болғаннан кейін әр ойынға гол саламын деп шығамын. Осы ойынға бар күшімді саламын.
- Даниямен өткен ойында жейдеңді шешіп, сары қағаз алдың. Мұндай жағдай қайталанбайтын шығар?
- Ол ойында үлкен эмоция болды. Спорттың карьерамда сирек кездсетін жағдай шығар. Соңғы минутта салу. Сол үшін осындай қателік болды. Жеңіс голдары қайталана берсін, бірақ жейдемді енді шешпеймін деп ойлаймын.
- Ұлттық құрамада көп гол соққан футболшылардың тізімінде Зайнутдинов жақындап келеді. Сен де Балтиев қойған рекордты жаңарта аласың деп ойлаймын. Бұл туралы ойламадың ба?
- Әрине, әр ойыншының арманы ұлттық құраманың тарихында қалу. Ең бастысы Қазақстанға нәтиже әкелу. Екіншіден Баха үшін өте қуаныштымын. Бахамен бірге тұрсақ өте керемет болар еді. Алланың берген денсаулығымен әлі де голдар салуға болады деген ойдаймын.
- Осы уақытқа дейін Словения мен Дания ойнағанда Астана Арена толып тұратын. Бұл жолы керісінше болатын сияқты. Қаншалықты қиын болады?
- Үйде және сырт алаңда өткен ойындардың айырмашылығы бар. Бірақ қаншалықты қиын болғанымен, өзіміздің ойынға деген жоспарымыз бар. Алаң иелері ретінде қарсыластың басымдығы бар. Бірақ бұдан да үлкен стадионда қарсыластармен ойнадық. Бар күшімізді салсақ, қиын болмайды деп ойлаймын.