Өзінің кәсіби мансабын "Ақтөбе" командасында бастаған Абат Қазақстан чемпионы атанды және ел Суперкубогін жеңіп алды, сондай-ақ еурокубоктық ойындарға да қатысып үлгерді. "Ақтөбеден" кейін Айымбетов "Қайрат" сапына ауысты. Онда шабуылшы команданың үздік сұрмергені атанып, алтын жүлдеге қол жеткізеді. Қыста ол Ресейдің ФНЛ-де ойнайтын "Крылья Советов" клубына ауысқан еді.
Шабуылшы Қазақстан ұлттық құрамасы үшін 13 ойын өткізіп, 2 гол соқты. Енді Абат елордалық команданың сапына жазғы трансферлік терезеге дейін жалға алынды. Сондай-ақ 25 жастағы шабуылшы 17-нөмірде ойнайтын болады. Бұған дейін "Астана" сапында бұл нөмірмен Қазақстан ұлттық құраманың экс-футболшысы Таңат Нөсербаев өнер көрсеткен болатын.
Сондай-ақ Абат Айымбетов осыған дейін өнер көрсеткен ресейлік "Крылья Советов" командасы да қазақстандық футболшының "Астанаға" ауысқаны туралы пікір білдірді.
"Шабуылшы Айымбетов "Астанаға" ауысты. Қазақстан Ұлттық құрамасының ойыншысы жаңа командада жалға алу құқығымен 1-шілдеге дейін өнер көрсетеді. Абатты командаға шақыру – бұл "Астананың" бас бапкері Андрей Тихоновтың бастамасы болатын. Қазақстан чемпионаты наурыз айының ортасында басталды. Екі турдан кейін төрт ұпай жинаған "Астана" турнирлік кестеде 2-орында тұр" - деген хабарламаны "Крылья Советов" клубы өз Instagram парақшасында жариялады.
Ермұхамед Мәулен