Абат Айымбетов: "Барша Қазақстанға жеңіс сыйлау - мен үшін үлкен мәртебе"

876

Футболдан Қазақстан ұлттық құрамасының шабуылшысы Абат Айымбетов Еуро-2024 іріктеу матчында Солтүстік Ирландияны жеңгеннен кейін матчқа қатысты пікір білдірді.

Абат Айымбетов: "Барша Қазақстанға жеңіс сыйлау - мен үшін үлкен мәртебе"

Кездесудегі жалғыз голды соққан футболшы сұхбат барысында бүкіл команданың еңбегін ерекше атап өтті.

"Қазақстан халқын жеңіспен құттықтаймын! Біз сіздерге жақсы эмоциялар сыйлай алдық деп ойлаймын. Соңғы минуттарда командамыздың жеңіске жетуіне көмектескеніме өте қуаныштымын. Ойын туралы айтар болсақ, біз үшін өте қиынға соқты. Бұл жерде менің еңбегім ғана емес, команданың әрбір футболшысы бар күш-жігерін салды.

Біздің команда - бір отбасы. Командаластарымның арқасында өте қиын ойында маңызды үш ұпайға қол жеткіздік. Бұл еліміз үшін үлкен жетістік деп ойлаймын. Гол жайлы айтар болсам, осындай гол соға алғаныма өте қуаныштымын.

Ойын алдында бапкер мені соңғы минуттарда шаршаған қорғаушыларға қарсы алаңға шығаратынын айтты және бұл жоспар іске асты. Соққан голымның бейнежазбасын әлі көрген жоқпын. Бірақ бәрі мені мақтап, қалай осылай гол соқтың деп сұрап жатыр. Бұл ең алдымен Алла Тағаланың, содан кейін ғана талантымның арқасында. Неге командаға жеңіс сыйламасқа? Қай минутта алаңға шығып, қай минутта гол соққаның маңызды емес. Барша Қазақстанға жеңіс сыйлау - мен үшін үлкен мәртебе. Бұл өмірімдегі ұмытылмас сәттер. Құдай қаласа, тарихта қалармыз.

Бұған дейін айтқанымдай, тарихта қалу – әрбір футболшының арманы. Біздің басты мақсатымыз елімізді жеңістермен қуанту. Егер тарихта қала алатын болсақ, неге мұны жасамасқа? Әрине болады! Ұлттық құраманың үздік бомбардирі боласың ба дейсіз, бұл менің арманым. Рекордсмен атануға таяп қалған Бахтиер үшін де қуаныштымын!", - деді Айымбетов матчтан кейін.

Естеріңізге сала кетейік, Қазақстан құрамасы Белфастта Айымбетовтің соққан голының арқасында 1:0 есебімен жеңіске жеткен болатын. Төрт турдың қорытындысы бойынша Әдиев шәкірттері тоғыз ұпай жинап, топта екінші орында тұр. Келесі кездесуді 7 қыркүйекте өз алаңында топтың тағы бір көшбасшысы Финляндия құрамасымен өткізеді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу