Париж Олимпиадасы аясында өтіп жатқан дзюдо бәсекесінде жеңіліс тапқан Әбиба Әбужақынова жеңіске жеткен жағдайда үлкен шешім қабылдамақшы болған. Бұл туралы бапкері Нұрбол Сүлейменов айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайтының тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
Спортшы жарыстан кейін күні бойы ешкіммен сөйлеспепті.
"Жеңіліп қалғаннан кейін бір күнге дейін ешкіммен сөйлескен жоқ. Жылай берді. Мен де ештеңе айтпадым, сөйлеспедім. Ондай кезде бірдеме айтудың өзі артық. Ертесі ғана ашуы баслып, өз-өзіне келгеннен кейін ғана сөйлестім. Қазір көңіл-күйі дұрысталып қалды.
Әбибаның өзінің осыған дейін ешкімге айтпай келе жатқан жоспары болған. "Егер осы Парижде жүлдеге қол жеткізіп, чемпион болсам, спорттық мансабымды аяқтаймын"деген. Өкінішке қарай, ол жоспары орындалмады. Енді бүгін сөйлессем, "аға, мен бәрі бір, Олимпиада жүлдесін алмай спортпен қоштаспаймын" деді. Негізі Әбиба өте намысшыл қыз. Қайсар қыз", – деді бапкері Нұрбол Сүлейменов.
Айта кетейік, дзюдошы Әбиба Әбужақынова қола медаль үшін болған белдесуде жеңіліс тауып, жеңіске бір табан жетпей қалып еді.