Сәкен Бейімбетұлы Шаяхметов Павлодар облысы әкімінің орынбасары болып тағайындалды. Ол 1990 жылы 2 мамырда Алматы қаласында дүниеге келген. АҚШ-тың Техас университетін (The University of Texas) "Мұнай-газ ісі" және "Экономика" мамандықтары бойынша тәмамдаған. МВА дәрежесін Қытай-Европа халықаралық бизнес мектебінде (China Europe International Business School) алған. Сондай-ақ, құқық пен дипломатия саласындағы гуманитарлық ғылымдар магистрі (The Fletcher School of Law and Diplomacy, Tufts University).
Оқып жүрген кезінде жыл сайын Chevron (АҚШ), J.P. Morgan (Ұлыбритания), Citibank (Алматы), World Bank (АҚШ) сынды компанияларда арнайы ақылы тағылымдамалардан өткен.
Еңбек жолын 2011 жылы Атырау облысындағы "Болашақ" зауытында механиктің көмекшісі болып бастаған. 2012-2014 жылдары "Caspi Meruerty Operating Company B.V." компаниясында экономист болып қызмет етті. Ал 2017 жылға дейін магистратура бойынша білім алды.
2017 жылы мемлекеттік қызметке ауысты. 2017-2018 жылдары ҚР Премьер-министрінің кеңесшісі, 2018 жылдың желтоқсанынан бастап ҚР Премьер-министрі Кеңсесі басшысының орынбасары лауазымдарын атқарған.
Сәкен Шаяхметов Президенттік жастар кадрлық резервінің үздік үштігіне енген. Ол инвестициялар, кәсіпкерлікті және арнайы экономикалық аймақты дамыту мәселелерімен айналысады. Бұған дейін бұл бағытқа Арыстан Қабыкенов жауапты болып келген еді. Белгілі болғандай, ол облыс әкімінің орынбасары қызметінен босапты.
Фархат Әміренов