Абу-Дабиде өткен келіссөз: Ресей мен Украина тағы да тұтқын алмасты

354

Үш елдің делегациялары жабық форматта кездесті.

Абу-Дабиде өткен келіссөз: Ресей мен Украина тағы да тұтқын алмасты Фото: UAE Ministry Of Foreign Affairs via Reuters

БАӘ астанасы Абу-Дабиде Украина, Ресей және АҚШ арасындағы екі күнге созылған келіссөздер аяқталды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты DW агенттігіне сілтеме жасап.

Вашингтон тарапынан АҚШ президентінің арнайы өкілі Стивен Уиткофф, Ақ үй басшысы Дональд Трамптың күйеу баласы Джаред Кушнер мен ел армиясының министрі Дэниел Дрисколл қатысты. Киев делегациясын Ұлттық қауіпсіздік және қорғаныс кеңесінің хатшысы Рустем Умеров басқарды. Мәскеу жағынан делегацияны Ресей Қарулы күштерінің Бас штабы Бас басқармасының басшысы, адмирал Игорь Костюков бастап барды.

Украина президенті кеңсесінің басшысы Кирилл Буданов консультациялар туралы ашып айтпады. Бұл ретте Украина президенті Владимир Зеленский келіссөздердің оңай болмағанын жасырмады. БАӘ астанасында өткен кездесу барысында экономика, аумақтардың мәртебесі және атысты тоқтату мәселелері талқыланды.  

Бұған дейін Стивен Уиткофф тараптардың 314 әскери тұтқынды алмасуға келіскенін хабарлаған болатын.  Ресей Қорғаныс министрлігі өзара 157 тұтқын алмасқанын мәлімдеді. Сонымен қатар Курск облысынан үш бейбіт тұрғын да алмасу аясында қайтарылған. ТАСС агенттігінің дерегінше, тұтқыннан босатылған Ресейдің әскери қызметкерлері қазір Беларусь аумағында.

Украина делегациясының басшысы Рустем Умеров консультациялардың алғашқы кезеңі мазмұнды өткенін атады. Ал АҚШ мемлекеттік хатшысы Марко Рубио шешілмеген мәселелер тізімі айтарлықтай азайғанын жеткізді. Оның айтуынша, соған қарамастан өзекті мәселелер әлі де бар.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу