Әйелдер теннис қауымдастығы (WTA) қазақстандық Елена Рыбакинаның алдағы Абу-Дабидегі (БАӘ) турнирдегі өнеріне қатысты өз болжамдарымен бөлісті.
"Соңғы жылдары ол жұмбақ ойыншы болды. 2022 жылы Уимблдонда чемпион атанып, 2023 жылы екі WTA 1000 турнирін жеңіп алды. Бірақ, 2024 жылы оны жарақаттар мен аурулары әлсіретті. Рыбакина тұрақты ойнап, көбірек турнирге қатысуы керек екенін айтқан еді. Алайда Australian Open турнирінің үшінші айналымында оны бел ауруы мазалап, төртінші кезеңде Мэдисон Кизге жол берді. Соған қарамастан, Рыбакинаның Таяу Шығыстағы нәтижелері жаман емес. Бес жыл бұрын ол Дубайда финалист атанса, өткен жылы Дохада финалға шықты және Абу-Дабиде чемпион атанды. Сонымен қатар, былтыр ол Таяу Шығыста 11 матчтың 10-ында жеңіске жетті. Бірақ, асқазан-ішек ауруына байланысты Дубайдағы ширек финалға қатысудан бас тартты", – делінген WTA мәлімдемесінде.
Айта кетейік, Рыбакина WTA 500 сериясындағы Mubadala Abu Dhabi Open турниріне қатысады. Аталмыш жарыста оның бірінші нөмірлі спортшы ретінде тіркелгені белгілі болды. Australian Open-2025 турнирінен кейін Рыбакина әлемдік рейтингте жетінші орыннан бесінші орынға көтерілді, WTA чемпиондық жарысында да өз позициясын жақсартты.
Сондай-ақ, Рыбакина жаңа бапкері Горан Иванишевичпен жұмысты тоқтатты. 2025 жылдың қаңтарында қазақстандық теннисші бұрынғы жаттықтырушысы Стефано Вуковты қайта шақырды. Ал кейінірек Стефаноның WTA-дан шеттетілгені белгілі болды.
Турнирге жекелей сында 32 ойыншы және жұптық сында 16 жұп қатысады. Олардың арасында қазіргі чемпион Елена Рыбакинамен қатар ресейлік Дарья Касаткина, Белинда Бенчич, Онс Жабер, Паула Бадоса және Беатрис Аддад Майя сияқты әлемдік теннис жұлдыздары бар.