Абылай Әуелханов сенсация жасады

1281

Чемпионат онлайн-форматта өтуде.

Абылай Әуелханов сенсация жасады

Ауыр атлетикадан Қазақстан чемпионаты жалғасуда. Екі жарыс күні артта қалды. Турнирдің басты оқиғасы – 2018-жылғы Әлем чемпионатының күміс жүлдегерінің жеңілісі болды.

Соңғы жылдары негізінен Талдықорған қаласында өткізіліп келе жатқан ауқымды шара биыл онлайн режимінде өтуде. Әр команда өз платформасында өнер көрсетеді. Яғни спортшының тұрғылықты жерінен онлайн хабар таратылады. Сонымен қатар төрешілер де онлайн форматта спортшыларға баға беруде. Қазақстан чемпионатының тарихында бірінші рет осындай формат қолданылып отыр. Пандемия спортқа да өзіндік түзетулер енгізді. Сондықтан спортшылардың бабын сақтап, жігерлендіру үшін қазіргі жағдайдан шығуға жол табуға тура келді.

Екі күн артта қалды. Әзірге турнир техникалық ақауларсыз өтіп жатыр. Төрешілер алқасы да қашықтан жұмыс істеуге бейімделді. Онлайн форматтың арқасында ауыр атлеттерде бұрынғыдай толқыныс байқалмайды. Қазақстан чемпионатының екі күніндегі ең қызықты сәттердің бірі 55 келіге дейінгі салмақта ерлер арасындағы алтын медаль үшін күрес болды. Аталған салмақ дәрежесі бойынша жақында жастар арасындағы Әлем кубогының жеңімпазы қарсыластарынан айқын басымдылықпен, сенімді түрде жеңіске жетті. 17 жасар Абылай Әуелханов өзінен біршама жас үлкен командаласы 28 жастағы Арли Чонтейге жеңіске деген еш мүмкіндік қалдырмады. Арли 2018-жылы өткен Әлем чемпионатында 2-орынға ие болды. Ол сонымен қатар 2016-жылы Олимпиадада өнер көрсетіп, төртінші болып аяқтаған еді.

Екі ауыр атлетшінің көрсеткен нәтижелеріндегі алшақтықты ерекше атап өткен жөн. Әуелханов барлығы 234 (101 + 133) келі салмақты, ал Чонтей 225 (100 + 125) келіні бағындырды. Әлем кубогында Арли 258 келі (120 + 138), 2019-жылғы Әлем чемпионатында 263 келіні көтерген еді. Бұл жолы тәжірибелі спортшыға әдетте көрсетіп жүрген нәтижелеріне қол жеткізу үшін не кедергі болғаны белгісіз. Бәлкім спортшының бабына карантин әсер еткен болар?

Сонымен қатар бүгін чемпионат аясында ауыр атлетші қыздар да сынға түсті. 59 келіге дейінгі салмақ бойынша Зульфия Чиншанло жеңімпаз атанып, мықтылығын тағы бір дәлелдеді. Алматы облысының өкілі Махаббат Серікболқызы 168 (77+91) келіні бағындырып, 2-орынға ие болса, қызылордалық Аяжан Нұржан 160 (71+89) келіні көтеріп, үздік үштіктің қатарынан табылды.

Ермұхамед Мәулен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу