Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына жолдаған үндеуінен кейін "Атамекен" ұлттық кәсіпкерлер палатасының басқарма төрағасы Абылай Мырзахметов әлеуметтік желі арқылы мәлімдеме жасады.
Ол ұлттық кәсіпкерлер палатасының жанынан құрылған жедел штабқа төтенше жағдай кезінде Нұр-Сұлтан, Алматы қалаларынан 12 500 кәсіпкер хабарласқанын, олардың 80%-ы ШОБ өкілі болғанын баяндады.
"Президент зейнетақы, мемлекеттік жәрдемақы және атаулы әлеуметтік көмек мөлшерін 10%-ға индексациялау және ең төменгі жалақы мөлшерінде мемлекеттен көмек алатын азаматтардың санатын кеңейту арқылы ел азаматтарына ерекше қолдау көрсетті. "Жұмыспен қамту -2020" жол картасы арқылы ірі қалалардағы жастарға мүмкіндік берілді", – деді басқарма төрағасы.
Абылай Мырзахметов сөз арасында қиын жағдайды бастан өткергеннен кейін ел экономикасы қалай дамитынын тілге тиек етті.
"Бізге ары қарай қалай өмір сүреміз деген сауал түсіп жатыр. Әрине, болашақта өмір бұрынғыдай болмайды, өзгереді. Біз бизнестің барлық көшбасшыларын, сарапшыларды, жауапты мемлекеттік органдардың өкілдерін экономиканың құрылымы қандай болады, қай секторларға қолдау көрсетілуі керек деген сұрақтарды талқылауға шақырамыз. Біз халықтың табысы бұрынғыдай болмайтынын және олар шығындарын шектейтінін жақсы түсінеміз. Мемлекеттің де табысы төмендейді. Мұнай секторының сыр беріп жатқанын да біліп отырмыз. Бұл сала бюджеттің негізгі бөлігін құрап отыр", – деді басқарма төрағасы.
Абылай Мырзахметовтың мәлімдеуінше, мұнай компанияларының әлеуеті әлсірейді. Ал агроөнеркәсіптік кешен мен тамақ өнеркәсібі қарқын алады.
Басқарма төрағасы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев үкіметке ауыл шаруашылығы саласын ерекше бақылауда ұстауды тапсырғанын тілге тиек етті.
"Бұл сала экономиканың локомотивіне айналуға және барлығымызды асырауға тиіс", – деді Абылай Мырзахметов.
Оның айтуынша, коронавирустың кесірінен пайда болған жаһандық дағдарыс алдағы уақытта цифрландыруға, адам капиталын дамытуға және білімге басымдық берілуге тиіс екенін көрсетті.
"Болашақта жүйе тұтас өзгереді. Мемлекет пен бизнес ақылды әрі цифрлы қарым-қатынасқа көшеді. Бізге осыған дайындалу керек", – деп қорытты сөзін Абылай Мырзахметов.
Қанат Махамбет