"Ахуалдың оңай емес екеніне көзіміз жетті. Бастысы мемлекет, Президент, Төтенше жағдайлар жөніндегі комиссия тарапынан жасалып жатқан шараларды қолдауымыз керек. Әсіресе, кәсіпкерлер осы режимді, ережелерді сақтаса деймін", – деді палатаның Басқарма Төрағасы.
Сонымен қатар Абылай Мырзахметов төтенше жағдай жарияланғалы бері кәсіпкерлермен кері байланыс орнатуға көп көңіл бөлінгеніне тоқталып өтті. Аз уақыттың ішінде бизнес иелерінен 8 мыңнан астам сауал келіп түскен.
Бұл ретте мемлекет басшысы Төтенше жағдайлар жөніндегі комиссия мен "Атамекен" кәсіпкерлер палатасы бірігіп, жұмыссыздық мәселесін шешу бойынша нақты шаралар қабылдауды тапсырды.
"Президент атап өткендей қызмет көрсету мен сауда саласында республика бойынша 1,6 млн-ға жуық адам жұмыс істейді. Алдағы уақытта олардың 500 мыңға жуығы штаттан тыс қалуы мүмкін. Кәсіпорындар оларды қысқартуға немесе мезгілсіз демалысқа жіберуге мәжбүр болып отыр. Екі күннің ішінде Төтенше жағдайлар жөніндегі комиссия, соның ішінде Премьер-министр кәсіпкерлер палатасымен бірігіп, нақты шаралар қабылдауға тиіс. Әсіресе, шағын бизнестің штаттағы адамдарға төлейтін қоры болмаса, оны алдағы 2-3 айдың ішінде мемлекет өз мойнына алады. Осылайша оларға ең төменгі жалақы, яғни, 42500 теңгеден төленеді. Ал оны халыққа қалай жеткіземіз? Мемлекет басшысы осы механизмді екі күннің ішінде ойластыруды тапсырды", – деді Абылай Мырзахметов.
Осылайша еліміздің әр өңіріндегі кәсіпкерлер палатасында арнайы жұмыс топтары құрылып, халықтан өтініш қабылдау, оны өңдеу мәселесі шешіледі. Бұл жұмыстарға банктер мен өзге де мемлекеттік органдар атсалысады.
"Ал екінші - несие мәселесі. Мемлекет басшысы кәсіпкерлердің несиелері бойынша үш ай уақытқа негізгі төлемін де, пайызын да, айыппұлын да тоқтату туралы тапсырма берген. Бұдан бөлек орта шағын бизнесті үш айға дейін барлық салықтан босату тапсырылды. Әлі де салық органдары тексерістер жүргізіп, есепшоттарды бұғаттауда. Мемлекет басшысы мұндай олқылықтарға жол бермеу керегін нақты айтты. Меніңше, екі күннің ішінде Премьер-министрдің басшылығымен жұмыс істейтін Төтенше жағдайлар жөніндегі комиссия барлығын ретке келтіреді. Сондықтан жоспарлы да, жоспарсыз да тексерулер тоқтатылауы керек", – деді Абылай Мырзахметов.
Құралай Құдайберген