Абзал Әжіғалиев: Қазақ баласының да шорт-тректе әлемдік деңгейде бақ сынай алатынын дәлелдегім келеді

300

Қазақстандық спортшылар Италияда өтетін қысқы Олимпиада ойындарына қызу дайындық үстінде. 

Абзал Әжіғалиев: Қазақ баласының да шорт-тректе әлемдік деңгейде бақ сынай алатынын дәлелдегім келеді Фото: olympic.kz

Ел намысын әлемдік ареналарда абыроймен қорғап жүрген елордалық шорт-трекші Абзал Әжіғалиев Милан–Кортина-2026 қысқы Олимпиадасына дайындықтың шешуші кезеңіне аяқ басты. Ұлттық құраманың көшбасшысы Астанадағы "Алау" мұз сарайында өткен ашық жаттығу барысында басты мақсаты – Олимпиада жүлдесін жеңіп алу екенін ашық айтты.

"Қазір "Алау" мұз сарайында соңғы жаттығуларымызды пысықтаудамыз. Барлық жағдай жасалған. Басты мақсат – Олимпиадаға ең жоғары физикалық дайындықпен бару", – деді Абзал Әжіғалиев.

Дайындық барысында спортшылардың денсаулығына ерекше мән беріліп, Әлем кубогы кезеңдерінде кеткен қателіктер жан-жақты сарапталып жатыр.

"Әлем кубоктарындағы жарыстар біз үшін үлкен тәжірибе болды. Сол бәсекелерде жіберілген кемшіліктерді талдап, қазір олқылықтардың орнын толтырудамыз", – деп атап өтті ол.

Милан–Кортина-2026 қысқы Олимпиадасы Абзал Әжіғалиевтің спорттық жолындағы төртінші Олимпиадасы болмақ. Бұған дейін ол 2014 жылғы Сочи Олимпиадасында ерлер эстафетасында 5-орын алса, 2022 жылы Бейжіңде 500 метр қашықтықта 4-орынға табан тіреді.

"Балалық шағымнан бергі арманым – Олимпиада медалін жеңіп алу. Қазақ баласының да шорт-тректе әлемдік деңгейде бақ сынай алатынын дәлелдегім келеді. Бұл мен үшін өте жауапты кезең", – дейді ұлттық құраманың көшбасшысы.

Бейжің Олимпиадасынан кейін спортшы біраз уақыт халықаралық жарыстардан тыс қалып, жарақаттарын емдеуге және шетелде арнайы дайындықтан өтуге ден қойды.

"Төрт жылдық дайындық физикалық та, психологиялық тұрғыда да оңай болған жоқ. Бірақ сол кезеңде өзімді қалпына келтіріп, қайта оралуға мүмкіндік алдым. Алда шешуші сәт тұр. Милан–Кортина – біздің басты мақсатымыз. Жауапкершілікті толық сезінемін және бар күшімді саламын", – деп түйіндеді сөзін Абзал Әжіғалиев.

2025 жылы Абзал Әжіғалиев Қазақстан құрамасы сапында 5000 метрлік эстафетада Азия ойындарының тарихи алтын медалін жеңіп алды. Сонымен қатар ол Әлем кубогы кезеңдерінде тұрақты өнер көрсетті. Ал алдағы Олимпиадада спортшы 500 метр қашықтықта және аралас эстафетада ел намысын қорғайды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу