Адам мен жануар бір-біріне неге өшікті?

3873

Атыраудағы оқиға шетелдіктерді де бей-жай қалдырған жоқ. Халықаралық қауымдастық әлеуметтік желі арқылы Қазақстан жұртшылығына мұндай жауыздықты тыюды өтінуде.

Адам мен жануар бір-біріне неге өшікті?

Мәселенің мәнісіне тоқтала кетсек, "Мейірімді жүрек" волонтерлер ұйымы Instagram-да адамнан қорлық көріп, қатты жараланған иттің фотосын жариялады. Еріктілердің жазуынша, оның қожайыны итті көлігінің бамперіне байлап, көшемен сүйреткен.

"7 қаңтарда Атырау қаласының "Азаттық" көшесімен ресейлік нөмірі бар қара түсті ВАЗ итті артына байлап алып, көшемен сүйретіп өтті. Жүргізуші әйел оны қуып жетіп, тағы бір машинамен бірге оны тоқтатқан. Көліктен атып шыққан еркек "Мұның не масқара?" деген сұраққа жауап қатпастан итті көтеріп алып, жүк салатын орынға тастай салып, кетіп қалған. Куәгерлер жолдың үсті қанмен боялғанын айтады. Мұндай сорақылық қашан тоқтар екен?! Неге Атырауда осындай есерсоқтар көбейіп барады? Қасақана жасай ма, арандатушылығы ма? Полицияның оларға ештеңе істей алмай отыр. Бұл залымдар оңай жазамен құтылатынын біледі. Мәселені бей-жай қалдырмау керек. Үлкен қоғамдық резонанс тудыру қажет", – деп жазды жануарды қорғаушылар.

Көшедегі осы сұмдық көрініс бейнеленген видеоролик те паш етілді. Ветеринарлар иттің жарасын емдеп, таңып тастады. Оның жарақатынан ішке еніп кеткен үшкір тастарды суырып алуға тура келіпті. Еті сүйегіне дейін сүріліпті. Алдағы уақытта итке келтірілген залалды бағалау үшін сараптама өткізіледі. Бұл айып тағу үшін қажет көрінеді.

Полиция қызметкерлері бейнежазбадағы көлік пен оның нөмірі бойынша күдікті жүргізушіні тауып алды. Ол Атырау қаласының тұрғыны болып шықты. Атырау облысының полиция департаментінің баспасөз қызметінің дерегінше, аталған факті бойынша Қылмыстық кодекстің "жануарларға қатыгездiк жасау" деп аталатын 316-бабына сай сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде. Егер сот күдіктіні айыпты деп таныса, онда оған 120 АЕК-ке (350 мың теңгеге) дейінгі мөлшерде айыппұл салынады немесе ол 30 тәулікке дейін қамаққа алынады.

Өткен жылы ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен жануарларға қастандық жасаған, жәбірлеген адамдарға тағайындалатын жазаны қатайту туралы заңды депутаттар құптаған еді. Оған сәйкес, қаскөйлер 1,5 жылға дейін темір торға қамалуы мүмкін. Дегенмен, бұл заң әзірге күшіне енбеген.

Белгілі болғанындай, волонтерлер жаралы итті оның иесінің ауласынан тауып алған. Ол дәретхананың артына тығылып, паналаған екен. Зардап шеккен ит белгілі бір уақыт кинология орталығында болған, кейін оны волонтер өзімен бірге алып кетіпті.

Әлеуметтік желіде пікір білдірген азаматтар ит иесін аяусыз айыптауда. Олардың байламынша, осындай жандар жас ұрпаққа жаман үлгі болады: балалар да жануарларды жәбірлеуге бой ұрады.

"Байғұс иттің өзін қорғай алмайтынын білетіндіктен солай еркінсиді. Мұндайларды ешбір жер түземейді. Ондай жауыздардың жануарға жасағанын өзіне жасау керек!" – дейді шетелдік пікір білдірушілердің бірі. Әйткенмен, күдіктінің кінәсін және жазасын тек сот анықтайды.

Кейбір қоғам белсенділері мен еріктілер азаматтарға ит пен мысық асырауға жаппай тыйым салуды ұсынуда. Осы үй жануарларын ұстағысы келетіндер психологтың тексеруінен өтіп, жергілікті құзырлы органдардың рұқсатын алғаны жөн. Әйтпесе, бір күні төрт аяқтыны көшеге лақтырып тастайды. Ал олар кейін жабайыланып, қаны қараяды, адамдарға тап беруі мүмкін.

Мысалы, Қапшағай қаласының тұрғыны Игорь Дикевич 2020 жылғы желтоқсанда немере жиенін қаңғыған иттер талап кеткенін айтады.

"Кішкентай жиенім қаладағы балалардың спорт мектебінен үйіне оралып келе жатқан. Қалалық паркті кезген қабаған иттер тап беріпті. Бақытына орай, өтіп бара жатқан жасөспірім көмекке келіп, арашалап алған. Сол күні дәл сол жерде иттер үйірі балабақшадан қарындасын алып келе жатқан бозбалаға жабылған. Бір әйел де солардан зардап шегіпті. Мұны мен қайдан білдім? Олардың барлығы медициналық көмек алу үшін ауруханаға жүгінді. Қаламен жүру қауіпті болып барады. Балалар сыртқа шығудан қорқады", – дейді Игорь Дикевич.

Бұған ұқсас шағымдар әкімдіктерге өзге өңірлерден де келіп жатыр.

Өткен жылғы 22 және 23 маусымда, сондай-ақ 4 тамызда Нұр-Сұлтаннан тараған хабарлар да қоғамды қатты тіксінтті: бәрінде де балалар мысықтарды көпқабатты үйлердің терезесінен лақтырып жіберген.  Бір мысықты 6 жастағы бала өлтірген.

"Бірде анамыз екеуіміз үйге келе жатқанда дәл алдымызға мысық топ ете қалды. 4 не 5-қабатта сарт етіп жабылған терезенің дыбысын естідік. Тасқа құлаған марғауға көмектесу мүмкін емес еді. Байғұс қалшылдап, дірілдеп, артқы аяғын бірнеше рет серпіп барып, жантәсілім етті. Мұны кімнің жасағанын сол кезде көре алмай қалғаныма өкіндім", – дейді елорда тұрғыны Кәмшат.

Адамдар да, хайуандар да бір-біріне өшігіп бара жатқан сияқты.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу