Адам өлтіріп 4 жыл бойы қашып жүрген күдікті Мәскеуде ұсталды

17040

Түркістан облысы Сарыағаш ауданында полицейлер аса ауыр қылмыс жасап, төрт жыл бойы іздеуде жүрген күдіктіні ұстады.

Адам өлтіріп 4 жыл бойы қашып жүрген күдікті Мәскеуде ұсталды

Оқиға 2015 жылдың 22 мамыр айында болған. Сарыағаш ауданының аумағында орналасқан ауылдық емханадан "екі аяғынан атыс қаруымен жарақаттанған" деген диагнозбен ер адам жеткізілгені туралы хабарлама кеп түскен.

Полицейлер тексеру жұмыстарын жүргізу барысында ауылдас екі жігіттің арасында кикілжің туындап, ерегіске ұласқанын анықтаған. Сөз көтере алмаған күдікті жәбірленушіні екі танысының көзінше екі ауыздық мылтығымен атып салған. Алған дене жарақатынан жәбірленуші емханада қайтыс болған.

"Аталған жайт сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне енгізіліп, ҚР ҚК-нің 99-бабы "Адам өлтіру" бойынша тіркеліп, қылмыстық іс қозғалған. Куәгерлерден жауап алу барысында 2019 жылдың 26 мамырында күдіктінің түр-тұлғасы анықталып, аса ауыр қылмыс жасаған тұрғынның тергеуден жасырынып, бой тасалап жүргендігі ескеріліп, оған іздестірілу жарияланған. Осы жылдар аралығында тәртіп сақшылары қылмыскерді іздестіруді жүйелі түрде жүргізіп істі тоқтатпай, барлық полиция бөлімдеріне, тіпті халықаралық деңгейде іздестіру жұмыстарын жүргізген", –деп хабарлайды Түркістан облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі.

Аталмыш қылмыстық істі ашу мақсатында Сарыағаш АПБ-нің полицейлері адам өлтірген күдіктіні ұстау үшін қажетті деген барлық іс-шараларды жылдам іске асырды. Күдіктінің Ресей Федерациясы, Мәскеу қаласында жүргендігі анықталып ұсталған. 2019 жылдың 1 шілдесінде ол Ресей Федерациясынан Шымкент қаласындағы ИЧ-167/11 мекемесіне жеткізілді.

Қазіргі таңда Сарыағаш АПБ-нің тергеу бөлімшесімен осы қылмыстық іске байланысты тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде.

Арай Есенбек

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу