2005 жылдан 2022 жылға дейінгі кезеңде 588 адам траффикинг құрбаны болды. Бұл туралы бүгін Azattanu.kz сайтының таныстырылымында айтылды, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.
"Родник" әлеуметтік-психологиялық оңалту және бейімдеу орталығы" ҚҚ мәліметінше құрбандардың 322-cі әйел адам, 266-сы ер адам. 2022 жылдың екі айында 4 кісі адам саудасының (траффикинг) құрбаны болды. Ал БҰҰ мәліметінше әлемдегі траффикингі (адам саудасы) құрбандарының 70%-дан астамы қыздар мен әйелдер, ал барлық құрбандардың үштен бірі балалар.
Адам саудасы әлемде қару-жарақ пен есірткіні сатудан кейінгі қылмыстық кіріс бойынша үшінші орынды алады. Бұл қылмыстық бизнестің әлемнің барлық мемлекеттеріне, оның ішінде Қазақстанға да әсері бар.
Біздің елімізде адамдарды көбінесе жыныстық және еңбекке пайдалану мақсатында сатады.
Қазақстанға табыс табу үшін басқа елдерден келген мигранттар адам саудагерлерінің құрбанына айналатын жайттар да кездеседі. Мұның алдын-алып, ақпарат тарату үшін Social Development Center қоғамдық қоры Қазақстандағы АҚШ Дипломатиялық миссиясының қолдауымен Azattanu.kz сайтын іске қосқан.
"Аzattanu.kz ақпараттық ресурсы адам саудасының түрлері мен құлдыққа түсу қаупі туралы пайдалы материалдар жариялайтын сайт. Сайт қазақ, орыс, қырғыз және өзбек тілдерінде жұмыс істейді. Сайттан қауіпсіз көші-қон, шетелде жұмыс істеу және адам құқықтары жөніндегі халықаралық ұйымдардың жадынамаларын табуға болады. Жеке блок Қазақстандағы және әлемдегі адам саудасы мәселелері тақырыбындағы жаңалықтарға арналған. Ресурс үнемі өзекті ақпаратпен жаңартылып отырады", – дейді Social Development Center ҚҚ атқарушы директоры Біржан Қазтұрғанов.
Сайтта түрлі ақпаратпен қатар еліміздің әртүрлі өңірлерінде адам саудасының құрбаны болғандарға кәсіби көмек көрсететін үкіметтік емес ұйымдар мен дағдарыс орталықтарының байланыстары және мекенжайлары көрсетілген. Сондай-ақ жедел желі – 11616, кезекші адвокат нөмірі де бар.
Walk Free коммерциялық емес ұйымының 2018 жылы жүргізген зерттеуіне сәйкес, Қазақстан жаһандық құлдық индексі кестесінде 83-орында. ҚР Ішкі істер министрлігінің статистикасы бойынша 2021 жылы елімізде адам саудасы бойынша 103 қылмыстық іс қозғалды, оның ішінде 128-бап бойынша 5 қылмыстық іс, кәмелетке толмаған адамдарды сату бойынша 10 қылмыстық іс, сондай-ақ ұйымдасқан қылмыстық топ құру, басқару және оған қатысу бойынша 4 іс. Осы бап бойынша елімізде 50 адам сотталды.
Құралай Құдайберген