Адамдар жаппай бір "вирусқа" шалдығып жатыр

2122

Бұл проблема, әсіресе, қазіргі сайлау барысында өзекті.

Адамдар жаппай бір "вирусқа" шалдығып жатыр Фото: scientificamerican.com

Қазақстандағы парламенттік дода аясында үгіт науқаны түгесілуге таяды. Оның барысында біраз лас технологиялар қолданылғаны жасырын емес. Кандидаттар әлеуметтік желілердегі парақшаларына төл бейне-фотосы жоқ, тек жабар жаласы, тағар жалған айыбы бар боттардың үстемелеткен шабуылына ұшырағанына шағымданады.

Сондай-ақ кандидаттардың бір-біріне қарсы шындыққа жанаспайтын ақпарат таратуы белең алды. Астананың мамандандырылған ауданаралық сотының хабарлауынша, партияға қатысты келеңсіз сөз айтқаны үшін істі болған елордалық өзін-өзі ұсынған кандидат сотта жеңіліп қалды. Сот оған айыппұл салды.

Жалпы, демократия жүрген жерде дезинформация өрті де қаулайды. Бірақ адамдардың бойында бұл індетке қарсы иммунитет бар ма? Жоқ болса, онда қандай "вакцина" қолдануға болады?

Америкалық Scientific American журналының дәйектеуінше, егер адамдарға қоғамдық пікірді манипуляциялаудың әдістерін түсіндіріп отырса, онда адамдар бойында жалған ақпараттар легіне қатысты төзімділік қалыптасуы мүмкін.

Poynter Institute for Media Studies коммерциялық емес ұйымы жүргізген зерттеу қорытындылары көңілсіз көріністі көрсетті: ақпарат айдынында ақты аладан, ақиқатты жаладан айыруға тіпті оқымысты, білімді адамдардың да санасы жете бермейтін болып шықты.

Бұл ретте кең ауқымды сауалнамаға қатысқан респонденттердің 62% интернетте, әлеуметтік желілерде шатастыратын, тіпті адастыратын ақпараттарға жиі жолығатындарын және сеніп қала беретіндерін жеткізген.

Әрине, жағдай біршама жақсарғаны аңғарылады, себебі, 2019 жылғы зерттеуде әрбір он адамның тоғызы фейк ақпараттың жетегінде кеткенін мойындаған болатын.

Кембридж университетінің әлеуметтік психологы Сандер ван дер Линден (Sander van der Linden)  адамдардың жалған ақпараттарға неге сенетінін, ең жаманы, неге оны ары қарай ерікті түрде тарататынын және бұл зұлматты қалай тоқтатуға болатынын зерттеп келеді. Соның негізінде ол "Ақымақтықтан қорғаныс: дезинформация санамызға қалай жұғады және иммунитетті қалай қалыптастырамыз" (Foolproof: Why Misinformation Infects Our Minds and How to Build Immunity) атты кітап жазып шықты.

Ғалым Линден бұл феноменді түсіндіргенде медициналық терминдерді қолданды.

"Фейк ақпараттар вирусқа қатты ұқсайды. Бар айырмашылығы, вирустың қызметін қоздырғыш ақпарат атқарады. Вирус сияқты фейк те адамнан адамға жұғады, бір-бірімізге береміз. Сөйтіп лезде айналаға тарап кетеді. Егер дезинформация вирус сияқты таралса, онда адамдарға оған қарсы екпе егуге бола ма?  Психолог Билл Макгуайр 1960 жылғы еңбегінде "миды шаюдан" қалай қорғануға болатынын зерттеді. Ол да ұқсас пікір айтады. Бұл бізді осы салада зерттеулердің тұтас бағдарламасын жүзеге асыруға итермеледі", – деді әлеуметтік психолог.

Фейкті қалай жұқтырамыз?

Кез келген вирус адамның иммунитетін, ағзаларын шабуылдағанда, соның ішінде жасуша-клеткалардың әлсіз тұстарын іздеп, соған соққы береді, ішіне баса-көктей кіріп, оның бір бөлігін жаулайды.

Жалған ақпарат та адам санасына ұқсас шапқыншылық жасайды. Ғалымдардың айтуынша, дезинформация санадағы когнитивтік ақауларды іздейді, соларды өз орайына пайдаланады. Ақыр соңына ішке бір кіріп кетсе, жалған ақпарат адамның жады мен естеліктеріне де жұғады, оның қабылдайтын шешімдеріне де теріс ықпал етеді.

Мысалы, 2014 жылдан бері тоқтаусыз жүрген пропаганда кесірінен Ресей халқының үлкен бөлігі В.Путинің: "Украина деген ұлт жоқ, бұл республиканы Ленин ойлап тапқан, ол Ресейдің бір бөлігі ғана" деген еш ақылға сыймас сандырағына шын сеніп қалды.

Сандер ван дер Линден бұл құбылыстың тағы бір құралын сипаттады: ол адамның бойында "иллюзиялық ақиқатты" тудырады. Яғни, бір тұжырымды адам бірнеше рет, қайта-қайта естісе, соған бек сенеді.

Мысал келтірсек, Қазақстанда "мандариндерді жемеңдер, оларға СПИД вирусы жұқтырылыпты" деген фейк жиі бас көтеріп тұрады. Денсаулық сақтау министрлігі оны әлденеше рет жоққа шығарды: "Мандариндер инфекция, вирус тарату факторы болып табылмайды. Вирустар тамақпен берілмейді" деп түсіндірді. Соған қарамастан, әлгі жалған ақпарат шыққан сайын халық соған риясыз сеніп, аман сақтап қалу үшін туған-туысқандарына дереу таратып жатады. Тіпті мандарин жемейтін адамдар көбейді.

Ғалымдар бұған адамдар кінәлі болмауы мүмкін екенін ескертеді: тіпті жалған болғанның өзінде бірнеше рет және әр ақпарат көзінен естіген дерексымақ шындыққа жанасымды көрінеді. Себебі, адам санасы ағзаға қауіп төндіруі мүмкін жайттардан қорғануға құрылған. Егер бірнеше адам әлдебір жемісті жеме, улы десе, онда топтағы өзге адамдар сынап көргеннен гөрі соған сене салғанды жөн көреді.

Фейк ньюз вирусына қарсы екпе қандай?

Scientific American басылымы ғалымдардың ақылына жүгініп, халықты жалған ақпаратқа елігуден қорғаудың, яғни дезинформацияға қарсы "вакциналаудың" тетігін түсіндірді.

Ол екі бөліктен тұрады. Біріншісі Міржақып Дулатұлы өсиет еткен "Оян, қазақ!" идеясына ұқсас: сауаттандыру керек.

Өйткені, ғалымдардың түсіндіруінше, физиологиялық иммунитеттен ерекшелігі, психологиялық иммундық жүйе уақыттың көп бөлігін "қалғумен" өткізеді. Мимырт тірліктің қалыбына түскен адам үшін бір күн екіншісіне ұқсап, ол айналаны үйреншікті ауанда қабылдайды. Ал ескерту осы психологиялық иммунитетті іске қосады.

Мысалы, соңғы жылдары Ресейден, өзге елдерден қоңырау шалатын алаяқтар қазақстандықтарды қан қақсатумен болды. Сонда бірқатар сарапшылар мен байқампаз адамдар олардың қазақстандық орыстілділерге тән емес акценті болатынын, "тэнгэ" деп сөйлейтінін ескертті. Осыдан кейін біраз адам шетелдік қаскөйлер құрған тұзақтан құтылып кеткендерін айтып, әлеужеліде бөлісіп жатты.

Қайта-қайта ескерту, түсіндіру жұмыстарын жүргізу адамдардың сауаттылығын арттырып қана қоймай, оларда скептицизмді, келесі жолы ондай жайтқа күмәнмен қарауды күшейтеді.

Екінші бөлік адамдардың бойына вирустың әлсіретілген дозасын вакцина түрінде егуге ұқсас екен. Кейбір жағдайда сарапшылар жалған ақпараттар мен кеңестерді өздері таратады да, ізінше оны жоққа шығарады. Сол арқылы адамдарға сол бағыттағы дезинформацияға төзімділікті қалыптастырады.

Осы мақсатта америкалық ғалымдар Google-мен ынтымақтасып, видеороликтер сериясын жасады. Онда жалған ақпарат беріледі де, сол жерде жоққа шығарылады. Сонымен қатар YouTube-тегі манипуляция әдістері түсіндіріледі.

Google сарапшылары дезинформацияның тағы бір танымал түріне назар аудартты: ол "жалған таңдау" немесе жалған дилемма аталады. Бұл жағдайда азаматтарға әлдебір таңдау берілген сияқтанады, шынында онда еш таңдау жоқ. Google сарапшылары бұдан біраз жыл бұрын Сириядағы террористік топтар қолданған: "не сен жаман мұсылмансың, немесе сен Даешқа қосылуға тиіссің" деген қауіпті дихотомияны еске салды.

Ұқсас әдісті ресейлік пропаганда да кең қолданады. Мысалы, Маргарита Симонян: "Не Ресей жеңуге тиіс, не бұл соғыс бүкіл әлемді құртып тынады" деп уағыздап жүр.

Немесе, РФ Мемдума басшысы В.Володин: "Путин болса, Ресей болады, Путин болмаса, Ресей де болмайды" деген саяси тезисті тұжырымдады. Яғни, бұл жағдайда ресейліктерге шын мәнінде еш таңдау берілмейді.

Ғалымдардың пікірінше, осының бәрін түсіндіріп отырса, онда азаматтар келесі жолы әлдекім ұқсас әдісті қолданғанда, мұның қоғамдық пікірді қарау ниетке пайдалану талабы екенін түсінеді.

Дегенмен, көңілсіз жаңалық та бар: зерттеулер көрсеткендей, әдетте адамдардың 4% ғана фейктің фейк екенін бірден біледі. Қалғандарына оны тану үшін өзгенің көмегі, ақылы қажет екен. Олай болса, бұл күрес тоқтаусыз жалғасатын түрі бар.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу