Адамзат үшін ең құнды қазба көп ұзамай таусылуы мүмкін

587

Сәуірдің алғашқы онкүндігінде Ядролық энергия жөніндегі агенттік пен Халықаралық атом энергиясы жөніндегі агенттік "Қызыл кітап" баяндамасын жариялады. Бір назар аудартар тұс, баяндамада "2080 жылға қарай қазір анықталған уран қорлары сарқылады" деген болжам бар. Адамзат мұнай дәуірінің аяқталатыны жөнінде жиі болжамдар айтады, ал уранның осынша тез таусылуы мүмкін бе?  

Адамзат үшін ең құнды қазба көп ұзамай таусылуы мүмкін Фото: afrinz.ru

Financial Times мәліметінше, қазір әлемде ядролық энергетикаға қызығушылық 1970 жылдардағы мұнай дағдарысы кезеңіндегідей өте жоғары. 2020 жылдан бері ядролық энергетикаға салынған жыл сайынғы инвестиция шамамен 50 пайызға артқан. Ал 2050 жылға қарай ядролық қуат 130%-ға күшейеді. Осы қарқын сақталар болса, 2080 жылға қарай әлемде қазіргі белгілі уран қорларының бәрі сарқылады.

АҚШ, Ұлыбритания және Оңтүстік Корея ядролық энергетикасын 2050 жылға қарай едәуір арттыруды көздеп отыр. Бұған қоса, Microsoft, Amazon секілді алпауыт компаниялар да ядролық энергетикаға инвестиция құйып жатыр. Олар озық технологияға, қуатты мәлімет қоры орталықтарына, жасанды интеллект жүйелеріне баса назар аударған.

Сала өкілдері батыстың энергетика компаниялары сұраныс артуына байланысты уран тапшылығы туындай ма деп қауіптенеді. Бұл тұста уран бойынша әлемдік нарықтың 43 пайызын Қазақстан алып отырғанын айта кетейік. 

2022 жылы Қазақстан өндірген уран көлемі Канада, Намибия, Австралия және Өзбекстан секілді төрт ел өндірген өнімнен де асып түсті. МАГАТЭ есебінде 2023 жылы әлемде шамамен 8 млн тонна уран қоры анықталғаны жазылған. Дегенмен әлі де анықталмаған қорлар болуы мүмкін, кей елдер толық ашпай отырса да таңғалмаймыз.

Алайда Қазақстан өндірісті арттырып жатыр, 2024 жылы уран өндірісін тағы 10% өсірген. 2023 жылы бұл көрсеткіш 21 112 тонна болса, 2024 жылы елімізде 23 270 тонна уран өндірілді. Алайда былтыр сатылған уран көлемі 8%-ға азайып, 16,6 мың тоннаны құрапты. Осылайша, "Қазатомөнеркәсіп" ұлттық атом компаниясының 2024 жылғы таза пайдасы екі есе өсіп, 1,13 трлн теңгеге жетті.

Осы тұста Қазақстандағы уран қорларына қандай компаниялар иелік етіп жатқанын айта кетсек. Елде 567 мың тонна уран қоры болса, оның 53 пайызы (301 мың тонна) "Қазатомөнеркәсіпке" тиесілі. Ал 25 пайызына (141 мың тонна) ресейлік "Росатом" иелік етіп отыр. Қалғанын канадалық, қытайлық, франциялық және жапониялық компаниялар иемденген.

Дегенмен компаниялардың анықталған қордан бөлек, потенциалды ресурстары бар. Бұл жағынан да "Қазатомөнеркәсіп" көш бастап тұр, 509 мың тонна ресурсы бар. "Росатомның" мүмкіндігі 193 мың тоннаға бағаланған екен. Жоғарыда аталған 4 елдің компаниясының ресурсы біріккенде 148 мың тонна болады.

Әлем нарығында қазір ең үлкен тұтынушы Америка, байытылған уранның 60 пайызын алып отыр. Бұдан кейін Қытай, Ресей, Франция. Соңғысы өткен ғасырдан бері энергияны ураннан алу тәжірибесін толыққанды енгізуге таяу. Мысалы, Франция шамамен электр энергиясының 80 пайызын ураннан алып отыр.

Жер бетінде кез келген ресурс шектеулі екені анық. Мұнай, су, газ, сол секілді уран да шектеулі. Сондықтан адамзат баламалы энергия көзі аталатын жел және күн көздерін таусылмайтын ресурс ретінде қарастырады. Жоғарыда МАГАТЭ болжамы қазір қолда бар уран қорына ғана қатысты екенін жеткіздік.

Энергетика саласының сарапшысы Абзал Нарымбетовтің пайымдауынша, 2080 жылға дейін көптеген уран қорлары анықталуы мүмкін, потенциалды кен орындары бар. Яғни, алдағы уақытта бұл болжамды кезең созыла беруі мүмкін.

– Өткен ғасырда өмір сүрген америкалық геофизик Мэрион Кинг Хабберт "1978 жылы мұнай таусылады" деп айтқан. Қараңыз, одан бері жарты ғасыр өтті, Солтүстік теңізде мұнай табылды, тақтатас мұнайы шықты. Мұнда актуальды бір дүние – пик, яғни, кез келген нәрсе шегіне жеткенде қайта құлдырайды деп айтып жатамыз. Бірақ осыны ұстап тұрған – жаңа технология. Инновацияның келуі, жаңа тәсілдердің ойлап табылуы қорларды толтырды. Қазір мұнай шегіне 2040 жылы жетеді деген болжамдар бар. Кезінде "мұнай шегіне 2019-2020 жылы жетеді" деген сарапшылар болжамын кері қайтарып алып жатыр, – дейді маман.

Сарапшының сөзінше, қорлардың толығып отыруына бір жағынан бағаның әсері бар. Мұнай кей кезде ауытқығанымен, негізгі бағасын ұстап тұр. 2000 жылдары уран бағасы құлдыраған, қазір ол да қайта көтерілуде. Сондықтан бұл кезеңдер, болжамдар бәрі аумалы цикл екенін ескерген жөн.

1945 жылы уран қоры бойынша көшбасшы Америка болса, қазір Аустралия. 2-орында Қазақстан, дегенмен нарықта 1-орынды алып тұр.

– Қазір қорлардың азайып жатқаны шынымен байқалады. Осыдан 10 жыл бұрын "Қазатомөнеркәсіп" бір қателік жіберді: уранды нарыққа көп шығарамын деп бағасын түсіріп алды. Жасанды интеллект, ақпаратпен жұмыс істеу үшін алпауыт компанияларға сөзсіз энергия керек. Сондықтан эксперимент ретінде модульдік реакторлар сыналып жатыр. Бірақ барлығы келешектің жобалары. Энергия болмаса түгел адамзаттың дамуы тоқтап қалады. Адамзат үшін уран мұнайдан да маңызды. Неге? Мұнай тікелей энергия өндіруге бағытталмайды, көбіне жанармайға айналады. Ол жоқ болса орнын газ баса алады. Ал уран энергия көзі болғандықтан, адамзат келешегі оған мұқтаж, – деп түсіндірді Абзал Нарымбетов.

Ашық дереккөздерде уранның 1 фунты (0,45 келі) 2024 жылдың соңына қарай 80,5 долларға сатылып келгені жазылған.

Қорыта айтқанда, МАГАТЭ болжамына үреймен қарауға негіз жоқ, уран қорлары әлемнің көп елінде әлі де табылуы мүмкін. Шамасы, кей өндірушілер бағаның өскенін күтіп шектеу енгізіп отырған секілді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу