Әдебі әлсіреген шенділер жазаға тартылды

Шиелілік шенділер карантинде туған күн тойлаған.  

Әдебі әлсіреген шенділер жазаға тартылды

Карантин талабына бағынбаған мемлекеттік қызметшілер туған күн тойлап, сот қызметкері көлікті мас күйінде жүргізген. Шектен шықан шенділерді тәртіпке салған әдеп жөніндегі кеңес осы және де өзгеде  мәселелерді талқыға салды.

Әдеп кеңесінің отырысы Қармақшы ауданындағы профилактикалық жұмыстардың есебін тындаудан басталды. Жыл басынан бері ауданда орындаушылық тәртіп бойынша кемшіліктерге жол берген 12 мемлекеттік қызметшіге тәртіптік шара көріліпті. Мұнан соң Қызылорда қалалық коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары және тұрғын үй инспекция бөлім басшысы орынбасарының тәртіптік жауапкершілігі қаралды. Себеп, шахардағы бірқатар көшедегі аялдамалар мен жаяу жүргіншілер жолын орнатуда кемшіліктер анықталды, дейді қадағалаушы орган өкілдері. Дегенмен жұмыс әлі аяқталу мерзіміне жетпегендіктен кеңес мүшелері істі тоқтатуға шешім қабылдады.

Әдеп кеңесіне түскен істердің тағы бірі карантин тәртібіне қарамай туған күн тойлаған мемлекеттік қызметшілерге қатысты. Шиелі ауданы әкімдігінің 4 қызметкері ортақ танысының туған күнінде болыпты. Олардың қатарында аудан әкімі аппаратының басшысы мен бас маманы, аудандық жұмыспен қамту әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімі басшысының орынбасары және ішкі саясат бөлімінің жетекші маманы бар.

Аталған тәртіптік істерді қарауға "Youtube" сайтының "Ағалық болашақ" каналында жарияланған "Қызылорда облысы халықтың басына түскен ауыртпашылықты тойлауда ма?" атты бейнежазбасы негіз болған.

Нақтырақ айтқанда, әлеуметтік желіде тараған бейнежазбада шиелілік шенеуніктердің карантиндегі шектеулерге қарамастан, туған күн тойлап жатқаны жарияланған. Аталған тұлғалар азаматтар тарапынан сыни пікірлердің туындауына себепкер болды.

"Мемлекет басшысының Жарлығын іске асыратын сол аумақтағы органсыздар. Ал сіздердің туған күн тойлап жатқандарыныз бізді қынжылтады. Мына хабарлама жасап отырған блогеріңіз сіздің қатеңіз үшін облыс басшысын атап, сіздерге бағыттап жатыр. Мемлекеттік қызметшіге жараспайтын этика, өте ұят қылық", – деді әдеп жөніндегі кеңес төрағасы Нұрман Талқанбаев.

Тәртіптік істердің материалдарымен танысқан кеңес мүшелері, "Әдеп кодексі" талаптарын бұзғаны үшін Шиелі ауданы әкімі аппаратының басшысына "сөгіс", мемлекеттік қызметшілеріне "ескерту" жазасын берді.

Әдеп жөніндегі кеңес отырысында қаралған кезекті мәселеде той тойлап жүрген әкімге қатысты болды.

Департамент қызметкерлерінің әлеуметтік желілерге мониторинг жүргізу барысында "Фейсбук" желісіндегі "Мемлекеттік қызметкерлерге жаза жоқ па?" атты сыни жазба жарияланғандығы анықталды. Атап айтқанда, Қандөз ауылдық округі әкімі карантин режиміне қарамастан табиғат аясына көпшілікпен барғаны, олардың санитарлық бетпердесіз отырғаны жөнінде сыни пікірлер білдірілген. Осының нәтижесінде ауыл әкімі де қатаң сөгіс алды.

Шарада облыс әкім аппаратының әдеп жөніндегі уәкілі жартыжылдықты қорытындылады. Қызметтік көліктерді мақсатты пайдалану мәселесі ерекше назарда екенін айтты. Мұнан соң соттар әкімшісі тәртіптік комиссиясының жұмысы тыңдалды. Мәселен, сот қызметкерлерінің бірі мас күйінде көлік тізгіндегені үшін 15 тәулікке қамалып, көлік басқару құқығынан 7 жылға айырылған.

"2020 жылдың 20 шілдесінде тәртіп комиссия отырысында ішкі қауіпсіздік және соттардағы сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бөлімінің Қызылорда облысы бойынша соттар бөлімінің басшысы Аманқұловтың жеке көлігін алкогольдік күйде басқарғаны үшін полиция қызметкерлеріне ұсталғаны жөнінде қызметтік тергеп тексеру анықтамасы қаралды", – деді облыс бойынша соттар әкімшісі, тәртіптік комиссиясының төрағасы Гүлмира Халықова.

Кеңес отырысында мемлекеттік қызметшілердің қызметіне толық сәйкес еместігі туралы ескерту түріндегі жазаны мерзімінен бұрын алып тастау туралы өтініште қаралды. Бұл тізімде облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Олжас Искаков, Жаңақорған ауданы әкімі аппаратының басшысы Әбибулла Абдуллаев пен бас инспекторы Жәнібек Асылбайұлы бар. Кеңес мүшелерінің шешімімен олардың тәртіптік жазасы қысқарды.

Нұрбек Дәуренбеков

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу