Адеринсола Эсеола: "Қазіргі таңда нағыз қаһармандар - дәрігерлер"

1601

"Қайраттың" сұрмергені Чемпионаттың жалғасы жайлы, "турнирдің басты бомбардирі" атағын қорғауға деген талпынысы, сонымен қатар киберфутболды алмастырған кітаптар туралы баяндайды.

Адеринсола Эсеола: "Қазіргі таңда нағыз қаһармандар - дәрігерлер"

- Дерин, чемпионат сен үшін ойдағыдай басталмады. Соңғы оқу-жаттығу жиынында жарақат алып, алғашқы турды жіберіп алдың. Қайта қалыпқа келу қиын болды ма?

- Кез келген футболшыға жарақат алу жағымсыз нәрсе. Осы жарақаттың кесірінен алғашқы турларда толыққанды ойнай алмадым. Бабыма келе бастадым. Қазір бәрі жақсы. Біздің дәрігерлер мен физиотерапевтерге рақмет.

- Сен үшін турнирдің нағыз бастамасы енді басталады десек болады ғой?

- Тек мен үшін ғана емес. Барлығына. Бір өзіндік жаңару болды, сондықтан жаңа турнир басталайын деп жатқандай сезімдемін. Турнир қарқынды да ерекше болуы тиіс.

- Футболсыз екі жарым ай сен үшін қалай өтті?

- Өте қиын болды. Бірақ біз онлайн режимінде дайындалдық, мүмкіндігімізше формамызды сақтадық. Біз кәсіпқой футболшымыз. Чемпионат басталған соң бұрынғыдан да мықты боламыз деген ойдамын.

- Айтуға әлі ерте екені түсінікті. Бірақ осы жылы чемпионаттың үздік сұрмергені атағына сенімен кім бәсекелесе алады?

- Мен өзімнің атағымды қорғауым керек деп санаймын. Өткен маусымда мен үздік сұрмерген атағын алдым, сол атағымды сақтап қалуға барынша тырысамын. Басқалардың да мүмкіндіктері жоғары екені айдан анық. Чемпионат қысқа болатындықтан, сұрмергендер сайысы өзгеше болады. Оқиғалардың ары қарай қалай дамитынын түсіну үшін кем дегенде сегіз-тоғыз тур ойнау керек.

- "Ертістің" Қазақстан Премьер лигасынан шеттетілгені туралы жаңалықты естігенде қандай сезімде болдың?

- Команданың банкротқа ұшырағаны өкінішті. Украинада болғанда осындай жағдайға тап болдым. Мен ойнаған команда ("Зирка") банкрот болды. Сонымен қатар, "Металлист" және "Днепр" сияқты ірі клубтардың бастары қараға қалды. Өкінішті, әрине.

- Өткен жылы осы уақытта үзілісті пайдаланып, Киевке ұшып, қызыңды көріп қайтқан едің. Қазір Киевте болғың келе ме? Отаныңды сағынасың ба?

- Иә, әрине, Киевті, Украинаны сағынамын. Менің ойымша, барлық шетелдіктер өз Отанын сағынады. Мен әрқашан үйге бір-екі күнге барып, ата-анамды, достарымды, туыстарымды көргім келеді. Үйде бірнеше күн болғым келеді. Содан кейін қайтадан жұмысқа ораласың. Биыл карантин кедергі болып тұр.

- FIFA-дағы сенің командаңда шабуылшы ретінде кім ойнайды?

– Шабуылда менде мынандай үштік бар: Килиан Мбаппе, Антуан Гризманн және Рияд Марез. Соңғы екі айда FIFA ойнамадым. Приставканы кітаптармен және өзімді дамытумен алмастырдым.

- Соңғы уақытта оқыған бірнеше кітапты атап өтсең.

– "Ұлы құжаттардағы адамзат тарихы". "Менің өмірім, менің жетістіктерім"  – Генри Фордтың өз империясын қалай құрғаны туралы. Чезаре Ламброзоның "Кемеңгерлік және кедергі". Жалпы, өмірбаяндар мен ғылыми әдебиеттерді жақсы көремін. Романдар оқымаймын, онда бос сөз көп. Маған тарихи деректер ұнайды.

Ермұхамед Мәулен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу