Адиевтің кандидатурасы Қазақстан футбол федерациясы Атқарушы комитетінің шешімімен бекітілді. Осы орайда Қазақстан футбол федерациясының президенті Әділет Бәрменқұловтың қатысумен баспаөз мәслихаты өтті. Жиын барысында ҚФФ президенті журналистердің сауалдарына жауап беріп, Магомед Әдиевтің Қазақстан құрамасының бас бапкері болып тағайындалуының себебін айтты.
"Ұлттар лигасының басталуына 1 ай қалды. Алда біз 11 күнде 4 матч ойнаймыз. Бұл қазіргі ұлттық құрамада әлі болған жоқ. Биылғы халықаралық күнтізбенің ерекшелігі де осында. Бұл жерде тапсырмаға дайын болып, осы сегменттен сәтті өту керек. Дайындық кезінде бізге үйреншікті стандартты тәсілдер болмайды. Магомед Мусаевич Адиев өткен жылы Шахтердің Еурокубоктарында осындай жағдайға тап болды және оның қалай сәтті басқарғаны бәріміздің есімізде. Сондықтан, осы міндетті ескере отырып, біз бас бапкер үшін нақты біліктілік талаптарын анықтадық. Бізге ішкі нарықты және ойыншылардың қазіргі жағдайын жақсы білетін маман қажет. Магомед Мусаевичтің халықаралық тәжірибесі маңызды. Ол өте кәсіби және талапшыл жаттықтырушы. Маман қазақстандық футболды және біздің ойыншылардың менталитетін жақсы біледі. Киім ауыстыратын бөлмеде атмосфера орната алады, ойыншылар арасында дұрыс коммуникациялық байланыс жасай алады және жалпы командаға сипат бере алады. Ал бапкерді қорытынды нәтижелер бойынша бағалайтын боламыз", - деді Әділет Бәрменқұлов.
Сонымен қатар ҚФФ президенті осыған дейін ұлттық құраманың бас бапкерінің міндетін атқарған Андрей Карповичтің неге қызметінде қалмағанын түсіндіре кетті.
"Андрей Владимировичке жасаған жұмысы үшін алғыс айтамыз және ол тапсырманы сәтті орындай алды. Біз келісім-шарт бойынша одан әрі ынтымақтастық шарттарын талқыладық және осы диалогта келісім-шартты бұзу туралы өзара шешім қабылданды. Алайда, біз Андрей Владимировичпен ынтымақтастықты одан әрі көреміз, оған ұлттық құраманың жаттықтырушылар штабында жұмысын жалғастыруды ұсындық", - деп қоса кетті Бәрменқұлов.
Магомед Адиев бірнеше танымал футбол клубтарда ойнады: "Анжи", "ЦСКА", "Спартак", "Терек" және қазақстандық "Жеңіс". Бапкерлік мансабын 2010 жылы бастап, "Ахмат", "Анжи", "Чайка" командаларын жаттықтырды. 2021 жылы қарағандылық "Шахтер" футбол клубының бас бапкері қызметін атқарып, УЕФА Конференция лигасының плей-офф кезеңіне жетті. Сонымен қатар қарағандылық ұжымды Қазақстан Кубогының финалына шығарды.
44 жастағы ресейлік маман өзінің футболдан Қазақстан құрамасының бас бапкері болып тағайындалуына қатысты пікір білдірді. Ұлттық құраманың ойынына қалай қарайтынын айта келе, Әдиев тактикада тепе-теңдікті сақтаудың маңызды екенін атап өтті.
"Бәрі де жарқын, шабуылдаушы футболды ұнататыны анық. Мен өзімді қазір белгілі бір дәрежеде бұған жатқыза алмаймын. Дегенмен, клубтарда әртүрлі тәсілдермен жұмыс істедім. Өмірде де, футболда да ұстанымым - жақсы тепе-теңдік. Доп бар кезде шабуылдау керек, доп жоқ кезде қорғану керек екені анық. Бұл сипаттамалар болуы керек Бірақ шабуылға шыққанның өзінде, тактикалық сәттерде тереңдеп кететін болсақ, қорғанысты ойлау керек. Мен тепе-теңдікті жақсы көремін", - дейді бапкер.
Ермұхамед Мәулен