Әділ Бекетаев: "Тамыз айының соңында айдынға шығуға тырысамын"

656

"Барыс" қорғаушысы Әлем чемпионатынан кейін ота жасатты. 

Әділ Бекетаев: "Тамыз айының соңында айдынға шығуға тырысамын"

Әділ Бекетаев өткен маусымның ең қызықты сәттерін еске түсіріп, отадан кейінгі оңалту процесі қалай өтіп жатқанын клубтың баспасөз қызметіне берген сұхбатында әңгімеледі.

- Әділ, өткен маусым сен үшін табысты болды. Құрлықтық хоккей лигасындағы алғашқы толыққанды маусымың болғанына қарамастан, командадан өз орның ойып алып қоймай, тамаша нәтиже көрсете де білдің.

- Иә, жеке нәтиже тұрғысынан қарағанда, жақсы маусым болды. Бапкер сенім артып, бірінші бестікте өнер көрсетуіме мүмкіндік берді. Тек өз жұмысымды сауатты әрі сапалы істеуім қажет еді. Алайда командалық нәтиже мұның барлығына оң көзқараспен қарауға мүмкіндік бермейді. Сонымен қатар, командада қазақстандық ойыншылардың көптеп өнер көрсете бастауын маусымның ең позитивті сәттерінің бірі деп айтуға болады. Олардың көбі алға тағы бір қадам жасап, "Барыс" құрамына қосылуға дайын. Ал маған осы деңгейден түспей, дамуды әрі қарай жалғастыру қажет.

- Есіңде ерекше сақталған матч бар ма?

- Әрине, Минскте өткен маусымдағы бірінші ойын есімде қалды. "Динамоға" есе жіберіп жаттық, алайда меінң Құрлықтық хоккей лигасындағы дебюттік шайбамнан кейін есепті теңестіріп, алға шықтық. Команда ең жақсы ойынын көрсете алмағанымен, жақсы эмоция алдым. Мәскеуде ЦСКА-мен болған ойынды атап өтуге болады. Есепті теңестіре алдық, көп гол соғылды, овертаймда жеңіске жеттік. Сол шақта плей-оффқа шығуға әлі де мүмкіндігіміз бар еді. Міне, есімде ерекше сақталған маусымдағы екі ойын.

- Ригадағы әлем чемпионаты. Бұл турнир не айта аласың?

- Бұл мен үшін элиталық дивизиондағы екінші әлем чемпионатым болды. Маусым соңында алған жарақатыма қарамастан, ұлттық құрама сапында өнер көрсетуге бел байладым. Биыл көшбасшы ойыншылардың бірі ретінде болып, ойынды өз қолыма алатынымды білдім. Сондықтан өзімнің ең жақсы формамда болмасам да, әлем чемпионатына қатысуға деген ынтам зор болды. Бұл – үлкен абырой. Атмосфера керемет болды, Норвегия мен Словакияға қарсы тарихи жеңістерге қол жеткіздік. Көп ойыншының ҚХЛ-да өнер көрсету тәжірибесі бар болғаны біраз көмектесті. Оған қоса, "Номад" ойыншыларының чемпиондық рухтары сезіліп тұрды. Әрине, Канада қақпасына соққан шайбам есте қалды. Бұл сәтті сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес.

- Әлем чемпионатынан кейін ота жасаттың. Оңалту процесі қалай өтіп жатыр?

- Ота сәтті өтті, наркоздан жақсы шықтым. Алты апта бойы таңғышпен жүрдім, қолға күш салуға болмайды, тіпті сонымен ұйықтадым. Кішкене ыңғайсыз болды, оған қоса күн де тым ыстық болды. Қазір қолымды қимылдатып, динамика қоса бастадым. Әлі де күш салуға болмайды. Сондықтан медициналық және бапкерлер штабы құрған жоспар бойынша жаттығып жүрмін. 

- Маусым арасындағы үзілісте демалып, ойыңды хоккейден бөле алдың ба?

- Демалысым толыққанды өтті деп айта алмаймын. Қозғалысым шектеулі болды. Ал мен белсенді демалысты, яғни экскурсияға барып, жаңа дүниелерді көргенді ұнатамын. Биыл көп уақытым жатумен өтті. Барынша демалуға тырыстым, өйткені уақыт аз екенін түсіндім әрі жаңа маусымға, әсіресе отадан кейін жаңа күшпен, былайша айтқанда, жаңарып келу керек.

- Оқу-жаттығу жиындарының алғашқы күнінде әріптестестеріңмен салыстырғанда, сенің нәтижең жақсырақ болды. Бұл энергияның көп жиналғандығының белгісі ме?

- Жігіттер тапсырма бойынша жүгірді, белгілі бір тамыр соғысында жүгіру қажет болды. Ал мен өзімнің максимумды тексеріп көрейін дедім. Ауа-райы да құлаққаппен музыка тыңдап жүгіруге мүмкіндік берді, таза ауада, бәрі жанға жайлы жағдайда өтті. Сөйтіп, бәрінен жылдам жүгірдім,бірақ бұл менің олардын мықты екенімді көрсетпейді. Менің тамырымның соғысы жоғары болды (күлді), бірақ таңғышты шешкеннен кейінгі барлық эмоциямды сыртқа шығара алдым деп айтуға болады.

- Әрине, болжам жасау қиын, десе де жалпы топқа қашан оралуың мүмкін?

- Қазір бір нәрсе деп кесіп айту қиын. Көп бұлшықет жоғалттым, соны қалпына келтіру үшін жұмыс істеу керек. Тамыз айының соңында мұзға шығуға тырысамын, бірақ бұл кезде коньки тебумен көбірек жұмыс істейміз. Күш қолданып, үлкен қарқынмен дайындық жасауға әзір ерте. Өкінішке қарай, шамамен қазан айында ғана толық ойнай аламын.

- Жаздың ең жағымды жаңалықтарының бірі – Роман Старченконың қайта оралуы. Команда үшін бұл жаңалықты қалай бағалайсың?

- Команда үшін өте үлкен плюс. Роман – "Барыс" пен Қазақстан ұлттық құрамасының аңыз ойыншысы.  Ол киім – ауыстыру бөлмесінде, қосалқы ойыншылар орнында, мұзда айқын көшбасшы. Оның жас ойыншыларға берері мол. Оған қоса, оның үздік нәтиже көрсетуге әлі де әл-ауқаты жетеді. 

- Қзаір Старченко "Барыс" тарихындағы үздік сұрмергендер мен снайперлер тізімінде екінші орында тұр. Команда Романға осы тізімді көш бастауға көмектесе ме?

-  Қазір Роман мұндай бәсекеде екенін білген жоқпын. Әрине, оның гол соғуына көмектесеміз. Бірақ, Кузнецовтың қарсылас қақпасы бос болған кезде, Овечкинге пас бергеніндей емес (күлді). Бірақ, барымызды саламыз. Егер бірінші орынға шықса, керемет болады. Әрі бұл нәтижеге жақын жылдары қол жеткізу мүмкін болады деп ойламаймын.  

- Келер маусымда "Барыстан" не күтеміз?

- Өткен маусымдағы нәтижені қайталауға болмайтынын бәрі түсінеді. Жақсы команда жиналып жатыр. Жақсы легионерлер мен бірте-бірте жаңа деңгейге шығып жатқан жергілікті ойыншылардың басы қосылған ұжым құрылуда. Әр ойыншы өзін дәлелдеуі керек. Өз жанкүйерлеріміз бен отбасылармыздың алдында жақсы ойын көрсетуіміз қажет. Бәріне жеңіс керек, сондықтан алдағы маусымда жақсы нәтиже көрсету үшін бар күшімізді саламыз.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу