Әділет Бәрменқұлов: Қазақстан біріншілігі үлкен өзгеріске ұшырайды

1499

Қазақстан футбол федерациясының президенті Әділет Бәрменқұлов Арманжан Байтасов ютуб арнасына сұқбат беріп, ел футболындағы ең маңызды деген сауалдарға жауап берді.

Әділет Бәрменқұлов: Қазақстан біріншілігі үлкен өзгеріске ұшырайды

– Әділет Назарбайұлы, Қазақстан футбол федерациясының президенті болғаныңызға 100 күн толды. Басшылыққа келген соң ең алдымен қандай жобамен айналыспақшысыз?

– Қазір мамандар даярлау мәселесін қолға алып отырмыз. Жұмыс істеп, өз стратегиямызды жүзеге асыру үшін бізге сапалы мамандар қажет. Дәл қазір біз тек 30 пайызға ғана дайынбыз. Күзде клуб басшыларын жинап, басқарушылар курсын ашамыз. Оған барлығы да дайын. Клуб директорларымен кездесулер өткіздім. Оларды жаңа менеджментке үйрету керекпіз. Басқару жүйесін меңгермесе барлығы бекерге кетеді. Басқарушылардан бөлек менеджерлерді оқытамыз. Олардың да футболдағы рөлі маңызды. Футбол саласында қызмет ететін адамдардың барлығының біліктілігін арттыруымыз керек. Сапалы, білікті мамандар болмаса біз футболды қалай дамытамыз? Бұл ең өзекті мәселенің бірі. Ұзақ жылдарға арналған жоба болғандықтан қазір амал жоқ уақытша шетелдік мамандарды шақырамыз. Оларға жергілікті жастарға, мамандарға білімін берген соң, негізгі қызметті сол адамдарға береміз. 

– Қазақстан біріншілігін жанкүйерлер қазір стадионға барып көре бастады. Трибунада адамдар толып отыратын болыпты. Елдегі футболдың абыройы артып келе жатыр ма?

– Әрине, футбол күн санап дамып келе жатыр. Қазір, Қазақстанның көптеген қаласында жанкүйерлер саны артып, стадионға келетіндер қатары көбейді. Себебі чемпионатымызда чемпиондыққа таласып жатқан 8 команда бар. Турнирлік кестеге көз жүгіртсеңіз таң қаласыз. Биылғы чемпионатымыз өте тартысты өтуде. Ал жалпы біздің басты мақсатымыз Қазақстанда 5 миллионға жуық адамның футболға қызығушылығын ояту.

– Сол адамдардың қызығушылығын қалай оятпақшысыздар?

– Ең алдымен төрешілер мәселесін қайта қарастырамыз. Олардың жалақысы және біліктілік деңгейін арттыруды қолға алдық. Қазір төрешілер жетіспей жатыр. Демек олардың сапасын ғана емес санын да күшейту қажет. Екіншіден, ішкі біріншілігіміз адам қызығып көрерліктей тартымды болуы тиіс. Ол үшін қазіргі жүйені өзгертеміз. 15 маусымда мен келесі жылғы біріншіліктің өту жүйесін жарияға паш еткім келіп отыр. Командалар санын азайтып, бәсекесі тартысты болатын матчтардың санын көбейтемін. Сонымен қатар инфроқұрылым мәселесін де айналып өтпейміз. Бұл өте маңызды шаруа. Демек клубтарға қойылатын талаптар енді күшейе түседі.

– Осы қазақстандық клубтарға көп қаржы бөлінеді деп естиміз? Сол қаншалықты рас?

– Дәл қазір біз осы ақпаратты сұрастырып министірлікке хабарластық. Ол жауабын дайындап жатыр. Сараптама жасап, кім қанша қаржы жұмсағанын анықтайтын боламыз. Сосын, бұл мәселені бір жақты етеміз. Егер шындығын айтатын болсам орташа есеппен бір клубқа бір жылға 1 млрд теңге қаржы кетеді. Бірақ, сол клубтар қаржыны үнемдеп, тиімді жаратып жатыр ма деген ой келеді. Қазақстандағы клубтардағы қаржының 90 пайызы мемлекеттік бюджеттің қаржысы. Қалған 10 пайызы демеушілер мен жеке кәсіпкерлердің қаржысы. Біз осы пайыздық өлшемді көбейте беруіміз керек.

– Сұқбатыңызға рахмет.

Ермұхамед Мәулен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу