Әділет министрлігі алып-қашпа әңгімеге сенбеуге шақырды

Абылай Бейбарыс Абылай Бейбарыс
2081

Ұлттық қордың бұғаттан босатылған 21,5 млрд активі кастодиан-банктердің шотында жатыр.

Әділет министрлігі алып-қашпа әңгімеге сенбеуге шақырды

Осыдан екі күн бұрын ағылшын тілінде ақпарат тарататын Law 360.com сайты: "Лондон апелляциялық соты Американың BNY Mellon холдингтік компаниясына Қазақстанның шетелдегі ақшасын бұғаттауға рұқсат берді" деп "жерден жеті қоян тапқандай" сүйінші сұрап жазды. Сорақысы сол, ресми расталмаған ақпаратты бірқатар отандық БАҚ іліп алып, ұлардай шулады.

Байыпқа бармай байбалам салғандарға әділет министрлігі жазбаша жауап беріп, шетелдік һәм отандық БАҚ өкілдері жаңсақтыққа жол бергенін мәлімдеді. Сонымен қатар  шетелде Ұлттық қордың активтеріне қатысты ешқандай сот шешімі шықпағанын алға тартып, журналистерді алып-қашпа әңгімеге сенбеуге шақырды.

"2018 жылғы 19 маусымда Англияның апелляциялық соты Bank of New York Mellon (BNYM) мен ҚР Ұлттық банкі арасында жасалған кастодиандық келісім ережесі бойынша BNYM міндеттемелеріне қатысты істе шешім шығарды. Англияның апелляциялық соты белгиялық сот шешімінің негізінде BNYM-ның Англия аумағындағы активтерді бұғаттау құқығы туралы оқшауландырылған заңды мәселені ғана қарады. Бұл ретте Ұлттық қордың 21,5 млрд АҚШ долларына жуық сомадағы активі Брюсселдегі бірінші сатыдағы соттың 2018 жылғы 25 мамырдағы шешімімен бұғаттан босатылды. Бұл қаржы басқа кастодиан-банктердегі шоттарға аударылды. Қазақстан Республикасы мен Ұлттық банк 530 млн АҚШ доллары көлеміндегі қаражатты босату үшін 28 мамырда Англияның коммерциялық сотында жаңа процесске бастама жасады. Аталған сот процестері Статидің төрелік шешім бойынша төлемдерінің мәселесін қозғамайды, тек қана қамтамасыз ету шараларына – активтерді бұғаттауға қатысты екенін атап өткен жөн. Әділет министрлігі журналистерді расталмаған мәліметтерді жарияламастан бұрын жағдайды түсіндіру үшін уәкілетті органға жүгінуге шақырады", – деп мәлімделді әділет министрлігінің сайтында.

Естеріңізге сала кетейік, осыдан бір ай бұрын Анатол мен Габриэль Стати Ұлыбританияның жоғарғы сотына бұған дейінгі талап-арызын қайтарып алу туралы ұсыныс білдірді. Себебі олар өздеріне тықыр таянғанын сезді. Өйткені істің ақ-қарасын ажырату барысында ағылшын соты молдовалықтар Қазақстанды қалайда жеңу үшін сотқа жалған мәлімет бергенін анықтады. Сөйтіп олардың қазақ елінен ақша бопсалауға қатысты талап-арызын кері қайтарды.

Стати Англиядағы сот процесін 2014 жылы Қазақстанға қарсы төрелік талқылау аяқталғаннан кейін бастады. Бұл төрелік талқылау өзге де мәселелердің арасында құрылысы аяқталмай, іске қосылмаған газ өңдеу зауытына қатысты болды. Стати бастапқыда Швецияда төрелік талқылауды бастаған уақытта 4 млрд АҚШ доллары көлемінде өтемақы төлеуді талап етті. Бұл талқылау Қазақстанға қарсы 500 млн АҚШ доллары, соның ішінде 199 млн АҚШ доллары Боранкөл ГӨЗ құрылысына талап етілген шығындарға қатысты ұйғарылған төрелік шешімге әкелді. Осының ізінше Қазақстан Ұлыбританияның жоғарғы сотына қарсы шағым түсірді. 2017 жылдың 6 маусымында палата алдыңғы шешімді заңсыз деп танып, молдовалық олигархтарды Қазақстанға жығып берді. Алайда Швеция мен Голландия соты Ұлыбритания жоғарғы сотының үкімі олардың шешіміне өзгеріс енгізе алмайтынын айтты. Осылайша жоғары сот алаяқтық фактісін қарастыру жөніндегі сот талқылауын өткізуді ұйғарып, оны 2018 жылғы қазан айына белгіледі.

Бұған дейін әділет министрлігінің сайтына жарияланған жазбада олигархтың Швециядағы төрелік трибуналға жалған мәлімет бергені, кейін оның алаяқтығы әшкереленгені айтылды.

Айта кетейік, молдовалық AscomGroup S.A. компаниясының басшысы Анатол Стати 2005 жылы Маңғыстау облысындағы Боранкөл газ өңдеу зауытының құрылысына 156,2 млн доллар қаржы құйған. 2009 жылы Қазақстанның қаржы полициясы Ascom Group компаниясына қарасты "ҚазПолМұнай" және "Толқынмұнайгаз" компанияларын тексерген. Нәтижесінде шетелдік компанияның мұнай құбырларын лицензиясыз пайдаланып, 21 млрд 675 млн теңге заңсыз табыс тапқанын анықтаған. Бұған қоса Анатол Стати газ өңдеу зауытының құрылысына пайдаланылған құрал-жабдықтың құнын 100 млн доллар деп асыра көрсеткен. Көрсетілмеген қызмет түрлеріне 44 млн, орнатылмаған қондырғылар үшін 72 млн доллар аударған.

Абылай Бейбарыс

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу