Адвокаттық қызметке тариф енгізілмек

Фархат Әміренов Фархат Әміренов
2742

Бұдан былай адвокаттар мен заңгерлер қызмет құнын бей-берекет көтере алмайды.

Адвокаттық қызметке тариф енгізілмек

Парламент мәжілісінің жалпы отырысында "Адвокаттық қызмет және заң көмегі туралы" заң жобасы талқыланды. Халық қалаулылары жобадағы жаңашылдықтарды қолдап, алғашқы оқылымда-ақ мақұлдады.

Әділет министрі Марат Бекетаевтың айтуынша, жобада жаңашылдықтар көп. Енді соларды рет-ретімен баяндап шығалық.

Жаңашылдықтың бірі – адвокаттар мен заңгерлер көрсететін қызметтің тарифтік кестесін әзірлеу. Яғни, бұдан былай қызмет түрлерінің нақты бағасы белгіленбек. Осылайша, қызмет көрсетушілер бағаны негізсіз өсіре алмайтын болады. Әйтпесе, бұған дейін олар заңгерлік көмектің құны туралы ашық ақпараттың жоқтығынан бағаны өздері белгілей беретін еді.

Министрдің айтуынша, адвокаттар мен заңгерлер көрсететін қызметтің тарифтік кестесін әзірлеу тәжірибесі шет елдерде кеңінен қолданылады. Атап айтқанда, Германия, Франция, АҚШ, Чехия, Польша секілді мемлекеттер дәл осы жолмен жүріп келеді. Осынау жаңашылдықтың нәтижесінде азаматтар заңдық көмектің орташа құнын нақты білетін болады. Тиісінше, артық шығын да шығармайды.

Сонымен қатар, заң жобасында халықты теріс пиғылды адвокаттар мен заң консультанттарынан қорғау тетігі де қарастырылған. Бұл ретте, адвокаттардың, заң консультанттарының кәсіби жауапкершілігін сақтандыру енгізіледі. Ол міндетті болмақ. Себебі, кей жағдайда заңдық қызмет көрсетушілер өз қызметін жүзеге асыру барысында сенім білдірушіге айтарлықтай мүліктік зиян келтіруі мүмкін. Аталған жаңашылдық осының алдын алмақ. Министрдің айтуынша, сақтандыру институты 2020 жылдан бастап енгізіледі.

Марат Бекетаев атап өткендей, заң жобасында халықтың әлеуметтік әлсіз топтарына тегін заңдық көмек көрсету қарастырылған. Ол pro bono деп аталады.

"Адвокаттар мен заң консультанттары халықтың әлеуметтік әлсіз топтарына құқықтық жағдайдың басынан аяғына дейін тегін көмек көрсететін болады. Бұл қызмет тараптардың келісуімен ерікті және өтеусіз негізде болады. Атап өтерлігі, рro bono қызметі міндет емес, құқық болып табылады. Сондай-ақ, бұл қызметті көрсету мәжбүрлі болмайды", – деді Марат Бекетаев.

Еске сала кетейік, Қазақстанда онсызда тегін құқықтық кеңес беру қызметі бар. Алайда, pro bono-ның ол қызметтен айтарлықтай айырмашылығы бар.

"Бүгінде адвокаттар мен заң консультанттары белгілі бір мерзімде клиенттерге тегін кеңес береді. Бірақ, олар істі соңына дейін жеткізбейді. Ал рro bono қызметінде авдокат немесе заң консультанты жауапкершілікті бастан-аяқ арқалайтын болады", – деді министр.

Мәжілістің баспасөз қызметінің хабарлауынша, егер адвокат немесе заң консультанты қолға алған іс сотта жеңіп шығатын болса, онда оған соттағы жеңістің (ақшаның) 10%-ы берілетін болады. Ал заңда көрсетілген халықтың әлеуметтік әлсіз тобына зейнеткерлер, мүмкіндігі шектеулі жандар, тұрмысы төмен адамдар жатады.

Мәжіліс спикері Нұрлан Нығматулиннің айтуынша, заң жобасындағы pro bono қызметі әлемдік талаптарға сәйкес келмейді. Өйткені, халықаралық тәжірибеде pro bono қызметі үшін ақы алынбайды. Қызмет бастан-аяқ тегін көрсетіледі. Ал әділет министрлігі ұсынып отырған заң жобасында адвокат немесе заң консультантына соттағы жеңістің 10%-ы тиесілі болмақ. Нұрлан Нығматуллин осы мәселеге мән беру керектігін айтты.

Министрдің сөзінше, бүгінде заңгерлік білімі бар кез келген адам сотта өз өкілінің құқығын қорғай алады. Алайда, оның қаншалықты сапалы қызмет көрсетері беймәлім. Тіпті, осының салдарынан адамдар өз құқығын тиісті деңгейде қорғай алмауы да мүмкін. Сондықтан, жаңа заң жобасы мұндай қызметті көрсететін жеке тұлғалардың заң консультанттары палатасына мүше болуын міндеттейді. Марат Бекетаевтың айтуынша, жеке қызмет көрсетушілердің өзін-өзі реттейтін ұйымдарға мүше болуы заң қызметтерінің сапасын жақсартуға негіз бола алады.      

Министрдің сөзінше, адвокатура саласында жаңа технологияларды қолдану дамымаған. Бұл мәселені шешу үшін елімізде "Е-адвокатура" ақпараттық жүйесі құрылмақ.

"Адвокаттық ордерді қолдану тиімсіздігін көрсетті. Оның күшін жою саладағы қызметті оңтайландырмақ. Нақтырақ айтсақ, адвокатты адвокаттық ұйымға деген тәуелділіктен арылтады. Сондай-ақ, оның уақытын және қаржылық шығындарын үнемдейді", – деп түсіндірді әділет министрі.

Заң жобасына сәйкес, адвокаттық қызметпен айналысуға бекінгендер үшін кіру жарнасын төлеу талабы алынып тасталмақ. Бұл қадам Қазақстандағы адвокаттық қызмет нарығын дамыту үшін қажет. Себебі, біздің елдің нарығы әлемдік талаптарға сай емес.

"Қазақстанда адвокаттар жетіспейді. Бұл қызметпен айналысу үшін кіру жарнасын төлеуі керек. Ал алғашқы жарнаны алып тастау арқылы жас заңгерлерді адвокаттық қызметке тартуға болады. Осылайша, адвокаттардың саны ұлғайып, бәсекелестік артпақ", – деді министр.

Депутаттардың сауалдарына жауап берген Марат Бекетаевтың сөзінше, әлемнің дамыған елдерінде кіру жарнасын төлеу қарастырылмаған.

Министрдің айтуынша, Қазақстанда адвокаттардың қызмет сапасын тиімді бақылау тетігі жоқ. Сондықтан, заң жобасына сәйкес, адвокаттардың қызметін бақылайтын екі деңгейлі тәртіптік комиссия құрылмақ. Комиссия адвокаттардың кәсіби әдеп нормаларын сақтауын, тәртіптік істердің объективті және жан-жақты қаралуын қамтамасыз етеді. Заңда адвокаттардың біліктілігін арттыру тетігі де қарастырылғанын атап өткен жөн.

Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулиннің сөзінше, азаматтарға заңгерлік көмек көрсету саласында бәсекелестік жоқ. Оған бірден-бір себеп – өңірлік төралқаларды бір ғана адамның ондаған жылдар бойы үзіліссіз басқаруы.

Осы орайда мәжіліс спикері мынадай деректерді келтірді. Мәселен, Маңғыстау облысындағы облыстық алқа төралқасының төрағасы ұйымды 25 жыл бойы басқарып келеді. Алматы облысындағы төраға 27 жыл, Атырау облысындағы өкіл 31 жыл бойы бір орында отыр. Ақтөбелік төраға болса ұйымды 33 жыл бойы басқаруда. Нұрлан Нығматуллиннің айтуынша, мұндай факторлар саладағы бәсекелестіктің әлсіздігін көрсетеді.

Фархат Әміренов

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу