Елімізде 2030 жылға қарай электр энергияcының тапшылығы пайда болады. Бұған жол бермеу үшін үкімет пен "Самұрық-Қазына" ұлттық әл-ауқат қоры Қазақстанда қауіпсіз және экологиялық таза атом энергиясын дамыту мүмкіндігін зерттеуге тиіс. Бұл – Президенттің пәрмені, деп хабарлайды inbusiness.kz.
Осы турасында биылғы жолдауында Қасым-Жомарт Тоқаев: "Өз жолдауымда Қазақстанда атом энергиясын құру мүмкіндігін жан-жақты зерттеуді тапсырдым. Мемлекеттің, оның ішінде азаматтар мен кәсіпкерлердің шұғыл қажеттілігін жеткілікті деңгейде ескеру маңызды. Менің ойымша, бұл мәселені егжей-тегжей қарастыратын уақыт жетті, себебі Қазақстанға атом электр станциясы керек", – деді.
Мемлекет басшысы өзінің ұстанымын Владивостокта өткен VI Шығыс экономикалық форумында да жариялады.
Алдағы 10 жылда электр қуатының жетіспеушілігі туындайды. Кейін жағдай қиындайды. Аталған мәселеге барынша прагматикалық, үйлесімді тұрғыдан келу керек деп есептеймін. Алдағы уақытта әрбір ел технологиялық және экономикалық құрылыс трансформациясына байланысты қиыншылықты бастан өткереді. Салдарынан ұлттық экономикаға қауіп төнеді. Бұл қатерді тек өңірлік, әсіресе жаһандық деңгейде бірлесіп жеңуге болады", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Атынан да, затынан да қорқады
Қарапайым халық елімізде атом электр станциясының салынуына қарсы. Бұған Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путиннің Қазақстан басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа қазақ жерінде атом электр станциясын салуға ұсыныс білдіргенде көпшіліктің өре түрегелгені дәлел.
"Бірлесе отырып жұмыс жүргізудің жаңа формасына көшуді ұсынамын. Қазақстанда Ресей технологиясы бойынша атом электр станциясын салудың мүмкіндігі туралы меңзеп отырмын. Егер сіздер атом электр станциясын салу туралы шешім қабылдайтын болсаңыздар, Ресей қазақстандық серіктестеріне оны тұрғызу және эксплутациялау ісіне өз көмегін ұсынады", – деді Владимир Путин 2019 жылы Мәскеуде өткен кездесуде.
Ел азаматтары орыс басшысының ұсынысына наразылық білдіріп, ұлардай шулағанда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев: "Бұл мәселені шешуде халықтың пікірі ескеріледі", – деді.
Жасыратыны жоқ, халық атом электр станциясының атынан да, затынан да қорқады. Өйткені адамдар Семейдегі ядролық сынақ пен сайын даламызда жарылып жатқан зымырандардан зәрезап болып қалған.
Айтпақшы Қазақстанда атом электр станциясын салу туралы әңгіменің басталғанына біраз болды. Оны 2014 жылы Шығыс Қазақстан облысындағы Курчатов қаласында немесе Алматы облысындағы Үлкен ауылында салу бастамасы көтерілді. 2015 жылы атом электр станциясының құрылысына жапон технологиясы қолданылады деген сыбыс шықты. Қызды-қыздыға келгенде құрылыс жұмысы 2018 жылы басталатыны жарияланды. Өз кезегінде халық Чернобыль апаты мен Фукусима жарылысының қайталанғанын қаламайтынын мәлімдеп, билік басындағыларға жанайқайын жеткізді. Осылайша атом электр станциясын салу бастамасы аяқсыз қалды.
Бір емес, бірнеше ядролық реактор бар
Ақтау қаласының маңында 1972-1999 жылдар аралығында қуаты 350 МВт-ты құраған өнеркәсіптік атом электр станциясы жұмыс істегенін біреу білсе, біреу білмейді. Жылдам нейтронды БН-350 реакторы тәулігіне 120 мың текше метр ащы суды тұщы суға айналдырып отырды. Бұған қоса жылу мен жарық өндірді. Әлі 20 жыл жұмыс істеу мүмкіндігі бар екеніне қарамастан, өнеркәсіптік атом электр станциясының қызметі 1999 жылы тоқтатылды. Яғни қолда барды кәдеге жаратып, ие бола алмадық.
Біле жүріңіз, бүгінде елімізде бір емес, бірнеше ядролық реактор бар. Олардың біреуі – Алматыда, ядролық физика институтында, екеуі – Курчатов қаласында жұмыс істеп тұр.
Ресей қарық қылмады
Солтүстіктегі көршіміз әлем бойынша атом энергетикасы саласындағы әлеуетін нығайтуға күш жұмсап жатыр. Олар мақсатына жету үшін түріктермен "тіл табысып", өзбектерді "өбектеп" жүр.
36 энергоблоктың құрылысына бас болып отырған Ресейдің "Росатом" мемлекеттік корпорациясы дүниежүзі бойынша 8 шетелдік жобаны жүзеге асырып жатыр. Соның бірі – Түркиядағы Аккую атом электр станциясы.
Анадолы еліндегі ең алғашқы, әлемдегі ең үлкен атом электр станциясының құрылысы үкіметаралық келісім негізінде 2010 жылғы 12 мамырда басталды деп жарияланды. Іс жүзінде құрылыс 2010 жылдың 13 желтоқсанында қолға алынды. Бұған Ресейдің жобалық компанияны дер кезінде бекітпеуі себеп болды. 2011 жылы атом электр станциясының аумағында инженерлік жұмыстарға жан бітіп, 2015 жылы гидротехникалық құрылғылардың кірпіші қаланды. 2015 жылы атом электр станциясының құрылысы тоқтады. Түрік әуе күштерінің Ресейдің Су-24 ұшағын атып құлатуы, Анкара мен Мәскеу арасына сызат салды.
Кейін тараптар түсінісіп, 2018 жылы орыстар құны 22 млрд долларды құрайтын, Аккую атом электр станциясының іргетасын құюға кірісті. Түріктер орыстардың жұмысын қабылдамай қойды. Орыстар іргетасты қайта құюға мәжбүр болды.
Ресей түріктерді қарық қылмай жатып, өзбектерді "жарылқауға" бет бұрды. "Росатом" ала шапанды ағайынға 11 млрд долларға 2 энергоблоктан тұратын атом электр станциясын салып беретін болды. Құрылысы келесі жылы басталатын жоба қолданысқа 2028 жылы беріледі.
АЭС қажет емес
Саясаттанушы Досым Сатпаев осылай деп отыр. Оның ойынша, елімізде күн мен желдің күшін былай қойғанда, газдың энергиясы тиімді пайдаланылмай отыр.
"Бізде көмірге балама болатын газ ресурсы бар. Ғаламдық жылынуға үлес қоспау үшін көмірден өндірілетін энергияны баламалы қуат көзіне алмастыру керек. Бұл үшін газ электр станцияларын салуға назар аударған дұрыс. Қазақстанға атом электр станциясы қажет емес. Күн мен желден де энергия өндіруге болады", – деді саясаттанушы журналистерге берген сұхбатында.
Досым Сатпаевтің сөзінше, Қазақстан Ресейге кіріптар болмау үшін, оған атом электр станциясын салдырмауға тиіс.
Қанат Махамбет