Ядролық физика институтының бас директоры Саябек Сахиев атом электр станциясының құрылысы бойынша өткен жария тыңдауда Қазақстанда осы салада жұмыс істеуге қажет мамандар бар екенін айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Сахиевтің сөзінше, институт 57 жылдан бері су зерттеу реакторын пайдаланып келеді, бұл жоғары деңгейдегі мамандарды даярлауға мүмкіндік береді.
"Бізде МАГАТЭ мен АҚШ Энергетика министрлігінің қолдауымен құрылған үш оқу орталығы бар. Егер жоба мақұлданатын болса, онда біз атом электр станциясында жұмыс істейтін екі мыңға жуық маман даярлауға әзірміз", - деді Ядролық физика институтының бас директоры.
Айта кету керек, Қазақстанда АЭС салу бойынша жобаларды іске асыру көзделіп отыр. Жақын арада осыған қатысты референдум өтеді.