АЭС-ті бейтарап және дамыған елдер салса екен – депутат

1181

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында атом электр станциясын салу немесе салмау мәселесі жалпыұлттық референдум арқылы шешілетінін айтты.

АЭС-ті бейтарап және дамыған елдер салса екен – депутат

Мәжіліс депутаты Абзал Құспан кулуарда осы мәселеге қатысты пікір білдірген болатын.

"Жолдауда біраз маңызды мәселе көтерілді ғой. Соның ішінде атом электр станциясын салуға қатысты. Ұлттық құрылтай өткізілетін болды, сол кезде азаматтардың пікірі ескерілетін болды. Қазірдің өзінде жеке азаматтарды былай қойғанда, депутаттардың өздерінің пікірі екіге жарылады. Бірі қолдайды, бірі қарсы деген сияқты. Сондықтан да бұл өте маңызды. Бүкіл халық қатысып, өзінің пікірін айтып, елдің шешімімен қабылдануы керек",– деді халық қалаулысы Мәжіліс кулуарында.

Тілшілер депутаттан АЭС құрылысы бойынша референдумда қай мемлекет салу керек деген екінші сұрақ болуы керек пе деп сұрады.

"Иә, бұл өте маңызды. Шыны керек, біздің елімізге қатысты дамыған елдердің, соның ішінде кейін қауіпсіздік мағынасында қандай да бір қауіп тудырмайтын ел салу керек. (...) Оны қазір болжап айту қиын. Бірақ өз басым екінші сұрақ болуы керек деп есептеймін",- деді ол.

Осы тұста атом электр станциясын қай ел салу керек деген заңды сұрақ туындайды.

"Қазір болжап бір нәрсе айту қиындау. Мен тек қана өзімнің депутат ретінде бір ғана ұстанымым бар. Франция сияқты бейтарап және дамыған елдер салса екен деген", – деп қысқа қайырды депутат.

Бұдан бөлек депутат Су ресурстары және ирригация министрлігінің құрылуына қатысты пікір білдірді.

"Бірқатары білетін шығар, адвокаттық қызметімде Ислам Әбішев деген 10 жыл су ресурстары комитетін басқарған азаматты қорғаған болатынмын. Сол кезде су шаруашылығына байланысты көптеген проблемамен бетпе-бет келдім. Ол кісінің айтқан бір сөзі есімде қалған. Ислам Әбішев су ресурстары комитетін басқарып тұрған кезінде Өзбекстанда заңсыз су қоймасы салынып жатыр, заңсыз болатын себебі көрші елдер су қоймасын салған кезде міндетті түрде шекаралас екінші мемлекеттің келісімін алынуы керек деп дабыл қағып, Үкіметке жазады. Сөйтіп айналып келгенде бұл мәселені шешу комитет төрағасы ретінде өзіне келгенін айтқан болатын. Өз алдына министрлік болып құрылуы керек дегенді мен ең алғаш рет су саласының маманы Ислам Әбішевтен осыдан 3-4 жыл бұрын естіген едім",– деді Абзал Құспан.

Бұдан бөлек спикер "Мемлекеттік сатып алу туралы" заңның сапасына кәсіпкерлер де, оны өткізетін мемлекеттік қызметшілер де риза емес екенін баса айтты. 

"Дәл қазіргі күйінде "Мемлекеттік сатып алу туралы" заң – мемлекет экономикасын кері тартатын заң",– деп қорытындылады. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу