Африка сомы ерекше балық, сүйсініп жейді дәм татқан халық

Ақжол Қараспан Ақжол Қараспан
5735

Оңтүстікқазақстандықтар балық бизнесіне бет бұрды.

Африка сомы ерекше балық, сүйсініп жейді дәм татқан халық

Шардара - шартарапқа балығымен аты шыққан өңір. ҚР Балық шаруашылығы ғылыми - зерттеу орталығы ұсынған мәліметтерге көз жүгіртсек,  Шардара су қоймасында балық аулау сонау 1968 жылдан басталған. 1974 жылы балық  өндіру көлемі 400 тоннадан 1652 тоннаға дейін өскен. 1998 жылы балық аулау көрсеткіші 868 тонна болса, 2000 жылы нәтиже күрт кеміп, 129 тоннаға түскен. Ал 2001 жылы  су қоймасындағы 33 түрлі балықтың 19 түрі ғана қалған.  Балық түрлерінің жойылып кетуін мамандар арнайы балық қорғайтын құралдардың болмауымен байланыстырады.

Қазіргі таңда мұнда тек бір ғана балық қорғайтын құрал - Қызылқұм шлюз-реттегіші жұмыс істеп тұр. 1985 жылы пайдалана бастаған  реттегіштің  әбден тозығы жеткен.   

Жалпы, Шардара су қоймасы республикадағы балыққа ең бай су қоймасы саналады. Қойманың тек облыста ғана емес, сонымен қатар республиканың балық шаруашылығында алатын орны ерекше. Жергілікті халықтың айтуы бойынша Шардара су қоймасының балығынан тәтті және майлы балық жоқ.

"Шардара балығына сұраныс көп болады. Өйткені балығы тәтті, етті болып келеді. Өз басым балық сатумен 15 жылдан бері айналысып келемін. Тіпті маманы болып алдым десем артық айтқандығым емес", – дейді Арыс қаласының тұрғыны Бақтияр Темірбекұлы.

Шардара су қоймасынан жыл сайын шамамен 200 тоннаға дейін балық ауланады. Қазір мұндағы балықтың басым бөлігін  Хамит өндірістік кооперативі өңдейді.  Олар нарыққа филе және кептірілген балық шығарады.

"2005 жылы Шардара су қоймасын қорғау мақсатында байқау жарияланған болатын. Сол кезде Сырдарияның оңтүстік бөлігі бірнеше жеке кәсіпкерлердің қолына тиді. Солардың бірі – біздің кәсіпорын. Өніміміз сапалы болғандықтан, сұраныс та жоғары. Жылына 3 мың тоннаға дейін балық өңдейміз. Жалпы өнімнің 70 % - ын шетелге, ал, 30 %-ын ішкі нарыққа саудалаймыз. Балықты Ресей, Германия және Израиль елдеріне  экспорттаймыз, – дейді Хамит  өндірістік кооперативінің басшысы Бақытжан Серманиязов.

Мұнда  балықтың 10 түрі әзірленеді. Аталмыш кәсіпорын базасында  филе, кептірілген, тұздалған балықты өңдеу және дайындау, қалдықсыз өнім өндіру мақсатында балық сүйегінен ұнтақталған жем дайындау цехтары жұмыс істейді.   

Ал жылына 1 мың тонна мұздатылған және ысталған балық, филе өнімдерін шығаратын "Шардара – Балық-1" балық өңдеу зауытында 70 адам еңбек етеді. Балықты тереңдетіп өңдейтін Шардара балық зауыты Еуроодаққа кіретін елдердің нарығына шығуға арнайы рұқсат алған отандық 10 кәсіпорынның бірі. Осының арқасында зауыттың дайын өнімі Ресей, Беларус елдерімен қатар Балтық жағалауындағы Латвия, Литва елдеріне сонымен қатар Германия, Франция мемлекеттеріне шығарылады.  

Соңғы үлгідегі қондырғылармен жабдықталған цехта  жылына 3 мың тоннаға дейін өнім өндіріледі. Айта кетерлігі, шикізат қалдықсыз өңделеді. Ал кәсіпорынға қажетті шикізат негізінен жергілікті су қоймаларымен қатар көрші облыстардан, тіпті Ресейден тасымалданады. Мұндағылар негізінен көксерке мен алабұғаның таза етін экспорттайды.

Балық шаруашылығын дамытуда тәлімбақтың атқарар рөлі зор. Былтыр  біраз жылдан бері тоқтап тұрған балық өсіру тәлімбағы қайта іске қосылды.  Биыл сәуір айынан бастап "Шардара балық питомнигі" ЖШС- де шабақтар жіберіле бастады. Бүгінде жалпы аумағы 68,2 гектарды құрайтын тоған іске қосылып, 15,7 млн дана балықтың  балаңқұрттары (личинка) өсірілуде. 

Жалпы облыста бүгінде 3 балық өңдеу зауыты мен 28 балық шаруа қожалығы бар. Бұл кәсіпорындарда жылына 6 мың тонна балық өңделеді.

Өткен жылы үдемелі индустриалды-инновациялық даму бағдарламасы шеңберінде  Шардара ауданында  тағы бір зауыт іске қосылған болатын.  Аталмыш  кәсіпорында қазіргі таңда 40 адам жұмыспен қамтылған. Жергілікті қазынаға жылына 4 млн теңге салық төлейді. Балық шаруашылығын дамытуда Түлкібас ауданы да қалысар емес. 2012 жылы өңірлік индустриялды карта шеңберінде  іске қосылған  "Ақсанат Инжиниринг" ЖШС  бекіре тұқымдас балық өсіруді кәсіп етіп келеді.  Жобаның жалпы құны  452 млн теңге. Кәсіпорын жылына  40 тонна балық еті мен 30 келі қара  уылдырық өндіреді.

Бұдан бөлек түлкібастық шаруалар аптап ыстықта өмір сүретін Африка сомын өсіруді де қолға алып отыр.

Бір қызығы, етті балық бұлақ суында өсірілуде. Жылу жүйесі орнатылған арнайы бассейндерді  мекен етіп жатқан  жыртқыш  балық Ресейден әкелінген. Бүгінде шаруашылықта аталған балық түрінің 100 мыңға жуық шабағы  бар. Балықтар арнайы жеммен қоректенеді. 

"Бассейндегі  судың температурасы  бірқалыпты болуы қажет. Егер талаптың  барлығы дұрыс сақталса,  жетіліп өскен бір балықтың өзі 120 келіге дейін ет береді.  Жерсінбей өсіп келе жатқан Африка сом балығына  Төле би ауданы мен Түркістан, Шымкент қаласының тұрғындары сұраныс білдіріп, сатып алды.  Шаруашылықтың негізгі мақсаты -  шабақтарды қолдан көбейтіп, облыс халқын  ерекше балық етімен қамтамасыз ету", – дейді жеке кәсіпкер Әуес Оңғарбай.  

Ақжол Қараспан

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу