Ағайынды Рысқалиевтерді Қазақстанға қайтару шарасы атқарылып жатыр

1854

Бергей Рысқалиев 17 жылға, Аманжан Рысқалиев 16 жылға сырттай бас бостандығынан айырылған.

Ағайынды Рысқалиевтерді Қазақстанға қайтару шарасы атқарылып жатыр

"Ағайынды Рысқалиевтер сыбайласқан қылмыстық топ құрғаны және оны басқарғаны, мемлекет мүлкін талан-таражға салғаны, лауазымын асыра пайдаланғаны, пара алғаны және қылмыстық жолмен тапқан мүлікті жекеменшігіне өткізгені үшін сотталды. Оларға қатысты 2012 жылы қозғалған қылмыстық іс 71 эпизодтан тұрды. 2019 жылы 25 қаңтарда Атырау облысының мамандандырылған ауданаралық қылмыстық істер жөніндегі соты Бергей Рысқалиевті 17 жылға, Аманжан Рысқалиевті 16 жылға бас бостандығынан айырды", – деді сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросының басшысы Қайрат Сұнтаев.

Ұлттық бюро басшысының баяндауынша, сот ағайындылардың және олардың жақын туыстарының отандық және шетелдік банк шоттарындағы  ақшаларын тәркілеу туралы шешім шығарған.

"Сотталғандардың Андорадағы 14 млн, Швейцариядағы 90 млн доллары бұғатталды. Көрсетілген қаражатты қайтару үшін жоғарыдағы мемлекеттердің құзырлы органдарымен келіссөз жүріп жатыр. Рысқалиевтардың Атырау, Ақтөбе облыстарындағы құны 3 млрд теңгені құрайтын 170 нысаны мен 12 млрд теңгесі мемлекет меншігіне қайтарылады. Сотқа дейінгі тергеу кезінде мемлекет қазынасы 3 млрд теңгемен толықты. Қазір сотталғандарды Қазақстанға қайтару шарасы атқарылып жатыр", – деді Қайрат Сұнтаев.

Қазақстан билігі ағайынды Бергей мен Аманжан Рысқалиевтерді 2013 жылдың 31 желтоқсанынан бері іздеп келеді. Оларға халықаралық іздеу жарияланған. 

Осыдан біраз бұрын әлеуметтік желілер арқылы Атырау облысының экс-әкімі Бергей Рысқалиевтің Лондонда жүрген видеобейнесі тарады. Әуесқой түсірілім ел арасында қызу талқыланды.

Қанат Махамбет

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу