Astana Qazaqstan Development командасының намысын қорғаған Николя мен Александр Винокуровтар әлемдік деңгейдегі "Оман туры - 2022" веложарысының бірінші кезеңін жүріп өтті. Жарыста қазақстандық жас велошабандоздармен қатар әлемдік велоспорттың алпауыттары - Марк Кевиндиш, Фауста Маснада, Руи Кошта және тағы басқалары болды. Ағайынды велоспортшылар спорттық мансабындағы алғашқы кәсіпқой жарыста өздерін лайықты көрсетті.
"Оман турының" алғашқы кезеңін Николя 32-болып аяқтаса, кіші Александр 51-нәтиже көрсетті. Жарыста атақты шабандоз Марк Кэвендишті басып озған 27 жасар колумбиялық Фернандо Гавирия 1-кезең жеңімпазы атанды.
Айта кетейік, Astana Qazaqstan Team 23 жасқа дейінгі велошабандоздар үшін жаңа құрлықтық UCI командасын құрды. Жоба Astana Qazaqstan Development Team атауына ие болды және әлемдік турда жас таланттарды дайындауға бағытталған. Команданың 2022 жылғы жаңа маусымдағы басты мақсаттары – Еуропадағы ең беделді жастар жарыстарында, сондай-ақ бірқатар кәсіби деңгейдегі велододаларда өнер көрсету.
Команданың негізгі құрамында он бір шабандоз бар. Олардың бесеуі Қазақстан, тағы бесеуі Италия, Эквадор, Колумбия, Франция және Латвия өкілдері. Ағайынды Винокуровтармен қатар биылғы маусымда команда сапында Өркен Сламжанов, Даниил Пронский, Андрей Ремхе, Харольд Мартин Лопес, Хуан Карлос Лопес, Джанмарко Гарофоли, Пабло Санчес, Матис Калвершс, Давиде Тонеаттилер әлемдік жарыстарда ел намысын қорғайды.
Ермұхамед Мәулен