Ағаш өндеу өндірісіндегі ахуал қандай?

2496

Осы жылдың қаңтар-қыркүйегінде саладағы өндіріс көлемі 22,2 млрд теңгені құрады.

Ағаш өндеу өндірісіндегі ахуал қандай?

Индустрия және инфрақұрлымдық даму министрлігінің бізге берген ақпаратына сүйенсек, елімізде ағаш өңдеу өнеркәсібінің өндірісі жыл сайын ұлғайып келеді. Мәселен, былтыр саланың өнім өндіру көлемі 2020 жылғы деңгейге (26,3 млрд теңге) қарағанда 12,9 пайызға өсіп 29,7 млрд теңгені құраған. Ал осы жылғы қаңтар-қыркүйекте өндіріс көлемі 22,2 млрд теңгеге тең болды. Бұл номиналды мәнде бір жыл бұрынғы көрсеткіштен 4,1 пайызғаға жоғары. Есепті кезеңде саланың нақты көлем индексі 95 пайызды құрап, теріс динамиканы көрсетті.

Ағаш өңдеу өнімдерін ішкі нарықта тұтыну көлемі осы жылдың қаңтар-қыркүйегінде 372 млн АҚШ долларын құрады. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңіндегі көрсеткіштен 4,3 пайызға төмен. Сонымен қатар 2022 жылғы қаңтар-қыркүйекте елдің ішкі нарығында отандық тауар өндірушілер өнімінің үлесі 10 пайызын құрады. Бұл ретте импорттық өнімнің жалпы тұтыну көлеміндегі үлес салмағы 90 пайызға тең.

Ағаш өңдеу өнеркәсібінің негізгі капиталына салынған инвестициялар көлемі 2021 жылы 746,3 млн теңгені құрады. Ал осы жылғы қаңтар-қыркүйектегі көрсеткіш бір жыл бұрынғы кезеңмен салыстырғанда 3 есе ұлғайып, 1,064 млн теңгеге жеткен.

Аталған сала Алматы қаласында (90 кәсіпорын), Шығыс Қазақстан облысында (44 кәсіпорын) және Астанада (37 кәсіпорын) жақсы дамыған. Бұл орман қорының кең көлемінің болуымен және ресурстардың қолжетімділігімен, сондай-ақ ауқымды ішкі нарықтың болуымен байланысты. Бүгінгі таңда кәсіпорындар жаңа тауарлар өндірісін игерді. Нарықта ОСБИ тақталары, ламинатталған панельдер, фанера пайда болды.

Ағаш өңдеу өнеркәсібі өнімдерінің экспорты 2021 жылы ақшалай мәнде 7,6 млн АҚШ долларын, ал заттай мәнде 40,4 мың тоннаны құраған екен. Осы жылғы қаңтар-тамызда көрсеткіш 2021 жылғы тиісті кезеңмен салыстырғанда ақшалай мәнде 90 пайызға ұлғайып, 12,8 млн АҚШ долларын, ал заттай көрсеткіш 2,7 есе төмендеп, 16,9 мың тоннаны құраған.

Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Литва және Польша қазақстандық өнімнің негізгі тұтынушылары болып саналады.

"Ағаш материалдарының жекелеген түрлерін әкетуді реттеудің кейбір мәселелері туралы" Индустрия және инфрақұрлымдық даму министрінің 2022 жылғы 7 маусымдағы бұйрығымен 2022 жылғы 8 маусымнан бастап "Сіңірілген теміржол немесе трамвай жолдарына арналған қылқан жапырақты тұқымдардан жасалған ағаш шпалдар" қодын қоспағанда, Қазақстан аумағынан ағаш материалдарының жекелеген түрлерін алты ай мерзімге әкетуге тыйым салынды. Осы бұйрық отандық тауар өндірушілерді қолжетімді шикізатпен қамтамасыз ету, Қазақстан аумағы арқылы транзиттік жүк тасымалдарын ұлғайту және Еуразиялық экономикалық одақ туралы шарт шеңберінде халықаралық міндеттемелерге сәйкес ресейлік ағаш материалдарының Қазақстан аумағынан кері экспортына жол бермеу мақсатында қабылданды", – деп нақтылады Индустрия және инфрақұрлымдық даму министрлігі.

Ағаш өңдеу өнеркәсібін ынталандыру үшін тиісті шаралар қолға алынған. Атап айтқанда, өнеркәсіптік-инновациялық жобаларды бірге қаржыландыруды қоса алғанда, қаржыландыру, лизингтік қаржыландыру; қаржы институттары арқылы кредит беру; инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылыммен қамтамасыз ету; өңдеуші өнеркәсіптің отандық тауарлары мен көрсетілетін қызметтерінің экспортын дамыту және ілгерілету, оларды іске асыруға жәрдемдесу; еңбек өнімділігін арттыруды ынталандыру; өнеркәсіптік гранттар беру секілді мемлекеттік ынталандыру шаралары қарастырылған.

Салада 368 кәсіпорын жұмыс істейді. Олардың негізгі үлесі (99 пайызы) шағын кәсіпорындарға (366) және орта кәсіпорындарға (2) тиесілі. Өңдеу өнеркәсібіндегі ағаш өңдеу өнеркәсібінің үлесі шамамен 0,1 пайызға тең.

Ағаш өңдеу өнеркәсібі өнімдерін өндіру құрылымында ағаш шикізатын бастапқы өңдейтін өнімдердің үлесі басым. Меншікті шикізатпен қамтамасыз ету 15 пайыздан аспайды. Қолжетімді ұлттық ағаш қоры шектеулі. Осыған байланысты қажетті шикізат көлемінің негізгі бөлігі Ресей Федерациясынан әкелінеді. Импортталатын негізгі тауар позициялары – өңделмеген және өңделген қылқан жапырақты ағаш және аралау немесе бөлу арқылы алынған ағаш материалдары.

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі Құрылыс индустриясы және ағаш өңдеу өнеркәсібі басқармасының басшысы Мұхамед Андаковтың айтуынша, Қазақстан орман алқабы аз елдердің қатарында. Қазіргі уақытта орман қорының ауданы 30,4 млн гектарды құрайды, оның 13,3 млн гектары орманмен қамтылған. Ормандылық көрсеткіші 4,9 пайызды құрайды. Негізгі ағаш қоры Шығыс Қазақстан және Солтүстік Қазақстан облыстарына тиесілі.

Ғалия Әділ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу