"Аграршыларға – 1 триллион теңге": Мемлекет қолдаудың жаңа кезеңін бастады

Ауыл шаруашылығы бүгінде Қазақстан экономикасының тірек салаларының біріне айналып келеді. 

"Аграршыларға – 1 триллион теңге": Мемлекет қолдаудың жаңа кезеңін бастады Фото: Валерий Бугаев

Өйткені, өндіріс көлемін ұлғайтуға, азық-түлік қауіпсіздігін нығайтуға және фермерлердің жұмысын жеңілдетуге бағытталған мемлекеттік қолдау тетіктері жыл сайын жаңаруда, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Ауыл шаруашылығы министрлігінің дерегіне сүйенсек, биыл аграршылар үшін бұрын-соңды болмаған көлемде, шамамен 1 трлн теңге жеңілдетілген қаржы қарастырылған. Бұған қоса, келесі жылғы көктемгі егіс науқанына қаржы бөлуге өтінім қабылдау 1 қазаннан басталып, шаруалардың жаңа маусымға алдын ала қамдануына мүмкіндік жасалды. Министр Айдарбек Сапаров қолдау тетіктерінің тиімділігі бөлінген қаржының көлемімен емес, оның ауыл шаруашылығына беретін нақты нәтижесімен өлшенетінін атап өтті.

– Президенттің тапсырмасы бойынша аграрлық сектордың тиімділігін арттыруға бағытталған жүйелі жұмыс жүргізілуде. Мемлекет фермерлердің өнімділікті арттыруына, озық технологияларды енгізуіне барлық қажетті жағдайды жасап отыр. Саланың дамуы тек мемлекеттік қолдауға ғана емес, тәртіп пен нәтижеге жұмыс істеуге байланысты, – деді министр.

Министрдің сөзінше, мемлекеттік қолдау бүгінгі күні жеңілдетілген несиемен ғана шектелмейді. Қаржыға қолжетімділікті арттырумен қатар, өндірісті жаңғыртуға да басымдық берілген. Осыған байланысты биыл көктемдегі егін мен ору жұмыстарына арналған жеңілдетілген несиелеу сақталды. Сонымен бірге ауыл шаруашылығы техникасын лизинг арқылы алу және қайта өңдеу кәсіпорындарын қаржыландыру жалғасын тапты. Алдағы уақытта шаруашылықтардың айналым қаражатын толықтыруға арналған жаңа қаржы құралдарын кеңейту көзделіп отыр.

– Алдымызда ауқымды міндеттер тұр. 2026 жылы ауыл шаруашылығы өндірісінің 5 пайыздық өсімін қамтамасыз етуді жоспарлап отырмыз. Сонымен қатар, азық-түлік өндірісінің 6 пайыздық өсімі қамтамасыз етіледі. Бұл ішкі нарықты қамтамасыз етуге және экспорттық әлеуетті кеңейтуге қосымша мүмкіндік береді, – деді Айдарбек Сапаров.

Жаза кеткен жөн, бағдарламалар қаржыландырумен ғана шектелмейді. Сонымен бірге инвестициялық субсидиялау, ауыл шаруашылығы техникасын жаңарту, қайта өңдеу кәсіпорындарын дамыту және цифрлық сервистерді енгізу бағытындағы жұмыстар да жүйелі жалғасып келеді.

Министрлік биыл агроөнеркәсіп кешенін қолдаудың 20 бағытын толық цифрлық форматқа көшірді. Бұдан бөлек, фермерлерге кеңес беретін жасанды интеллект негізіндегі сервистерді іске қосу жоспарланып отыр.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу