Аграршыны алдаған жылпос шенді ме, "жыртық" бюджет пе?

3718

АШМ алда биылғы бюджеттің қайта қаралуын күтпек.

Аграршыны алдаған жылпос шенді ме, "жыртық" бюджет пе?

Inbusiness.kz таяуда "ҚазАгроҚаржы" АҚ-ы арқылы "КамАЗ" және "МАЗ" маркалы шаруашылыққа қажетті көліктерді лизингке алған батысқазақстандық бірнеше шаруа қожалығының банкрот алдында тұрғанын мәселе етіп көтерген болатын.

Жоқ нәрсені неге жарнамалайды?

Өзге өңірдің фермерлері де осындай жағдайға тап болған. Мысалы, Алматы облысының Панфилов ауданындағы шаруа қожалығының жетекшісі Ерлан Рақымбаев "ҚазАгроҚаржы" АҚ-ның айтқанына сеніп, лизингке комбайн мен дестелегіш сатып алғанын айтады. Бұл техника отандық кәсіпорыннан, пайызды субсидиялау шартымен, жылдық 17% ставкамен алынады. Алайда субсидия сол бойы берілмеген. Ал мұндай жоғары мөлшерлемемен алған техниканың ақырғы құны екі есе қымбат болмақ. Бір комбайн үшін екі комбайнның құнын төлеткізетін лизинг фермерлерді дәрменсіз жағдайға жеткізуі мүмкін.

"Осының салдарынан қазір бізге пайыздық сыйақыларды толық ставкасымен төлеуге тура келіп отыр. Бұл шаруа қожалығының қаржылық ахуалына теріс ықпал етіп, көктемгі егіс жұмыстарынан бастап жұмыс жоспары бұзылды. "ҚазАгроҚаржы" Алматы облысының ауыл шаруашылығы басқармасына сілтейді. Басқарма қаражаттың жоқтығын алға тартады. Осы лизингтің бюджеттен субсидияланатынын соншама жарнамалап дәріптеді. Енді жауап беретін тұлға таппай қалдық. Президент те, Үкімет те барлық алаңда аграршыларды, шағын және орта бизнесті қолдап жатқанын айтып жүр емес пе", – деп қапаланады фермер.

Шенеуніктер мен квазимемлекеттік сектордағылардың уәдесіне сеніп, қиындыққа тап болған отандық ауыл шаруашылығы өндірушілерінің кейбірі техникадан бас тартуға, ал бірқатары ары қарай төлеуге дайын. Тек Үкіметтен қымбат сыйақыны ақылға қонымды деңгейге дейін арзандатуды және артық төленген қаражаттарын қайтаруды сұрайды.

Е.Рақымбаев бұрынғы министр Сапархан Омаров кетерінің алдында "жақсы хабардан үміттендіріп" жауап бергенін еске салады. Бірақ мәселе сол бойы шешілетін емес, барған сайын күрделене түсуде.

Жаңа министр не дейді?

Министрдің ауысуы аграршыларды тығырық пен тұйықтан алып шығуға түрткі болмайтынға ұқсайды. Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев өз блогы арқылы "ҚазАгроҚаржыға" сеніп, алданып қалған ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерге жауап қатты.

Оның айтуынша, расында, ел Үкіметі 2014 жылдан бері ауылдағы өндірушілерді мемлекеттік қолдау шарасын жүзеге асырып, ұлттық қаржы институттары берген кредиттердің сыйақы ставкасын субсидиялап арзандатты. Бұл ретте демеуқаржы фермер алатын кез келген техникаға ұсынылған жоқ. Нақты тізім бойынша ауыл шаруашылығы техникаларын лизингке не несиеге алса ғана сыйақы ставкасын 10%-ға дейін төмендеткен. Ал айналымдық қаражаттарын толықтырса, 7%-ға дейін арзандатқан.

"Бастапқыда 2021 жылға бекітілген бюджетке сәйкес, биыл аталған бағдарламаға республикалық бюджеттен 23,6 млрд теңге қарастырылды. Соның ішінде Алматы облысына 1,9 млрд теңге бөлінген. Бұл бағдарламаға бұрын қосылған келісімшарттар бойынша мемлекет өз мойнына алған міндеттемелерді өтеу үшін 21,8 млрд теңге қажет еді. Биылғы жылғы бюджетті нақтылау аясында бұрынғы жылдардағы өтініштер үшін осы 21,8 млрд қаражат Ұлттық қордан берілді. Оның 2,2 миллиарды Алматы облысына берілген. Сонымен бірге, бюджет мүмкіндігінің шектеулі болуына байланысты жаңа өтінімдерді қабылдауға қосымша қаржы бөлуді Республикалық бюджеттік комиссия қолдамай тастады", – деді АШМ басшысы.

Салдарынан, "ала қойды бөле қырыққан" жағдай орын алды, әлгі миллиардтар фермерлердің бәріне бірдей жетпей қалды.

"Сол себепті бос бюджет қаражаттарының болмауынан жаңа өтініштерді қабылдау тоқтатылды. Әйткенмен, агроөнеркәсіп кешені субъектілеріне мемлекеттік қолдау көрсету мақсатында 2021 жылғы республикалық бюджет алда екінші рет қайтадан нақтыланған кезде мәселеге қайта ораламыз. Біздің министрлік Қаржы министрлігіне сыйақы ставкасын субсидиялауға қосымша қаржы бөлу туралы ұсыныс жасайтын болады", – деді Ербол Қарашөкеев.

Бюрократия фермер төзімін сынауда

Жалпы қазіргі кезде шенділердің сөзіне еріп, шектен тыс қымбат лизингке ұрынған фермерлердің жалпы міндеттемесі 11,1 млрд теңгеге жеткен. Оның ішінде Алматы облысында ауыл шаруашылығы өндірушілері жарты млрд теңгеге техника алып қойыпты.

Тіпті келер жылдан бастап субсидия төлеу қайта жалғасса, фермерлердің бұған дейінгі миллиондаған шығынын ешкім өтемеуі мүмкін.

Оның орнына Ауыл шаруашылығы министрлігі тиісті ережелерге түзетулер жобасын әзірлеуде: құжат бюджеттен қолдаудың осы тетігі қайта енгізілген жағдайда субсидияны кредит не лизингті алған күннен бастап төлеуді қарастырады.

Сонда "ҚазАгроҚаржыдағы" қулар аты ғана қазақстандық, заты импорттық техниканы құрастырушы зауыттардың өнімін ұсынып, "қазір ала беріңіз, қаржы түскенде жинақталған мол субсидияңызды ала қоясыз" деп алдаусырата алмайды.

Сонымен қатар АШМ қазіргі кезде ережелерге "күту парағын" енгізу жұмыстарын жүргізіп жатыр. Оған сәйкес, бюджетте бос қаражаттың жоқтығына қарамастан, өтінімдерді қабылдау мен қараудың электронды кезегі пайда болуға тиіс.

Министрлік ережелердің жаңа жобасы ведомство жанындағы Қоғамдық кеңес, салалық қауымдастықтар, одақтардың, "Атамекен" ұлттық палатасының және мүдделі меморгандардың келісімінен өтіп жатқанын хабарлады. Осы тараптардан түсетін сын-ескертпелер мен ұсыныстар негізінде жоба қайта пысықталады. Мысалы, меморгандар жолдаған ескертпелер енгізіліп, жоба екінші рет олардың келісімінен өтуге жіберіліпті. Оның үстіне құжат жемқорлыққа қарсы сараптаманың оң қорытындысын алуы шарт.

Кезең-кезеңмен жүргізілетін бұл рәсімдердің қаншаға ұзайтыны белгісіз.

Жанат Ардақ


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз ! 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу