Агроғалымдар африкалық тарыны жерсіндірді

Енді ауыспалы егістікте өнімді әрі тұзды жерге төзімді дақыл өсірілетін болады. 

Агроғалымдар африкалық тарыны жерсіндірді

Сыр салысымен аты шыққан Қызылорда облысының жері тұзды, экологиялық ахуалы төмен екені белгілі. Мәселен, күріш егістігінде тұзданған топырақтарға қарсы түрлі амалдар жасап жатқанымен, жердің сортаңдану қаупі белең алып барады. Бұған себеп, суды мол қажет ететін күріш алқабы жыл сайын жерді тұздандыру қаупін еселеп жатқандығында. Жергілікті ғалымдар мен мамандар мол күріш алу үшін түрлі химиялық қоспаларға уланған жерді жаңа дақыл арқылы тыңайту шараларын жасамақшы.

Биыл Ы.Жақаев атындағы Қазақ күріш ғылыми зерттеу институтының ғалымдары жергілікті жерге мүлде беймәлім жаңа сортты жерсіндіре білді.

Осыдан алты жыл бұрын африкалық тарыны қатаң климатқа бейімдеу мақсатында экологиялық сортқа сынау жүргізілу басталған еді. Бірнеше жылдан бері жүргізілген сынама нәтижесінде қатал табиғатқа бейім сорт іріктелді. Бұл мал азығы ретінде құнарлы, жоғары өнімді, тұзға төзімді дақылға айналды.

Әдетте, диқандар төрт-бес жыл қатарынан егілген күріш атыздарын жоңышқа немесе бидай дақылдарымен, бақша жемістерімен ауыстыратын. Өйткені бір дақылды жыл сайын себе берсе, өнімі төмендеп, коррозияға ұшырайтыны тәжірибеде белгілі. Сондықтан жоғары өнімге қол жеткізу үшін ауыспалы егістікте жоғарыда айтылған дақылдар егілетін. Енді ауыспалы егістікте жаңа дақыл қолданылатын болады. Бұл мал азығына таптырмас керемет мүмкіндік болмақшы. Себебі африкалық тарының дәндерінен жарма және ұн өндірілсе, дән қалдықтарынан жем, жасыл массасынан малға көк азық және сүрлем шөп алынады. Бұл дақыл қуаңшылыққа бой бермейді және басқа дәнді дақылдарға қарағанда аурулар мен зиянкестерден аз зардап шегеді.

Бір маусымда жоңышқа секілді 2-3 рет орып алуға болады. Тәжірибе көрсеткендей екі орымда гектарынан 42,4-50,5 тоннаға дейін көк балауса өнім берген. Ауылшаруашылық саласына таптырмас жаңа дақылды шаруалар жаппай қолдануды мақсат етіп отыр.

Нұрбек Дәуренбеков

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу